Оны кезінде Дәулеткелдиев деген татар көпесі өз қаражатына салдырыпты. Қазан төңкерісіне дейін мұсылман жамағатының Алла тағалаға құлшылық ететін діни мекеме ретінде жұмыс істеп келген. Кейін сыңаржақ саясаттың салдарынан қиратылып, қабырғалары мен минареті ғана сақталған.
«Жиырмасыншы ғасырдың басында Петропавл қаласында 9 мешіт болған. Солардың бірі 1870 жылы бой көтерген Дәулеткелиев мешіті ең көнесі саналады. Біз оны қалпына келтіріп, ислам мәдени музейіне айналдыруға шешім қабылдадық. Нысан Қазақстан мұсылмандар діни басқамасының меншігіне өткізілетін болады», деп жазды аймақ басшысы Құмар Ақсақалов әлеуметтік желі парақшасында.
Бүгінде облыс орталығында бес мешіт жұмыс істесе, екеуі мемлекет тарапынан қорғалатын архитектуралық ескерткіш мәртебесіне ие.
Өңірдегі тағы бір көне діни ғибадатқаналардың бірі – Касимов мешіті. Ол қаланың шеткері ауданы Ойқала жақта орналасқан. Онда бүгінде техникалық қызмет орталығы мен сауна қызмет көрсетеді.