Айтулы күні ұшқан ұясына деген салқар сағынышын арқалап келген түлектер алдымен университет қақпасындағы «Мәңгілік ел» триумфалды аркасына жиналды. Түлектер қауымдастығының 25 жылдығына арналған форум жұмысына 2 мыңнан астам түлек қатысты.
Университет тарихында экс-студенттердің слеті тұңғыш рет 2014 жылы ұйымдастырылса, ал түлектер күні мамыр айының соңғы сенбісінде дәстүрлі түрде өтіп келеді. Оқу ошағының ұжымы түлектер университетпен тығыз байланысын үзбей үлкен өмірге жолдама берген алтын ұясының әрбір жетістігі мен жеңісіне бірге қуанып отыратынын айтады.
Университет пен түлектер қоғамдастығы арасындағы дәнекер, іс-шараның ұйытқысы – ҚазҰУ түлектері қауымдастығы. Қауымдастықты 1981 жылғы заң факультетінің түлегі, Конституциялық Кеңес Төрағасы Қайрат Мәми басқарады. Төралқа құрамына Олжас Сүлейменов, Мырзатай Жолдасбеков, Кенжеғали Сағадиев, Ақмарал Арыстанбекова, Арманжан Байтасов, Алмасадам Сәтқалиев, Нұрлан Смағұлов және т.б. танымал тұлғалар енген.
II форумның іс-шараларына университет шәкірттері, мемлекеттік құрылымдар, ғылыми қоғам, бизнес-қауымдастық, Қазақстаннан, алыс және жақын шетелдерден келген серіктес жоғары оқу орындарының, Қазақстандағы дипломатиялық миссиялардың өкілдері, университет оқытушылары қатысты.
Мереке меценаттардың университетке тарту еткен Құрмет тақтасының тұсаукесерімен басталып, әл-Фараби және Өмірбек Жолдасбековтің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсіміне ұласты. Қонақтар назарына ҚазҰУ жетістіктерінен сыр шертетін арнайы фотокөрме ұсынылды.Форумның салтанатты ашылуында сөз алған Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды. ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов, Парламент Сенатының аппарат басшысы Серік Сыдықов, Парламент Мәжілісінің вице-спикері Гүлмира Исимбаева, ақын Олжас Сүлейменов, Ішкі істер вице-министрі Рашид Жақыпов, БҒМ департаментінің директоры Әділет Тойбаев, «Astana Group» компаниясының президенті Нұрлан Смағұлов және басқа да белгілі түлектер сөз алып, жиналған жұртшылықты атаулы күнмен құттықтады.
ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтановтың айтуынша, альма-матер – отандық элита кадрлардың басты «ұстаханасы». Бүгінде ҚазҰУ әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналып келеді. QS жалпы танылған халықаралық рейтингте әлемнің 800 үздік ЖОО ішінен 220-орынға табан тіреп, топ-250 университеттің қатарына енген. Әлемдегі ең экологиялық 200 жоғары оқу орнының және технологиялық дамыған 50 университеттің сапына кіретін оқу ошағы «Түркі әлемінің ең үздік университеті» деп танылған.
«Түлектер күнін тойлау идеясы Елбасының «Туған жер» бағдарламасымен үндеседі. Отанға деген құрмет еліне, туған ауылы мен қаласына деген махаббаттан басталады. Түлектеріміздің өзі білім алып, студенттік шағын өткізген, альма-матерге деген ерекше ықыласы – бұл да жалпыұлттық патриотизмнің ең ерекше қыры. Біз еліміздің экономика, ғылым, білім, мәдениет салаларына қомақты үлесін қосып жүрген түлектерімізді мақтан тұтамыз», деп атап өтті университет ректоры.
«Мен Қазақстанның ең үздік жоғары оқу орнының түлегі екенімді мақтанышпен айтып жүремін. Альма-матер құрылған сәттен бастап дарынды да талантты мамандарды жинады. Қазіргі таңда түлектер біздің тәуелсіз республикамыздың дамуына атсалысып, ел игілігі жолында еңбек етіп келеді», деді Олжас Сүлейменов.
Форумда университетпен тығыз байланысты қолдап қана қоймай, альма-матерге демеушілік көрсетіп жүрген бірқатар түлектер марапатталды. Атап айтар болсақ, «ҚазҰУ меценаты» сертификаттары механика-математика факультетінің түлегі Асылбек Қожахметовке, журналистика факультетінің түлегі Арманжан Байтасовқа, химия факультетінің түлегі Абдрасил Жарменов пен Зелина Катрановаға табысталды.
Сонымен қатар әл-Фараби атындағы ҚазҰУдың «Ерен еңбегі үшін» медалімен Олжас Сүлейменов, Еуразиялық гуманитарлық институтының ректоры, 1969 жылдың түлегі Амангелді Құсайынов, белгілі қоғам қайраткері Рахман Алшанов, «Еуразия» бірінші арнасының бас директоры Сергей Киселев, «Білімді ел» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Ләззат Түркістанова марапатталды.
Форум аясында «Bіzdіń elıta – Наша элита» кітабының үшінші томының тұсауы кесіліп, альма-матер жетістіктері туралы фильм көрсетілді. Ресми іс-шаралар гала-концертпен аяқталды. Түлектер күні факультеттердегі кездесулермен жалғасып, қонақтар үшін кампус-тур ұйымдастырылып, түлектер балы өтті. АЛМАТЫ