Одан кейін жиынның бас баяндамашысы «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбаев жоғарыдағы қасіретті жылдардың кесірінен қазақ халқы 70 пайызын жоғалтты. Яғни, қазіргі кезде көп айтыла бермейтін 1920-1921 жылы еліміздің батыс өңірін жалмаған алапат аштықтан 1,5 миллион адам, ал бәрімізге белгілі 1931 жылғы «ақ мешін» жұты 2,5 миллион қазақтың ғазиз басын жалмап кеткенін дерек-дәйектермен айтып берді.
Расында жоғарыдағы ашаршылық нәубеті қолдан әдейі ұйымдастырылғаны жайлы дәлел жетерлік. Мысалы, «Қазақ әдебиеті» газетінің 2006 жылғы 1 желтоқсан күнгі санында Сталин мен Хрущев екеуара Қазақстандағы сұмдық ашаршылық жайында пiкiр алысқанда: «Бiз Сталинге Қазақстандағы адам төзгiсiз ашаршылықтан бүкiл қазақ халқы қырылудың аз-ақ алдында тұрғанын айтқанымызда, ол «сары пәлелерден тек сондай жолдармен ғана құтылуға болады» деп жауап бердi деп жазылса, ағылшын тарихшысы Роберт Конквестің «Жатва скорби» атты кітабында: «Аштық жылдары Голощекин қазақтарға дәрігерлік көмек көрсетпеу туралы жасырын нұсқау шығарған» деген деректі айтады.
Ал 1937 жылдан бастап қазақ зиялылары қуғындалып, олардың жаппай жазалануы халқымыздың рухани қуатын есепсіз әлсіретті. «Осы жылдары бұл зұлматқа еліміз бойынша 25 мың қазақ оқығандары іліксе, қырғыз туғандардан 40, өзбек ағайындардан 7, тәжіктен 1 ғана адам атылыпты» дейді Ө.Озғанбаев ағамыз тарихшы ғалым М.Мырзахметовтің зерттеуіне сілтеме жасап.
«Зерттеушілердің есебі бойынша, КСРО көлемінде 1926-1928 жылдары басталып, тек 1934-1940 жылдар аралығында 19 млн 840 мың адам халық жауы ретінде ұсталып, олардың 7 млн-ы атылған. Жалпы, 1952-54 жылдарға дейін созылған қанды қырғын жазалауға 32 млн адам іліккен. Осылардың 10-12 млн-ы қандай бір жағдаймен өлтірілгені жайлы дерек бар», деді Мемлекет тарихы институтының қызметкері Сейітқали Дүйсен.
Басқосу барысында баяндама жасаған басқа да зерттеушілер тарапынан көңіл толқытар тосын деректер айтылып жатты. Соның бірі – 1937 жылдың желтоқсан айында Қазақстан басшысы Левон Мирзоян Сталинге жолдаған хатында: «Бізге бірінші категория бойынша 8 мың, екінші категория бойынша 8 мың антисоветтік элементтерді репрессиялауға құқық берілді. Бұл лимит 1600 адамға асыра орындалды. Қалғанын толық жою үшін тағы да 1600 адамды репрессиялауға рұқсат етуіңізді сұраймыз» делініпті. Осы дерекке қарағанда, қазақты репрессиялау ісін кеңестік басшылар асыра орындапты. – Бірақ – дейді дөңгелек үстелді түйіндеген тарихшы ғалым Нұрбек Шаяхметов, өткен қасіреттің қанды жарасы жазылғанымен, үрейі қалады, ұрпақ осыдан арылуы керек.