«Елбасы. Жастар. Жасампаздық» жобасының атауы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауымен байланысты болып отыр. Жоба Елбасының шығармашыл идеяларын дәріптеуге, экскурсия ұйымдастырудың әдістерін дамытуға, сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің өмірі мен қызметін таныстыруға бағытталған.
«Алматы - Елбасының туған жері ғана емес, мұнда оның Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағалығынан Қазақстан Тұңғыш Президентіне дейінгі саяси көшбасшы ретіндегі қалыптасу жолы басталды. Алматы - тәуелсіздік тұсында ең ықпалды шешімдер қабылданған Қазақстан егемендігінің бесігі. Аталған жобада сол уақыттардан сыр шертетін мұрағаттар бар. Бұл - қазіргі жас қазақстандықтар міндетті түрде білуі, оқуы және көруі тиіс дүниелер», - деді Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов.
Жоба тұсаукесерінде Қазақстан Мемлекеттік күзетінің Президенттік оркестрі арнайы дайындаған плац-концерттік бағдарламамен өнер көрсетті. Қазақстан Мемлекеттік күзеті қызметі Құрмет қарауылының ротасы жұртшылық назарына әскери қойылымын ұсынды.
«Елбасының шешімімен жарияланған Жастар жылы жастарға, студенттерге зор мүмкіндік беріп жатыр. ЖОО гранттарының, сыйақылар мен шәкіртақылардың саны артты. Шетелде білім алуға барлық жағдай жасалған. Мұның барлығы болашаққа деген сенімді нығайтып, Қазақстанның ілгері дамуына негіз болары сөзсіз», - деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов.
Жоба аясында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасында «Уақыт таңдауы» деректі фильмі көрсетілді. Сонымен қатар, Әмірхан Рахымжанов профессор-оқытушылар, докторанттар және магистранттармен кездесіп, дәріс оқыды. Сондай-ақ, «Жастар - ұлт тірегі» кешенді көрмесі қойылып, Елбасы кітапханасындағы архив, музей және кітапхана жинақтарының материалдары көрсетілді. Көрменің алғашқы бөлімінде Елбасы есімімен біте қайнаған тәуелсіз Қазақстанның тарихы архив материалдары, кітаптар мен музей жәдігерлері арқылы көрсетілді. Жастар атты екінші көрме тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекеттік саясаттың білім және ғылым саласы халықаралық білім кеңістігіне интеграциялануына және дәйекті дамуына бағытталды. Жасампаздық көрменің үшінші бөлімі болашаққа бағытталған Қазақстанның даму стратегиясын, қоғамдық ұйымдардың, азаматтардың тұлғалық дамуының белсенді өмір ұстанымын көрсетеді.
Көшпелі ақпараттық-имидждік жоба аясында экскурсиялар жүргізіледі. «Тарихи таңдау» көшпелі тақырыптық экскурсиясы Нұрсұлтан Назарбаевтың комсомол-металлургтен бастап Ұлт Көшбасшысына дейінгі жүріп өткен жолын баяндайтын материалдардың толық кешенімен таныстырады. «Қазақстанның спорттық даңқы» тақырыптық экскурсиясы тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің спорттық жетістіктерімен таныстырады. Келушілер Елбасы кітапханасы музейінің қорындағы Н.Ә.Назарбаевқа отандық және шетелдік спортшылар тарту еткен сыйлықтар топтамасын, сондай-ақ олардың жеке заттарын да көре алады.