• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 23 Мамыр, 2019

Кәсіпкерлікті қолдау жалғасады

941 рет
көрсетілді

Кеше Үкіметтің баспасөз орталығында өткен жиында «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында шағын және орта бизнестің дамуы мен оған көрсетілетін қолдау шаралары туралы баяндалды.

Бағдарлама іске асырылған төрт жылдан бері республикалық бюджеттен 210,5 млрд теңге бөлініп, бұл қаражат 13 мың ШОБ субъектісін қаржыландыруға, орта есеппен жылына 20 мың кәсіпкерді оқытуға, 10 мың жұмыс орнын құруға, 3,3 трлн теңге сомасына өнім шығаруға жұмсалыпты.

− Жалпы, бағдарлама іске асырылған төрт жылда республикалық және жергілікті бюджеттер­ден 247,1 млрд теңге көлемінде 13 380 жобаға қолдау көр­сетілді, – деді Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов.

Оның айтуынша, бөлінген қаражаттың басым бөлігі, яғни 126 млрд теңгесі немесе барлық соманың 60,1 пайызы несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға бағытталған. Қалған 53 млрд теңгесі немесе 25,2 пайызы фабрикаларға, зауыттарға және ШОБ өндірістік нысандарына жеткіліксіз инфрақұрылымды тартуға бөлінген. Одан кейін несиелерді кепілдендіруге, гранттар ұсынуға, кәсіпкерлерді оқытуға және оларға кеңес беру қызметтеріне жұмсалды. 

Айта кетерлігі, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы 2025 жылға дейін ұзартылмақ. Қазір бағдарламаның тұжырымдамасы жасалып, оның тың бағыттарын айқындайтын жұмыс тобы құрылды.

− «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзарту шеңберінде тұжырымдама жасалып, жұмыс тобы құрылды. Оның барлық деңгейін талқылап жатырмыз. Қаржылық қолдау құралдарын жетілдіруге арналған түзетулер жасалды, – деді Ұлттық экономика вице-министрі. Бағдарлама шеңберінде кепілдендіру үшін несие көлемін ұлғайту арқылы кепіл бойынша жүктемені азайту, микроқаржылық ұйымдарды тарту, айналым қаражатын несиелеу үлесін арттыру, кәсіпкерлердің тиімді жобаларына талаптарды күшейту, мемлекеттік бағдарлама және басқа да құралдарды ұлғайту шаралары көзделген.