Артынша 1917 жылы Қазақстанда саяси-әлеуметтік «Алаш» партиясы дүниеге келді. Сол жылы Октябрь революциясы аяқталып, Кеңес өкіметі жарияланғаннан соң, желтоқсан айында Орынбор қаласында өткізілген құрылтай съезінде Алаш Орда өкіметі жарияланып, оған Әлихан Бөкейхан басшы болып сайланды. Бірақ Алаш Орда өкіметінің өмірі қысқа, қиындықтарға тап болды.
Бұрынғы Ресей жерін, бүтін бір мемлекет ‒ Кеңес елі деп жариялағанда жаңа бастама Кеңес елін бөлшектеуге тырысқан қозғалысты заңға қарсы деп, олардың жолын кесті. Кейін «Алаш» партиясы басшыларын, Алаш Орда өкіметі мүшелерін тұтқындады. Сол кезде бостандық алу үшін жеке-жеке елдер емес, бүкіл қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, басқа халықтар бір болып күреспесе, жеңіске қол жетпейтінін білген Мұстафа Шоқай болды. Алғашқы кезде Қоқан Республикасына басшы болып сайланған Мұстафа Қоқан өкіметі қирағаннан кейін көптеген ұлт кадры тұтқындалды. Мәселен, Қазақстанда Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедов сияқты қазақ зиялылары тұтқындалды. Қоқан өкіметін большевиктер құлатқаннан кейін, қыспақтан амалдап құтылған Мұстафа Шоқай алдымен Кавказ жеріне жетіп, Грузияда тұрақтап, одан әрі Түркия еліне барып тұрмақ болды. Бірақ Кеңес өкіметіне қарсы күрес жүргізу үшін оған халықаралық мінбер қажет болатын, даусы әлемге жететін ел керек еді. Содан қалтасында қаражаты жоқ, тек өз күшіне сенген Мұстафа Шоқай Парижге келіп тұрақтады. Оның бұл әрекеті ақыл болды. Бұл жерде «Яш Түркістан» журналын шығарып, пәтер жалдап, түрлі саяси материалдар жазып, қаламақы тауып, күн көріп қана қойған жоқ, Кеңес өкіметіне қарсы батыл күрес жүргізді.
Одан соң мақала жазып, қаламақымен үй жалдап, тамақ асырап, газет, журнал шығару өте ауыр жұмыс болатын, Мұстафа Шоқай осының бәрін мойымай көтере білді.
Бір күні Мұстафаның жұбайы Мария бір доллар ғана қаржы қалды, не істейміз, деп абыржиды. Сонда Мұстафа саспай, оған ақыл береді. Сол бір долларға борщ жаса да, осында жүрген бір ресейлікті соған шақыр, дейді. Мария солай етеді. Келген кісілер екеу екен. Әрқайсысы бір доллардан қалдырып кетеді. Ертеңіне борщты екі долларға жасайды. Сөйтіп асханаға айналған үйі Мұстафаға тағам, қаражат болып, күрес жүргізуіне мүмкіндік береді.
Парижде әлем мәдениеті көрмесіне КСРО-дан бір топ делегация келеді. Ішінде әйгілі қазақ әншісі Әміре Қашаубаев, Өзбекстаннан Тамара ханум бар. Мұстафа өзінің ауыр халін білдірмей, келген қонақтарды мейрамханаға шақырып, сый көрсетеді. Әрине елге келгенде Әміре қуғындалды. Бірақ ол өз алдына жеке әңгіме.
М.Шоқаймен келесі салыстырғалы отырған саяси күрескеріміз, Мексикаға кетіп, әбден қоршаланған үйде тұрып, қаражаттан қиналмай өмір сүріп, Сталинге қарсы кітап жазған А.Д.Троцкий. Ол кеңес жүйесіне қарсы болған жоқ. Өйткені сол өкіметті революция жасап, оған басшылыққа Ленинді әкелген мен едім, енді сол өкімет көлденең келген Сталинге тиді деп ызаланып, Сталинмен күресті. Шетелде жатып Кеңес өкіметіндегі сыбайластарымен бірігіп Сталинді өкіметтен құлатып, оған өзі келмек болып жоспар жасады. Жаңа өкіметке келер адамдардың тізімін жасады. Бірақ сол тізім Сталиннің қолына түсіп, 1940 жылы Мексикада А.Д.Троцкийдің көзі жойылды. Тізімге кірген-кірмегендер тегіс ұсталып, 1937-1938 жылғы репрессиямен аяқталды. А.Д.Троцкийдің әрекеті мыңдаған қазақ зиялыларына тиді, «халық жауы» ретінде атылып, қуғынға ұшырады.
А.Д.Троцкийге қарағанда Мұстафа Шоқай жеке адамға емес, жалпы бұрынғы патшалық үкіметтен кейінгі кеңес үкіметі саясатына қарсы шықты. Мәселен 1937 жылы, 1936 жылы қабылданған КСРО Конституциясы бойынша Жоғары Кеңеске депутаттар сайлауы басталды. Айталық, КСРО Жоғарғы кеңесіне Қызылорда, Шымкент облыстары кірген. Оңтүстік Қазақстан сайлау округі бойынша депутаттыққа екі кандидатура ұсынылды. Одақтық кеңеске – Моисей Лазарев, Ұлттар кеңесіне ‒ Біржан Манкин. Сайлаушылардың КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа кандидатпен кездесуі 1937 жылдың 5 желтоқсанында Шиелі стансасы алдындағы алаңда өтті. Мыңдаған адам жиналған митингіде мінберге шығып, Біржан Манкин сөз алды. Ол қырықтар шамасындағы, шашын артына қайырған, толық сары кісі екен. Мен оқушымын, сол кездесуде болдым. Сөзінде Манкин Отан үшін, Сталин үшін бір қасық қаным қалғанша күресемін деді. Моисей Лазарев кездесуге келген жоқ. Оны біз тек сайлау плакатындағы суреті арқылы білдік. Сайлау 1937 жылы 12 желтоқсанда өткізілді. Бірақ сол айдың 20-сында екеуі де «халық жауы» болып ұсталды. Сонда Моисей Лазарев – Троцкий тізіміндегі кандидатура, ал Манкин заяға кетті. Міне, Троцкийдің тигізген зобалаңы.
Ал Мұстафа Шоқай халқымызға ондай ойран салған жоқ, қиындық әкелген емес. Тек Түркістанды азат етуге шақырды. Сол үшін жапа шекті.
Сондай-ақ А.Д.Троцкий шетелге еріксіз қашып кеткен жоқ. Ашық, үкімет өзі жіберді. Революция кезінде патша отбасынан жиналған құнды заттармен кетті. Одан соң Мәскеудегі үкімет басында отырған оның жақын сыбайластары, оған қаражат жіберіп, оның бункерде тұруына жағдай жасады.Ал Мұстафаға, жалдап алған бөлмеге ешқандай көмек жасалмады. Беретін жер болмады, ол өзін-өзі қаржыландырды, асырады. Осындайда Мұстафаны тарихта лайықты түрде кіммен салыстыруға болады деген ойға қаласың?
1940 жылы фашистік Германия Францияны басып алған соң түрмеге түскен Мұстафа Шоқайдың кім екенін білген Гитлер оны түрмеден босатып Германияға алдырады. Мақсаты КСРО-ға соғыс ашуға дайындалып жатқан фашистик Германияға керек болады деген ой. Ол кезде Германияда Таяу Шығыс саясатын жүргізуші Фон Папен болатын. «Барбаросса» жоспарын орындау үшін Орта Азия халықтарымен жұмысты жүргізу Мұстафа Шоқайға тапсырылды. Сондықтан Фон Папен және Мұстафа Шоқай бір бағытта жұмыс атқаруы тиіс болды. 1941 жылы маусым айының 22-сі күні кездейсоқ КСРО-ға жасалған соғыс өте ауыр тиді. Соғыс болады деп ойламаған ел көп шығынға ұшырады. Мұстафаның ойы, егер КСРО талқандалса, онда ол Орта Азияны өз алдына тәуелсіз ел ету. Бұл оның бұрынғы мақсаты болатын. Әрине Мұстафа Шоқай бұл ойын Фон Папенмен бөлісті. Ал Фон Папеннің ойы мүлде басқа еді. Ол егер КСРО соғыста жеңілсе, Германия Орта Азия арқылы Үндістанға жетіп, сонда Таяу Шығыс пен Орта Азияны фашистік Германияға бағындыру. Фон Папеннің мұндай арам мақсатын Мұстафа өкінішке қарай білмеді. Соғыстың алғашқы айларында жеңіске жеткен Германияға, енді Мұстафа керек болмағаны былай тұрсын, ол фашистерге кереғар болды. Фон Папен арқылы мұны білген Гитлер 1941 жылы Мұстафаны Берлиндегі ауруханаға жатқызып, оның көзін 27 желтоқсанда жұмдырды. Әрине оның өліміне кінәлі тек Фон Папен еді.
Соғыс 1945 жылы 9 мамырда фашистік Германияның талқандалуымен аяқталған соң, 1946 жылы фашистік Германия басшыларына Нюрнберг процесі басталды. Сот процесіне дейін көзі жұмылған Гитлер, Геббельс, Гимлерден басқалары түгел сотқа тартылды. Сот үкімі оқылып жатқанда, «Фон Папен өлім жазасы – дарға асудан құтқарылсын, түрмеден босатылсын» деген шешімді естігенде Геринг ызаланып, айқай салғаны соншалықты, тіпті оның көзәйнегі еденге түскен. Себебі Фон Папен нағыз жауапкерлердің бірі «Dfang nach Osten» саясатын жасаушылардың бірі болатын.
Фашистік Германия архивін парақтап ақтарған, АҚШ, Англия, Франция, КСРО зерттеушілері Мұстафа жазған, айтқан, қол қойған бірде-бір құжат таппай, оны алдымен АҚШ, Англия, Франция, артынан КСРО зерттеушілері ақтап шықты. Одан кейін барып біздің ел мойындады. Нәтижесінде Мұстафа неміс-фашистеріне қызмет атқармағаны мәлім болды. Ол қажырлы еңбекпен Орта Азия халықтарының бостандығы үшін өмірін күреспен өткізді. Сол үшін жанын пида етті.
Досмұхамед КІШІБЕКОВ,
ҰҒА академигі