Негізі «Жусан» операциясының басты мақсаты да алдымен балаларды құтқару болатын. Бұл жолы да таратылған бейнекадрларға көз жүгіртер болсақ, бейкүнә балалардың көбінің ұлты қазақ екендігін жүзінен аңғарсаң да, біразы сол қанды қырғын аумағында дүниеге келген тәрізді. Тиісінше, тойып тамақ ішпек түгілі, ешқандай құжаттарының ресімделгеніне күмән келтіресің. Оның үстіне, ресми орындар балалардың бірқатарының тұл жетім екендігін растады – ата-аналары Сирияда оққа ұшқан немесе жоғалып кеткен.
Сол деректерге қарағанда, «Жусан-3» қорытынды операциясының аясында елге қайтарылғандардың ішінде 67 әйел бар екен.
Бота көздері жәудіреп, белгісіз жаққа асыққан бүлдіршіндердің бірқатары қазақ жауынгерлерінің құшағында ұшаққа жеткенше қалғып кетті. Олар елге жеткізілген соң дәрігерлік тексерулерден кейін бейімдеу орталықтарына орналастырылған.
Жалпы, соғыс ошағы аумағынан өз азаматтарын шығарып алуға әлемнің көптеген елі талпыныс жасап жатқанымен, біздің еліміз мемлекеттік органдардың ықпалдастығы мен әлемдік серіктестерінің көмегімен қазірдің өзінде ауқымды жұмыстар атқарып үлгерді. Оның жарқын дәлелі қысқа уақытта құтқарылған – 357 бала. Олардың бейбіт аспан астында өмір сүру құқығын мемлекет абыроймен жүзеге асырды.
Өсе келе сол 357 бала елге мінсіз қызмет етіп, әрқайсысы бір-бір шаңырақтың түтінін түтетіп, ұлтымыздың ұпайын түгендей түссе екен деген тілек бар. Міне, Елбасы бастамасымен былтыр қолға алынған «Жусан» гуманитарлық операциясына әзірге осындай қалың нүкте қойыла тұрады. Жалпы, бұл операцияның түйінді сәті де 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне сәйкес келуі де кездейсоқтық емес шығар.