Темірді қамырша илейтін шебердің бұл жолғы көз майын тауысқан еңбегі жаугершілік кездерде бес қаруы сайлаулы, тұлпары байлаулы қазақ батырлары киген, салмағы 10 келіге жуық темір сауытты жасап шығаруға арналыпты. Оған қажетті 560 пластинаның әрқайсысы қолмен қиылып, орналастырылған.
Сауыттың қалыңдығы 4 миллиметрге дейін жететіндіктен, жебе тесе алмайды, қылыш өтпейді. Сауыттың түрі көп. Менің жасағаным – көбе сауыт. Қазақ сауыттарының омырауы ашық келгендіктен, ол тұсты «бақ орны» деп атаған. «Бағың болса, аман қаласың» деген сөз осыдан шыққан, дейді Ерғали Шәмілұлы.
Кейінгі 10 жылдың ішінде 7 сауыт жасап шығарыпты. Оның үшеуі шеберханада сақтаулы. Біреуі былғарыдан, екіншісі темір шығыршықтардан істеліпті. Қалғандарын сыйға таратыпты.
Ол жылдар бойы жинақтаған тәжірибесін шәкірттеріне үйретуден жалыққан емес. Қандай да бір затты жасамас бұрын тарихына үңілуді дағдыға айналдырған. Оның пайымдауынша, қара темір сауытты жер бетінде алғаш рет Алтай өлкесіндегі авар тайпасы жасаған деген тарихи болжам бар. Осындай торғауыл сауыттар аварлардың әскерлерінде ғана емес, жылқыларының үстінде де болған. Мұны еуропалықтардан бұрын ІІІ-ІV ғасырларда пайдаланған көрінеді.
Солтүстік Қазақстан облысы