Аталған алаңда Бейбіт Атамқұловтан өзге Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Чингиз Айдарбеков, Тәжікстанның Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин, Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов, Жапония Сыртқы істер министрі Таро Коно, Түрікменстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Вепа Гаджиев бас қосты.
Алғашқы отырысы Нұр-Сұлтан қаласында 2004 жылы өткен «Орталық Азия + Жапония» диалогы биыл 15 жылдығын атап өтті. Бұл форматта диалог халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылау, сондай-ақ Жапонияның қатысуымен аймақаралық ынтымақтастықты нығайту жолдарын ұсынады.
Қатысушылар «сағатты теңестіруге» және диалогты дамыту үшін нақты міндеттерді белгілеуге уақыт келді деген ортақ ой білдірді. Орталық Азия елдерінің экономикаларын одан әрі жаңғырту мен әртараптандыруда қолданылуы мүмкін Жапонияның экономикалық және технологиялық әлеуеті айтарлықтай қызығушылық тудырады.
Қазақстан Сыртқы саясат ведомствосының басшысы Б.Атамқұлов біздің еліміз Жапонияның Орталық Азия аймағына деген қызығушылығын, сондай-ақ жапон үкіметінің екіжақты түрде және ОАЖД аясында ынтымақтастықтың практикалық жолдарын табуға күш-жігерін жоғары бағалайтынын атап өтті. Қазақстан бұрынғыдай өзара тиімді экономикалық ынтымақтастық үшін жағдай жасауға және сенімді нығайту үшін күш-жігер жұмсауға дайын екендігін көлденең тартты.
«Орталық Азия – стратегиялық орналасуы ұтымды аймақ, сондай-ақ адами және жоғары экономикалық әлеуеті, табиғи және өндірістік ресурстары бар әлемнің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірінен саналады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аймақ елдерімен бауырластық және тату көршілік қатынастарды нығайтуға ерекше назар аударады», деді Б.Атамқұлов.
Душанбедегі биылғы кездесу үш сессиядан тұрды, оның барысында сауда-саттық, көлік, инвестиция, туризм және аймақтық қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Оның ішінде аймақтың транзиттік-көліктік әлеуетін тиімді пайдалануға ерекше назар аударылды, ол –теңізге шығу мүмкіндігі жоқ Орталық Азия мемлекеттері үшін аса маңызды мәселе.
Сессияда туризмді дамыту мәселелері бойынша Орталық Азия елдері соңғы жылдары шетелдік туристердің қызығушылығын тудырғаны, бұл аймақтың жоғары әлеуетін көрсететіні атап өтілді. Қазақстан тарапы қатысушыларды біздің еліміздегі туризмді дамыту бағытындағы іс-шаралармен кеңінен таныстырып өтті. Тұрақты және орнықты туризм секторын құруда Жапонияның озық тәжірибелерін енгізу Орталық Азия елдері үшін кең мүмкіндіктер ашады.
Аймақтық қауіпсіздік мәселелері жеке блок аясында қарастырылып, оған Ауғанстанның Сыртқы істер министрі Салахуддин Раббани қонақ ретінде шақырылды. Қатысушылар терроризмге қарсы іс-қимыл, азық-түлік және экологиялық қауіпсіздік мәселелерін талқылады. Кездесуге қатысушылар Қазақстанның «Жусан» операциясы, сондай-ақ халықаралық қоғамдастықтың Ауғанстандағы қауіпсіздік және ахуалды тұрақтандыруға қосқан үлесі туралы жұмысымен мұқият танысып шықты. Азық-түлік қауіпсіздігі бойынша Қазақстан Орталық Азия елдерін Нұр-Сұлтанда штаб-пәтері орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы қызметіне қатысуға шақырды.
Іс-шара қорытындысы бойынша Орталық Азия елдері мен Жапония арасындағы әріптестікті тереңдетуге бағытталған Бірлескен мәлімдеме қабылданып, өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі ілгерілете беру керектігі атап көрсетілді.
Орталық Азия елдерінің өкілдері Жапонияға экономикалық инфрақұрылымдарды жетілдіру, денсаулық сақтау, табиғи апаттардың алдын алу, аймақтық даму, терроризм және есірткіге қарсы күрес сияқты салаларда қаржылық және техникалық көмек көрсетіп келе жатқаны үшін алғыс білдірді.
«Орталық Азия + Жапония» диалогы Жапонияның бастамасы бойынша құрылған болатын.