Бейсенбі, 7 ақпан 2013 7:48
Елімізде көп балалы отбасыларға мемлекет тарапынан түрлі жеңілдікті-жәрдемдер беріліп тұратыны белгілі. Бірақ, соған қол жеткізуде көптеген қиындықтар мен кейде тіпті, заңсыздықтарға да жолығатынымыз жасырын емес.Мысалы, төрт немесе одан да көп балалы отбасылар ұл-қыздың тұңғышы кәмелет жасқа жеткенше Үкімет тағайындаған алты жарым мың теңгеге жуық жәрдемақыны алып тұрады. Айтқандай, бұл жәрдемақы мөлшері жыл басынан бері тағы 40 пайызға артты.
Бейсенбі, 7 ақпан 2013 7:48
Елімізде көп балалы отбасыларға мемлекет тарапынан түрлі жеңілдікті-жәрдемдер беріліп тұратыны белгілі. Бірақ, соған қол жеткізуде көптеген қиындықтар мен кейде тіпті, заңсыздықтарға да жолығатынымыз жасырын емес.Мысалы, төрт немесе одан да көп балалы отбасылар ұл-қыздың тұңғышы кәмелет жасқа жеткенше Үкімет тағайындаған алты жарым мың теңгеге жуық жәрдемақыны алып тұрады. Айтқандай, бұл жәрдемақы мөлшері жыл басынан бері тағы 40 пайызға артты.
Сонда, шамамен 8 мыңдай қаржыны құрады деуге болады. Сондай-ақ, көп балалы отбасыларға, мемлекеттің бақылауындағы бюджеттік мекеме – білім ошақтары тарапынан да бірқатар көмектер көрсетіледі. Мәселен, мектепішілік ұйымдастырылатын ақылы шараларға тегін қатыстырылады, түрлі концерттер мен циркке немесе саяхат т.т. мәдени шараларға жеңілдік жасалып, қоғамдық көлікте тегін жүретін жолақы билеті мен кітап үлестірілуде де осындай отбасынан шыққан балалар алдымен назарда болуға тиіс. Әкімшілік тарапынан ұйымдастырылып тұратын қамқорлық та алғашқы кезде жартыкеш отбасылар мен әкесіз немесе шешесіз өсіп жатқан бүлдіршіндерге көрсетіледі.Айтпағымыз, осындай иманды істердің бір олқылығы соңғы кездері қылаң бере бастаған сияқты. Кісіні жөнсіз әбігерге салудың жағымсыз бір түріне нақты дәлел келтірсек, жуырда жас отбасылы болса да, құдай жарылқап, көп балалы болып үлгерген әріптесіміз баспанасыздықтан көшіп-қонып жүріп, балаларын бірнеше мектепке амалсыз ауыстыруға мәжбүр болған-ды. Кішкентай жеңілдікті кереметтей көретін отағасы, ұл-қызының құжаттарын мектепке тапсырып, берілетін азды-көпті жеңілдіктен құр қалмау үшін, әлеуметтік педагогтан қажетті құжаттар тізбесін алады.Міне, қызық! Мектеп тарапынан көрсетілетін азды-көпті көмекті алу үшін, 12-15 құжат тізбесін құрап шығыпты. Ата-анасы мен баланың туу туралы куәлігі, ерлі-зайыптының неке куәлігі, жұмыс орнынан анықтама, айлық табысы жөнінде, мекен-жайының анықтамасы… тізбе осылай жалғасып кете береді. Мұның бәрі неге және кімге керек, нені дәлелдеу үшін қажет деген ой келеді. Жарайды, мұны да қоялықшы, құжаттың көшірмесін жасатып, жұмыс орныңнан тиісті анықтаманы алуға болар. Ал енді сол құжаттар тізбесінің арасында мынадай бір шартты тармақ бар екен: «Отбасы құрамы туралы анықтама». Әлеуметтік педагог тапсырылуы тиіс деп тапқан міндетті құжаттардың бірі осы анықтаманы қайдан, кімнен алуға болады?Әдеттегідей, жүгіріп жұмыс орнына келген. Кадр бөліміндегілер заңгерлермен ақылдасып, «қызметкердің отбасы құрамын анықтап беретіндей, біздің ешқандай да заңдық құзыретіміз жоқ» деп шығарып салыпты. Содан, бір берсе, сен бересің деп, жұрт жабыла мақтаған «бір терезе» – халыққа қызмет көрсету орталығына барған. Ондағылар тіптен таң-тамаша қалып, ондай анықтама бермейтін болып шығыпты. Басқа қандай құжат керек болса, бәрін береді. Бере алмайтынына жөн сілтеп, жол көрсетіп жібереді. Олардың айтуына қарағанда, әділет департаменті беруі ықтимал екен.Ентігіп оған да жеткен. «Нет, мы не дадим такую справку», деп олар да сырғытпа жауаппен шығарып салған. Қойшы әйтеуір, қайсы мекемеге барса да қажетін таба алмай, әлгі әлеуметтік педагогке жағдайды айтып қайта келеді. Талап етілген анықтаманы беретін кеңсені табу қиынға соғып тұрғандығын айтып, мүмкін, өзі көмектесіп жіберер деп дәмеленеді. Сөйтсе, әлгі әлеуметтік педагог: «Ә, бермей ме екен ешкім, жарайды, онда жиған-терген құжатыңызды тапсыра қойыңыз», депті еш ыңғайсызданбастан.Мұндай да сұмдық болады екен деп жағамызды ұстадық. «Әкел» дейді, ал онысы орынсыз екендігін ескертсең, «жә, қоя сал онда» дейді. Бұл не қылған мазақ, нендей бейбақтастық? Осындай қателігі үшін әр шенеунік заң алдында жауап беруге тиіс болса, онда мұндай сорақылық та азаяр ма еді, кім білсін? Мүмкін бұл жас отбасыларды тиесілі әлеуметтік көмекке қол жеткізбеу үшін әлдекімдер қолдан жасап отырған қитұрқы амал болар? Сонда жүйке жұқартқан жөнсіз жүгірту кімге керек?
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ.