• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
07 Наурыз, 2013

Ерлер ескеретін ерекше жай

6877 рет
көрсетілді

Ерлер ескеретін ерекше жай

Бейсенбі, 7 наурыз 2013 7:26

Қазіргі таңда медицинаның урология саласындағы өзекті тақы­рыптардың бірі – ерлердің  қуық асты безінің сырқаттары. 60 жастан асқан ерлер арасында бұл ауру жүрек аурулары мен қатерлі ісікке қарағанда жиі кездеседі. Қуық асты безінің (простатаның) барынша кең тараған сырқат түрлері ретінде  жедел және созылмалы простатит; қуық асты безінің залалсыз гиперплазиясы (простата аденомасы); қуық асты безінің қатерлі ісігін атауға болады.

Бейсенбі, 7 наурыз 2013 7:26

Қазіргі таңда медицинаның урология саласындағы өзекті тақы­рыптардың бірі – ерлердің  қуық асты безінің сырқаттары. 60 жастан асқан ерлер арасында бұл ауру жүрек аурулары мен қатерлі ісікке қарағанда жиі кездеседі. Қуық асты безінің (простатаның) барынша кең тараған сырқат түрлері ретінде  жедел және созылмалы простатит; қуық асты безінің залалсыз гиперплазиясы (простата аденомасы); қуық асты безінің қатерлі ісігін атауға болады. 

Заманға сай әр жастағы адамдар бауырдың, бүйректің, жүректің қайда орналасқанын және олардың атқаратын қызметтерін білгенімен, қуық асты безі туралы түсініктері жоққа тән. Бұл мәселеге уролог, андролог мамандар кейінгі кезде баса назар аудара бастады. Сон­дықтан, жасы ұлғайған ер адамдар арасында қуық асты безі ауруларын профилактикалық түр­де емдететіндердің саны арта түсуде.Дегенмен, қуық асты безінің қызметіне және емделуіне байланысты мәселелер толастар емес. Заманауи талаптарға байла­нысты дәрігерлердің үлесінде көптеген әр түрлі емдеу тәсілдері бар. Хи­рур­гиялық тәсіл тиімді, алайда, жа­ғымсыз жақтары да бар, сон­дықтан өте қажет болмаған жағдайда дәрі­герлер оны қолданбайды.Есіңізде болсын, қуық асты безі тек еркектерде ғана кездеседі. Қуық асты безі (простата) – бұл жамбас жағындағы қуықтың басында орналасқан кішігірім дене мүшесі. Ол қасаға сүйектің артында орналасқан, оны тік ішектің іш жағынан дәрігер уролог немесе андролог (кейбір хирургиялық сырқат кезінде хирург, проктолог) сұқ саусақпен сипалап сезіп, тексереді.  Ол без тік ішекке «батып тұрған» грек жаңғағын еске түсіреді. Көптеген деректер бойынша, без қалыпты жағдайда тұр­­ғанда кішкентай талшынның (каштанның) көлеміндей ғана болады. Жасөспірімдік кезеңде оның салмағы 2 грамнан төмен, ал жыныстық жетілуден кейін оның салмағы 10 грамға дейін өсе­ді және ересектерде 20 грамнан аспайды. Қуық асты безінің ортаңғы бөлігімен уретра, яғни үрпі өтеді. Баршаға аян, үрпі ар­қылы қуықтағы несеп сыртқа шығарылады.Қуық асты безінің ұлғаюын медицина тілімен қуық асты бе­зінің залалсыз гиперплазия­сы деп атайды. Бұл простата ауру­ларының кең тараған түрі. (Күнделікті тұрмыста «простата безінің аденомасы» деген термин жиі қолданылады). Залалсыз ауру деп аталуының себебі, мұнда қатерлі жасушалар түзілмейді. «Гиперплазия» сөзі «көлемнің ұлғаюы, кеңеюі» деп аударылады. Дәрігерлердің көпшілігі қуық асты безінің ұлғаюын ағза қартаюының қарапайым бір түрі деп есептейді.Қуық асты безінің ұлғаю бел­гілерін 40 жастан асқан ер­кек­тердің 10 пайызынан байқау­ға болады. Әрине, бұл осы адам­дардың барлығын простата ауру­ларының белгілері мазалайды деген сөз емес. Алайда,  ұлғайған бездің жағымсыз әсері байқалса, тез арада уролог дәрігерге қаралу керек. Ескерте кетсек, жоғары мамандандырылған, заманауи технологиялар арқылы жасалатын арнайы операциялар түрі Б.О. Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығында күн сайын өтіп жатады.Қуық асты безі неге ұлғаяды? Ғылым әзірге бұл сұраққа нақты жауап бере алмайды. Кейбір бол­жамдарға сәйкес, аталған ауруда нәсілдік немесе генетикалық бейімділік бар, өйткені, бұл дерт Азия тұрғындарының арасында аз таралған, керісінше қара нәсілді америкалықтардың арасында жиі кездеседі.Халқымыздың өмір сүру шарттарына байланысты өткен кезеңде простата аденомасы аз пайызда кездескен деген дүдәмал пікірлер бар. Таза ауа, инфекцияның аз­дығы, атқа отыру, консервантсыз таза тағам, мөлдір бұлақ суы, табиғи антибиотикке бай қы­­­мыз ішу, осының бәрі, әрине, ден­­саулық кепілі болған. Бірақ, адам баласы 100 жасқа дейін өмір сүрсе, онда іс жүзінде әрбір еркек бұл ауруға шалдығар еді дейді мамандар. Сонымен, қуық асты безі аденомасының даму қау­пі дәлелденген жалғыз фактор – еркек  ағзасының қартаюы болып табылады.Простата гиперплазиясының жағдайындағы негізгі мәселелер ретінде аурудың жасырын түрде дамуын және біртіндеп үрпі өзе­гі жолдарын жауып тастайтынын атауға болады. Сонымен қа­тар, қуық бұлшық еттерінің жұ­­мысы бұзылады. Нәтижесінде ол не мөлшерден тыс босаңсиды, не не­сеп шығару кезінде қажетті деңгейде жиырылмауы мүмкін. Байқағандарыңыздай, простата гиперплазиясы нәтижесінде туындаған қиындықтар несеп шы­ғару процесіне әсер етеді. Бұл жағ­дайда мынадай белгілер пайда болады: несеп шығарар алдында күшену; несеп шығарудың кідіруі; әлсіз немесе үзік-үзік несеп ағысы; ауру жаңа ғана дәретханаға барып келсе де қайтадан несеп шығарғысы келуі: қуықта қалдық зәрдің сезілуі және де жиі, әсіресе, түнде несеп шығару. Кейде атал­ған белгілердің бәрі болмашы түрде байқалады да, сырқат адам оны елемейді.Ұлғайған қуық асты бездері көптеген қиыншылықтар әкелуі мүмкін. Дәретханаға жиі бару немесе түнгі ұйқысын бұзу кімге ұнасын? Ал одан да қауіптісі – бұл бүйрек ауруларына, несеп жол­дарының жұқпалы ауруларына, сондай-ақ, қуық патологиясына жол ашады.Қуық асты бездері неғұрлым ұлғайса, науқас адамның қиын­дықтары соғұрлым көбейе береді деген тұжырым бір қарағанда дұрыс сияқты. Бірақ, шындығында ол әрқашан олай бола бермейді. Кейбір жағдайларда тек кішкене ғана ұлғайған қуық асты безі үлкен қиындықтардың көзі болып табылады. Керісінше, кей жағдайда 70-80 қадақтай, яғни «өрік» көлеміне дейін ұлғайған қуық асты безі тіптен қауіпсіз болуы мүмкін. Сондықтан да қуық асты безінің көлемі мен оның тигізетін зардабының арасындағы байланыс айтарлықтай емес.Осы уақытқа дейін простата гиперплазиясын емдеудің тек екі тәсілі ғана қолданылып келді: хирургиялық операция және опе­рацияға қолайлы уақытты анықтау үшін аурудың дамуын мұқият бақылау. Бірақ ғы­лым бір орнында тұрған жоқ. Ұлғайған простатаны емдеу жолда­ры үнемі жаңа әдіс-тәсілдермен то­лығып отырады. Қазіргі таңда не­гізгі жаңа тәсілдер мынадай: емдік шөптермен емдеу; дәрімен емдеу, байқау-бақылау кезеңі; стенттерді енгізу (жасанды түтікшелер); гипертермия (жоғарғы температурамен емдеу); жылумен емдеу (термотерапия); лазер көмегі арқылы емдеу, оталау.Шұғыл операциялық емдеу, жос­парлы түрдегі қуық арқылы жасалатын аденомэктомия операциясы, эндоурологиялық транс­үрпілік жолмен электрорезекциялау мен лазер көмегі арқылы оталау біздің елде жиі де сәтті қол­данылады.Қорыта айтқанда, қуық асты безінің қатерсіз гиперплазиясы астарлап келіп, асқына дамып, өмірдің екінші жартысында, зейнеткерлік кезеңде ер адамның өмір сапасын төмендететін әлеу­меттік ауруға айналуда. Сон­дық­тан да ел азаматтарына ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеңіздер және сырқаттың алғашқы белгілері пайда болысымен дер кезінде дәрігер урологқа көрініңіз демекпіз.Аманжол СҰРАНШИЕВ,медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санаттағы дәрігер уролог.АЛМАТЫ.