• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
10 Сәуір, 2019

«Абай мұрасы – халыққа аманат»

1252 рет
көрсетілді

Таяуда Түркістан облысы, Үлгілі ауылы, М.Балақаев атындағы шағын жинақталған жалпы орта мектебінде «Абай мұрасы – халыққа аманат» атты тағылымды кеш ұйымдастырылды.

Кешке пән бірлестік мұғалімдері қатысты. Қазақтың салт-дәстүрімен сырмақ тұтылып, қазақтың тымағы, аяққап, қамшы, қоржыны ілінген сахнаға алдымен бастауыш пән бірлестігі көтерілді. Олар Жанқұттының сөзге шешендігін, ділмарлығын дәлелдегендей көрсетті. Әрі қарай Құнанбайдың үйіне қонаққа келіп, Абаймен жауаптасып, бала Абайдың болашағын болжап, өлең шығаратынын байқап, ақ батасын бергені туралы көрініс көрсетіп, Абайдың қарасөзін оқып, әнін шырқап көрерменнің ризашылығына бөленді.

Екінші кезекті ізгілікті пән бірлестіктері бала Абайдың кедей балаларына қамқор болып, үйіндегі шешелерінің қолдауымен көмектесіп жүргенін насихаттады және сол кездегі аналарымыздың жүн түтіп, ұршық иіргенін де еске түсірді. Бала Абайдың асыққа құмар екенін де бүлдіршіндерге жеткізді.

Келесі кезекте тілдер бірлестігі «Әжемнің әңгімесінен» балалық шағынан бір үзік эпизод көрсетті. Құнанбайдың үйіне келген Барлас жырын бітіріп, қол жуғалы қамданған уақытта Абай Қобыланды батыр жыры туралы сұрақтарды нөсерше жаудырып, Барласты таң тамаша қалдырғанын да жеткізе білді. Бала Абайдың бойындағы мол дарын қасиетті сол кезде байқап, батасын беріп, қолындағы домбырасын сыйға бергендігін, Абайдың жыр-ертегі тыңдауға әуес екенін көрсетіп, жас ұрпақтың тәрбиесіне өз үлестерін қосты.

Абайдың ақындығын дәріптеу ретінде де оқушылар қалыс қалмай, Абай өлеңдері арқылы балаларды жақсы қасиеттерге тәрбиелеу мақсатында әр бірлестік көрінісінен кейін 10-сынып оқушылары өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыды. Оқушыларды қатыгездік пен мансап қорлықтан жирендіру, ізгілікке, имандылыққа тәрбиелеу негізінде «Ескендір» поэмасынан көрініс көрсетті.

Ал математика, информатика, физика пән мұғалімдері Абай мен Тоғжанның махаббатынан үзінді көрсетіп, көрерменді таң тамаша етті. Тоғжанның тазалығын, сұлулығын Ақжарқын Оңғарова көрсете білсе, Абайдың боз бала кезін Қазыбек Кенжебек аша түсті. Тоғжанның атастырылып қойғанын естіген Абайдың ішіне сүлік болып жабысқан мұңды «Көзімнің қарасы» әнімен жеткізді.

Дене шынықтыру бірлестік мұғалімдері Құнанбай алыс-жұлысқа, арпалысқа ғана емес, сөзге де жүйрік, шешен, тілі өткір, тиген жерін тіліп түсетіндігін Айдос Тойжан жеткізе білді. Сондай-ақ, Құнанбайдың қойған сұрақтарына ақылмен мүдірмей жауап берген Абайды Өмірбек Нұрмашев керемет етіп жеткізе білді.

Ал соңғы бірлестік мұғалімдері Бөжей мен Абайдың алғаш кездесуінен сол заманда ел мен елдің арасы бірде қату, бірде тату болып сұлтандар өзара бітім тынымға келе алмай араларында қақтығыс пайда болғанын, Құнанбайдан Абай сынды ұлдың бар екендігін көріп оған дән ризашылығын білдіріп бата бергенін жеткізе білді. Биология пәнінің мұғалімі Егенбердиева Асел ақынның «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» өлеңін оқыса, «Көзімнің қарасы» әнін жанды дауыста тарих пәнінің мұғалімдері Еркебұлан Дүйсенбеков мен Дилмуханбет Сарсенов шырқады.

Қорытынды сөзді мектеп директоры Баян Киякова мен осы жиынға арнайы шақырылған Бабайқорған ауыл округі әкімдігінің клуб жетекшісі Шаукат Рүстемов қорытындылады. Кеш Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін хормен орындалуымен аяқталды.

Дилмуханбет Сарсенов, Түркістан облысы, Үлгілі ауылы, М.Балақаев атындағы шағын жинақталған жалпы орта мектебінің тарих география пәні мұғалімі