Сенбі, 27 сәуір 2013 1:59
Қазіргі уақытта зейнетке шығу жасын ұлғайту мәселесі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Оның ішінде, әлеуметтік-экономикалық ахуалды қалыптастыру мен дамытуға зор үлес қосып келе жатқан, сондай-ақ отбасында да күйбең тіршілікпен тыным таппайтын нәзік жандылардың зейнетке шығуын 63 жасқа дейін көтеру күн тәртібінен түспей тұр. Бұған біздің қоғам қаншалықты дайын?
Сенбі, 27 сәуір 2013 1:59
Қазіргі уақытта зейнетке шығу жасын ұлғайту мәселесі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Оның ішінде, әлеуметтік-экономикалық ахуалды қалыптастыру мен дамытуға зор үлес қосып келе жатқан, сондай-ақ отбасында да күйбең тіршілікпен тыным таппайтын нәзік жандылардың зейнетке шығуын 63 жасқа дейін көтеру күн тәртібінен түспей тұр. Бұған біздің қоғам қаншалықты дайын?
Бір нәрсенің басы ашық. Зейнетке шығу жасын ұлғайту ұлттың қартаюына жол бермей, қоғамдағы белсенділікті арттыратыны сөзсіз. Сонымен қатар, әйелдердің зейнетақысын есептеуде де оларға қомақты қаржы тағайындауға мүмкіншілік береді. Өйткені, еркектерге қарағанда жалақысы төмендеу әрі декреттік демалыс секілді түрлі жағдайлардан аз жұмысқа шығатын әйелдердің ертеңгі күні өздеріне тиесілі зейнетақыны тағайындауда көп қаржыдан қағылып жатқанын өтірікке шығара алмаймыз. Оған еркектермен салыстырғанда әйелдердің өмір сүру жасының ұзақтығын да қосыңыз.
Қазіргі таңда аталған мәселемен әлем де бетпе-бет келіп отыр. Оны әлемдік дағдарыспен салыстыратындар бар. Алайда, бұл үйде масыл болуды қаламайтын еңбекқор қартаң азаматтары бар, кез келген жастағы қоғам мүшелері жұмыс істеп нәпақа табуды жөн санайтын нарықтық экономикада қисынсыз деуге болады.
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, зейнеткерлік жасты ұлғайтуды дамыған елдер де құп көреді. Мәселен, 2010 жылдан бері әйелдердің зейнетке шығу жасы Германияда – 67, Италияда – 65. Дания мен Норвегияда әйелдер зейнетке 67 жасында, Швейцарияда 64 жасында шығады. Ал халқы ең көп жасайды дейтін Жапонияда әйелдер мен ерлер өз еңбектерінің зейнетін 70 жасында, Австрия, Испания, Канада, АҚШ, Швецияда 65-ке жеткенде көре алады.Сонымен қатар, халықтың қартаю үдерісін ескере келе, Ұлыбритания, Франция, Оңтүстік Корея, Чехия, Әзербайжан, Украина, Эстония зейнетке шығу жасын ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Осы орайда, зейнетке шығу жасын ұзартудың астарынан басқа нәрсені іздеген жөн сияқты. Меніңше, оған қарағанда, осы жаңғыртулар негізінде қолға алынатын мәселелерді жан-жақты қарастырып, сүбелі де соқталы бағдарламаларды қабылдауды қолға алған дұрыс деп ойлаймын. Айталық, зейнеткерлік жасқа шығуды ұзартуға байланысты жұмыс берушілерге жасы ұлғайғандарды жұмыстан қысқартуға шектеу қою секілді міндетті талаптарды күшейту керек. Жұмыссыздықпен күресті күшейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашу, оны көбіне ауылды жерлерде жолға қою қажет. Еңбек демалысын заңмен реттеу және оған қатысты санаторийге барып ем алу демалыстарын қаржыландыруды енгізген дұрыс. Әсіресе, ең естен шығармауды қажет ететін шара – аналардың өмірге ұрпақ әкелуіне барынша жағдай жасау.Экологиялық мәселелерді бірінші кезекке қойып, медициналық қызметті көтеру, өндірістік жауапкершілікті арттыру. Осы секілді өте күрделі мәселелерді назардан тыс қалдырмайтын болсақ, жолында жүк қалдырмайтын нәзік жандылар қандай жұмысқа болса да даяр.
Ақиқатын айту керек, үйде ұзақ отырып қалған әйел адамдар тез қартаяды. Сондай-ақ, зейнетке шықса да үйреншікті кәсібін қия алмай, талай жылдар бойы жұмыста жүрген апа-әпкелерімізді қай саладан да кездестіресіз. Бұл орташа өмір сүру деңгейінің ұзарғандығының көрсеткіші ғана емес, тәжірибелі мамандарға деген сұранысты білдіреді.
Жасында бейнет шексе де, қартайғанда зейнет көрудің қамын ертеден ойлаған біздің халқымыз ерте тұрып, кеш жатуды ұрпағына үлгі тұтуы тегін емес. Елдің ырысы артып, дастарқаннан дәмнің үзілмеуі де сол еткен еңбектің жемісі. Сондықтан, бұл менің пікіріме көптеген әріптестерім келіседі деп ойлаймын. Өйткені, кешегі нарықтық заман келгенде отбасы үшін барлық келеңсіздіктерге дайын екендігін дәлелдеп, ауыр қап арқалап аналардың көшеге шығып кеткенін де ешкім ұмыта қоймас.
Динар НӨКЕТАЕВА,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық
университетінің ректоры.