Балалар өмірін, денсаулығын, құқығын қорғау туралы федерацияның бастамасын БҰҰ өзінің негізгі міндеттерінің бірі ретінде қабылдап, қолдау білдірді. Елімізде де атаулы мереке жыл сайын тойланады және БҰҰ жанындағы Unicef қоры қазақстандық балалардың өмірін жақсартуға атсалысып келеді. Айталық, Unicef Еуропалық одақпен бірлесіп түрлі жағдаймен сотқа тартылған, қылмыс жасаған еліміздегі балалар мен жасөспірімдерді қоғамға қайта бейімдейтін жоба жасады. Соның нәтижесінде 86 бала қатарға қосылды.
«Жетім көрсең, жебей жүр» дейді халқымыз. Бұл сөз бүгінде мемлекеттік дамудың алғышартына айналғандай. Балалардың құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Мәншүк Әбдікәрімнің айтуынша, 2008-2009 жылдары балалар үйлерінде 18 мыңнан аса бала болса, 2018 жылы 6 мың бала болған. Жетім балалардың санын 12 мыңға дейін азайтуға қоғамның патронаттық тәрбиеге көңіл бөлуі мен мемлекет тарапынан жасалған түрлі бағдарлама, жобалар ықпал етіп отыр. Бұдан бөлек, қиын жағдайға тап болған немесе қандай да бір көмекті қажет ететін балаларға арнап елімізде тегін 111 – сенім телефоны жұмыс істейді. Бұл – отбасылық, оның ішінде балалар құқықтарына қатысты психологиялық және заңгерлік кеңес беретін желі.
Қазақстанда 2018 жылы 397 799 сәби дүниеге келген. Әр жылда туатын осынша баланың өмірі – мемлекетіміздегі демографиялық саясаттың басым бағыты. Сондықтан да бала денсаулығы – басты назарда. Бұл саладағы жұмыс өз жемісін беріп келеді. Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаменті директорының орынбасары Зәуре Ахметова соңғы 25 жылда атқарылған іс-шаралар арқасында Қазақстандағы бала туу көрсеткіші 19,6 пайызға өскенін айтады. Ал бала өлімі 3,4 есе, ана өлімі 5 есе азайған.
1 маусым – біздің балалар үшін асыр салар жазғы демалыстың бастауы. Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова оқушылардың каникул уақытын көңілді де тиімді және қауіпсіз өткізуі үшін 236 қала сыртындағы, 11 мыңға жуық мектеп жанындағы, 1750-ден астам шатырлы лагерь жұмыс істейтінін жеткізді. Мұндай игі іске халықаралық, мемлекеттік мекемелер ғана емес, жекелеген ұйымдар да белсенділік танытуда. Мәселен, биыл 4 324 баланың демалысын ұйымдастыруға еліміздің 11 өңіріндегі ауылшаруашылық, мұнай, газ, тау-кен, энергетика салаларындағы компаниялар мен жеке кәсіпкерлер 504 млн теңге бөліп, қолдау көрсеткен.
Бала деген болашақ сөзінің баламасындай. Содан болар, атамыз қазақ қашанда ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы деп қарайды. Бүгінгі балалар – болашағымыздың бет-бейнесі. Біз солар арқылы еліміздің ертеңін қалыптастырамыз.