• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Мамыр, 2019

Ғылымға бетбұрыс

1694 рет
көрсетілді

Бүгінде еліміздегі жоғары білім беру жүйесінде күрделі реформалар жүзеге асырылып, оқу үрдісіне жаңашылдықтар енгізілуде. Әлем санасатын, халықаралық аренаға еркін кіріге алатын мықты кадрлар дайындау қажеттілігі күн тәртібіне шықты. Осы тұста еліміздегі екінші білім ордасы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің жаһандық бәсекелестіктің жаңа деңгейіне көтерілу жолындағы мақсат-міндетті орындауға күш салып келе жатқанын айта кету керек. Қазіргі таңда ҚарМУ қарым-қабілеті, білім-біліктілігі терең, ағылшын тілін еркін меңгерген, әлемдік деңгейде ой қорыта алатын жас ғалымдар қатарын арттыру мақсатымен біршама ауқымды жұмыстарды еңсеру үстінде.

Университет ректоры Аза­мат Тіріжанұлы Едрисов білім ордасының бүгінгі беталысына кеңінен тоқталды: «Біз ха­лық­аралық стандарттарға сай білім беру жүйесін жаң­ғыртып, сапалық деңгейді арттыру арқылы әлемдік білім кеңістігіне ене аламыз. Осы орайда оқу орнында санға емес, сапаға жұмыс істеу мәселесі қолға алын­ды. Басты меже – білім, ғылым, өндіріс, инновацияны ұш­тастыра отырып, инвести­ция құю, осы арқылы мемле­кетіміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделін бекемдей түсу.

Жоғары оқу орны майтал­ман маман, нағыз ғылым адамдарын даярлайтын орта. Осы тұрғыда ғылыми кадрлар сабақтастығын қамтамасыз ете отырып, профес­сорлық-оқыту­шылар құрамының ғылыми әлеуетін арттырып, талантты жастарды ғылымға тартып, ма­гистратураға, докторантураға түсуіне ықпал етіп, жағдай жасау қажет. «PhD дәрежесі атақ, абырой, күнкөріс көзі үшін керек» деген жалаң түсінікті жоққа шығаратын кез жетті. Докторантура – жоғары білікті ғылыми-педагогикалық, ғылыми кадрларды дайындау нысаны, ал оған түсудегі басты бағдар – ғылымды дамыту екендігін ескере отырып, үміткерлер бұл қадамға саналы түрде барса, түйткілді біраз мәселе оң шешім табар еді. Білім алушыларымыз ғылымға ден қойып, докторантурамыз әлемдік деңгейде тыныстағанда ғана Қазақстан ғылымы алға басады. Ағымдағы жылы елімізде магистратура мен докторантураға түсу ережесіне біршама өзгерістер енгізілді. Биылдан бастап IELTS, TOEFL сынды сынақтарды сәт­ті тапсырып, сертификат иелен­ген­дер ғана докторантураға жол­­­­дама алатын болады. Ал біз­­дің оқытушыларымыз мұн­дай өзгеріске дайын ба? Қан­дай оңтайлы шешім жасау ар­қылы ғылымға ұмтылған оқы­тушыларымызға қолдау таныта аламыз? Қазір осы орайда ше­шімін таппаған мәселелерді шешу жолдары қарастырылуда. Жақында ағылшын тілін білу деңгейін анықтау мақсатында оқытушыларымыз тест тапсырды. Әлемнің, ғылым мен ақпараттың тілін білмей докторант атану мүмкін емес. Осы олқылықты жою мақсатында докторантураға түсуді ниет еткен талапкерлерге қолдау көр­сетіліп, университет тарапынан үш айлық ағылшынша курсты тегін оқыту қолға алынды. Бұл ізгі бастама үміткерлерді қанаттандырды. Ғылым докторы дәрежесін иеленген докто­ранттарымыздың ғылыми-зерттеу жұмыстары ел кәдесіне жарап, отандық ғылымның дамуына оң ықпал етсе, біз күткен үміт ақ­талады. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша, университет тарапынан бөлінетін қомақты қаржы құмға сіңген судай жұты­лып кетпесе екен. Әлемдік ғы­лым нарығында үміткерлеріміз бә­се­кеге түсе ала ма деген сұрақ бізді қай кезде де толғандыруы тиіс. Ғалымдардың жас буынын даярлау, университет кадрлық құрамын сапалы түрде жаңартып отыру – басты мақсатымыз. Білім мен ғылым үстемдік құрған заманда ҚарМУ қолдау танытып, қанаттандырған жас докторлар академиялық қоғамдастықтың дәстүрлерін, құндылықтарын, ұмтылыстары мен мақсат-мін­дет­терін толыққанды бөлісе­тін академиялық ұжымымыздың табысты, белсенді мүшелеріне айналады деп үміттенеміз».

Аталған курсқа қатысты ҚарМУ оқытушылары да өз пікір­­­­лерін білдірді.

Светлана Мусина, экономика факультетінің аға оқы­ту­шысы:

– Айтулы курс білім ордасы тарапынан мамандарымызға көрсетілген үлкен қолдау деп бі­лемін. Оқу орны ағылшын тілін қаншалықты меңгергенімізді сынап көру мүмкіндігін туғызып отыр. Ақылы түрде осындай­ курс­тарға барып жүрген талап­кер­­леріміз енді ақшасын үнем­деп, оқу орны ұсынған интен­сив­ті курсқа тегін бара алады. Курс­қа қатысу арқылы өзіме де­ген сенімім артты, арманыма бір қадам жақындағандаймын. Мо­­раль­дық тұрғыдан қолдау та­нытып, кәсіби тұрғыдан шың­да­луыма ықпал еткен университет басшылығына айтар алғысым шек­сіз.

Самат Жакин, философия және психология факуль­теті­нің оқытушысы:

– Мен бакалавриат, магис­тратурада оқып жүрген кезден ағылшын тілін үйреніп, IELTS тапсыруға дайындалдым. Аталған сынақ бүгінгі күннің талабы, табысты ғылыми-педа­гогикалық мансапқа бастайтын алғышарттардың бірі. Оқу орны ішінен тегін үш айлық курс­тың ұйымдастырылуы мақ­танарлық, құптарлық іс. Университеттің кадр­лық әлеуетін дамытатын ин­тенсивті курстар ұзақ мерзімді тереңдетіп оқытуға ар­налған IELTS емтиханына дайындалуға бағытталған. Жоғары деңгейдегі оқыту үр­дісіне қатысып, тәжі­рибелі мамандардың кеңесін тың­дау – бұл бізге берілген бірегей тамаша мүмкіндік.

P.S.: Қазақ ғылымының көш­бас­шысы Қаныш Сәтбаев бір сөзінде: «Өз білімін өмірдің, өн­ді­рістің тәжірибелерімен ны­ғайтып, байытып отыратын, тап­қан ілімін, үлкенді-кішілі ашқан жа­ңалығын халықтың қажетіне беріп отыратын ғылым ғана өз дәрежесінде заман талабының өресінде болады», депті. Үміт еткен үміткерлеріміз сол үдеден шығып, отандық ғылымның дамуы­на өзіндік үлес қосса, нұр үстіне нұр болар еді.

 Гүлнәр ШӨМЕНОВА