• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
09 Мамыр, 2013

«Аттың басын Берлиннен бір-ақ тарттық немесе жауынгер жертөлесінде жазылған жырлар

386 рет
көрсетілді

«Аттың басын Берлиннен бір-ақ тарттық немесе жауынгер жертөлесінде жазылған жырлар

Бейсенбі, 9 мамыр 2013 2:09

Жазу үстелімде жауынгер мұрасы жатыр. Көбісі өлеңдер. Бірақ «өлең» деген қасиетті атқа жауап бере ала ма, жоқ па, ол жағына таласа алмаймын. Сонда да бірнеше қайтара оқып шықтым. Өйткені, қазақтың қара өлеңінің ғажайып ұйқастарына ұйып өскен жандар үшін қарабайырлау көрінгенімен, жауынгер жүрегін жарып шыққан жырларда сұрапыл соғыстың бір ащы шындығы менмұндалайтын сияқты.

Бейсенбі, 9 мамыр 2013 2:09

Жазу үстелімде жауынгер мұрасы жатыр. Көбісі өлеңдер. Бірақ «өлең» деген қасиетті атқа жауап бере ала ма, жоқ па, ол жағына таласа алмаймын. Сонда да бірнеше қайтара оқып шықтым. Өйткені, қазақтың қара өлеңінің ғажайып ұйқастарына ұйып өскен жандар үшін қарабайырлау көрінгенімен, жауынгер жүрегін жарып шыққан жырларда сұрапыл соғыстың бір ащы шындығы менмұндалайтын сияқты. Оның үстіне арада 70 жылға жуық уақыт өтсе де әлі еш жерде жарияланбапты. Алатаудың ақиығы Кенен мен Жетісудің жезтаңдай жырауы Есдәулеттің қасына еріп жүрсе де, соғысқа дейін де, соғыстан кейін де облыстық мәдениет бөлімі мен театрды басқарып, мектепте директорлық қызметтер атқарса да майдан жырларын жариялатуға құлшынбапты. Ал «Қызыл Жұлдыз» ордені мен бірнеше медальді өңіріне қадаған аға лейтенанттың өзі болса бүгінде арамызда жоқ.

Дегенмен, өзі кеткенімен, артында өлеңдері, жырлары, термелері қалған марқұмның мұрасын Жеңістің 68 жылдығына орай ебін тауып неге «сөйлетпеске» деп ойладым да, қиын іске тәуекел еттім. Сонымен, жертөледе жазылған…

Бірінші жыр:

«АНТ БЕРДІК ЖАУДЫ ЖАЙПАУҒА…»

482-ші артиллерия полкі қыспаққа тап болды. Жау танктерін атқылай жүріп, Чир өзеніне қарай шегінуге тура келді. Арамшөптей қаптаған жау танктері андыздап әр тұстан шыға келеді. Солдаттардың қатары сиреген. Полк бойынша небары алты зеңбірек қана қалды. Әйтсе де лейтенант Айнақұл Боранбаевтың батареясындағы Тәжімет Әлмұхамедов, Қиялбай Мақсұтов және Жекей Саршаевтың зеңбіректері қарақұрттай қаптаған танктерге оқ жаудыруда.

Тәжіметтің зеңбірек расчетында оққа ұшпаған екі-ақ жауынгер жүр. Өзімен үшеу. Сондықтан қаза болған қаруластарының орнына Тәжіметтің өзі көздеуші, өзі атушы болуына тура келді.

– Оңтүстік батыстан жау танктері көрінді. Атуға дайындалыңдар!

Командир даусы саңқ ете қалды. Бірінші болып Тәжіметтің зеңбірегі үн қатты. Ой-шұңқырлардан орағыта өтіп, уақ малды бастаған серкедей жалмаңдап келе жатқан алдыңғы танкке термидті снаряд тура барып тиді. Көз қарықтырар от жарқ ете түсті. Шыр айналған жау танкісі отқа оранып, лапылдап жана бас­тады…

Шалқыған дәурен аяқтап,

Кезек берді қорлыққа.

Батыстан жау тиген соң,

Шыдамадық зорлыққа.

 

Қатардан қалмай бел байлап,

Түстік біз әскер қалыпқа,

Көп жастардың бірі боп,

Аттандым мен де алысқа.

 

– Оқы,– деді военком, –

Командир, танкі айдауға.

Бірақ көнбей қаладым,

Барлаушы болып баруға.

 

Оқып, ойнап, атқылап,

Үйрендік, жандық, майданда.

Жаудың сыртын аралап,

Ант бердік жауды жайпауға.

Тәжімет бұл өлеңінің бас жағына «Соғыстан терме» деп жазыпты. Сөзіне де, ұйқасына да тиіскен жоқпын. Өзгертсем, өңдесем, тотыдай түрленейін деп-ақ тұр. Бірақ жауынгер жертөлесінде қарапайым солдаттың жүрегінен туған өлеңнің шынайылығын жоғалтып алатын болғандықтан жұртқа қаз-қалпында ұсынуды жөн көрдім.

 

Екінші жыр:

«БЕСІМДЕ «СОРЛЫ ЖЕТІМ» МЕН АТАНДЫМ»

«Құдайбергеннен Таңат, Медет, Қоғанбай, Шүрегей, Байхан… Қоғанбайдан  Жапалақ, одан Дүйсембі халпе. Дүйсембі халпеден молда Үмбет. Ол да халпе болған. Үмбет халпе күллі қазақ даласын аралап, уағыз айтқан. Інісі Әлмұхамед қажы да жақсы істердің басы-қасында жүретін, өнерлі, білімдар адам екен». Ата-баба шежіресін ағалары осылай тәпсірлер еді.

«Сендерге не болған? – дейді екен қазақ-қырғыз бас қосқанда атақты халпе Үмбет. Өмірлеріңді ұйқымен, ақымақтықпен, бұзықтықпен, ғафіл­дікпен өткізесіңдер ме? Бір-бі­ріңе үнемі жамандық тілеп, дұш­пандық жасайсыңдар да жүре­сіңдер. Біле білсеңдер, бұл сен­дер­дің жамандықтарыңнан емес, на­дандықтарыңнан. Ал надандық – сендердің дұшпандарың. Бұл дұш­пан­нан құтылу үшін білім, ғылым, ақыл, ағарту аспаптары керек-дүр. Кей­бір адам көп оқып та білімді аспап таба алмайды. Өйткені, оның санасында ақылдың нұры жоқ. Ол ақылдың нұрын табу үшін адам­ға мағрифат керек, ғафілдіктің ұйқысынан көкірегін оятып, көзін ашу керек-дүр…».

Тәжімет жертөледе отырып сонау Қордайдың тәкаппар таулары мен дана даласында сайрап жатқан балалық шағына барлау жасап, қолына қалам алғанда осы ақылгөй атасын еске алатын. Бірақ, өкінішке қарай, сол дана қартты НКВД-нің шаш ал десе, бас алатын әпербақандары «Кеңес өкіметінің қас жауы» деп түрмеге жапты. «Халық жауы» атанған Үмбет халпе, сізге өтірік, бізге шын, сол кезде  81 жасқа келген екен. Оу, 80-нен асқан қариядан қауіптенген өкіметтен не үміт, не қайыр?..

«Жұт жеті ағайынды». Елде ашаршылық басталып, аш-жалаңаш жұрттың алды қырыла бастаған. Жалаңдаған аштық түрмедегілерді де жалмауға айналды. «Жалмауызға да жан керек», қарап отырып қырыла ма, НКВД-нің аудандық бастығы сексеннен асқан халпенің қасына адам қосып, онсыз да азып-тозып, ашқұрсақ боп отырған елден азық-түлік жинауға шығарды. Ақыры атасы ел ішіндегі азап пен қорлыққа жүрегі мен жүйкесі шыдамай 1932 жылы өмірден озды. Осы қуғын-сүргінде Тәжімет, әйтеуір, Шымкент асып, аман қалды. Кейін Әулиеатаға оралған.

Жасы жиырма екіге келгенше Қордай, Созақ, Түркістан, Шымкентте алған білімі соғыста кәдімгідей кәдеге асты. Білімге құштар, өнерге іңкәр жастың алғашқы еңбек жолы Әулиеатадағы тұңғыш қазақ драма театрында басталған. Басталғанда анау-мынау емес, суреткер жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Қозы Көрпештің рөлін сомдаған. Кейін, тіпті, облыстық қазақ драма театрына басшылық етті. Меркі ауданында оқу ісінің меңгерушісі, аға инспектор, Талас ауданында Ақкөл орта мектебінің директоры, Жамбыл ауданындағы Шайқорық ауылында мектеп директоры болды. Майданға да Әулиеата өңірінен аттанды.

Қолыма қалам алдым бір себеппен,

Жарты өмір түссін өткен

жетімдікпен.

Қуаныш пен қайғыны түгел жазам,

Қалсын бұл ескерткіш боп

Тәжіметтен.

 

Ерте өлді өз әкеміз Әлмұхаммед,

Қолға алды ағаларым, атам Үмбет.

Тәрбиелеп өсірді Талмұхамед,

Білім берді қажы аға

Балмұхамед.

 

Басында атансам да мен жетімек,

Әркім-ақ «адам болмас бұл»

десіп ед.

Оқу, білім, тәрбие берді маған,

Ай туып, қолдап бізді бұл өкімет.

Бесімде «сорлы жетім» мен

атандым,

Ермек боп арасында отыз жанның.

Он сегізде серігім – қарындасым,

Айырылып Шәбиімнен жалғыз

қалдым.

 

Жетімде атқа міндім жылқы бағып,

Сегізде топта болдым бәйге

шауып.

Талпындым қатарымнан

қалмас үшін,

Мектептен оқып білім, өнер тауып.

Бұл өлеңді де түзеткенім жоқ. Май­дангер қалай жазды, солай қалсын деп шештім.

 

Үшінші жыр:

«ҮШ  МІНДЕТ АЛДЫМ ҚОЛЫМА, КОМАНДАНЫ КҮТПЕСТЕН».

Орынбордағы артиллеристер даярлайтын әскери училищені аға сержант шенімен үздік тәмамдаған Тәжімет 1942 жылы 17 тамызда І Украин майданының әскери бөліміне аттанды. Оның соғыстағы алғашқы «мектебі» қалмақ жерін, қалмақ қаласы Елұстаны (Элистаны) азат етуден басталды. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада» қазаққа күн көрсетпеген жоңғар мен қалмақтың артында үркердей болып қалып кеткен жұртты азат етуге енді қазақ ұлы Тәжімет атсалысты. «Құдайдың құдыреті» деген осы шығар.

Тәжімет 1943 жылы ма­мыр-қыркүйек айларында барлаушы­лар­дың командирі ретінде соғысқа қатысып, фашистердің 3 командирі мен 4 солдатын тұтқынға түсіріп, бір пулеметін олжалады. Ұрыс барысында жаудың 2 танкісі мен 1 обозының көзін жойды. Көшетов екеуі осы ерліктері үшін «Ерлігі үшін» медаліне ие болды. Орудияның командирі ретінде Макеев, Сталино, Запорожье, Житомир қалаларын азат етуге қатысып, қоян-қолтық айқаста фашистердің 2 офицерінің жанын жаһаннамға жібергені де соғыс шежіресінде жазулы тұр. Курскіде саяси кеңестің дайындығы мен қайта даярлығынан өтіп, лейтенант шенін алды.  Ал 1944 жылы Тернопольді азат етуге қатысып, барлаушылар тобында 14 фашистің көзін жойды. Сондай-ақ, Львов, Варшава, Прага қалаларын азат етуге атсалысып, жау ордасы Берлинді алуға қатысты. Сөйтіп, Берлиннен ауылына аға лейтенант болып оралады.

Атақты соғыс есте бар,

Тернопольде қиналған,

Талай топтар бұл жерде,

Окоппен ғана тұра алған.

 

Қоршап алып фашисті,

Қырық мың адам жиналған,

Оқ астында он бес күн,

Қатты аязда сыналған.

 

Тернопольдің қоршауы,

Талайдың белін сындырған.

Зеңбірек, мина, пулемет,

Аяқ, қолды жұлдырған.

 

Қиын барлау кезінде,

Он үш басшы қырылған,

Филимошин екеуміз,

Қайттық-ау осы қырғыннан.

Жауынгер өзі көрген, өзі қатысқан оқиғаны өзі жырлап отырғандықтан, оны бағалы мұра ретінде бағалаған абзал. Ал хал-қадерінше өлеңмен сөйлеу, өлеңмен хат жазу сол тұстағы әр қазаққа тән қасиет болатын. Алатаудың ақиығы атанған Кенекеңнің «Ақынға қара сөзден өлең оңай» дейтіні де сондықтан.

 

Төртінші жыр:

«СЕГІЗ ҚЫРЛЫ, БІР СЫРЛЫ ТӘЖІМЕТ»

Әулиеатада жүргенде жергілікті газеттерге хабар-ошарлар мен ма­қа­лалар жазып, «селолық тілші» атан­ғаны бар еді, сол өнері майданда да кәдеге асты.  «В бой за Родину» деп аталатын газеттің тұрақты оқырманы ғана емес, майдан даласындағы ерлік­терден, полк өмірінен, жауын­герлердің тыныс-тіршілігінен хабар жеткізетін белсенді тілшісі де болды. Бір күні Тәжіметтің өзі туралы мақала жарқ ете қалған.

Ал, жауынгердің артында қалған мұрасы ішінде Т.Әлмұхамедовтің 5 мамыр – большевиктер баспасөзі күні қарсаңында болып өткен әскери тілшілердің слетінде үздіктер ретінде аталып өткені туралы да мақала бар. Оның басқалардан бір ерекшелігі – латын әліпбиімен қазақша, орыс әрпімен орысша мақала, хат, хабар жаза берген.

Ендеше, неге бұларды жауын­гер­дің «төртінші жыры» демеске?!.

 

Бесінші жыр:

«АТТЫҢ БАСЫН БЕРЛИННЕН БІР-АҚ ТАРТТЫҚ»

Алдымен жаралы боп Өміш келді,

Дос, дұшпан қуанышты

бірге көрді.

Артынан қан төгілген соғыс тоқтап,

Күлімдеп елімізге жеңіс берді.

 

Адасқан ағайындар шұрқырасып,

Өзара бір күлісіп, бір жыласып.

Әкесі тірі қалып екі бала,

Ішінен қуанады құнжыңдасып.

 

Жауған шойын астынан

аман қайттық,

Аттың басын Берлиннен

бір-ақ тарттық.

Қуанды бала-шаға, қала, дала,

Кемпір,  шал Құдайына

құрбан айтып.

Тәжімет Әлмұхамедов соғыстан елге аман-есен оралған соң ұстаздық қызметіне қайта оралды.

*  *  *

Бүгінде Тәжімет Әлмұхамедовтей ержүрек те ақжүрек, адал жан арамызда жоқ. Бірақ артында өшпес ізі қалды. Ол – балалары, қыздары, немере, шөберелері, ол – сонау соғыс жылдары жертөледе отырып жазған, бүгін сіздер оқыған жырлары… Біз ол жырлардың назарларыңызға бірнешеуін ғана ұсындық.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Жамбыл облысы,

Қордай ауданы.

————————————–

Суреттерде: жауынгер Тәжі­мет Әлмұхамедов; (солдан оңға қарай) Алатаудың ақиығы Кенен Әзірбаев, соғыстан оралған Тә­жі­мет Әлмұхамедов және жетісулық ақын, жырау Есдәулет Қандеков.