• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Маусым, 2019

Асқақ мұрат, жалындаған жастар

806 рет
көрсетілді

Ел игілігі жолындағы белсенді еңбекке қатысу жолдары сан-салалы болғанымен, көңілді күпті ететін жайттар аз кездеспейді. Мысалы, бүгінде шешуші ұлттық факторға айналып отырған жасампаз еңбекке кейінгі толқынды тарту, ынталандыру жайы қалай деген сауал қойылса, күмілжіп қалатынымыз рас. Өйткені жастар ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге бейім, масылдық пиғыл басым, қоғамдық пайдалы іске ынтасыз, құлықсыз деген секілді айыптаулар жиі айтылатындықтан кейде таразы басы қай жаққа ауатынын білмей дал боласың. Жаһандық бәсекелестік жағдайында бұл буынның арасында шынайы өндірістік еңбектің қадірі төмендеп, беделі түскендей көрінгенімен, шын мәнінде, олай емес екеніне Ж.Қизатов атындағы ауыл шаруашылығы колледжінде өткен «Жас келсе – іске!» атты ауылдың еңбекші жастарының республикалық форумында жауап тапқандай болдық.

Салалық кәсіподақ қыз­меткерлері, әлеуметтік әріптестер, Ақмола, Қос­­танай, Қызылжар өңір­лерінен жиналған делегаттар алдында сөй­ле­ген сөзінде Қазақ­стан кә­сіп­одақтар федера­ция­сы­ның төрағасы Бақытжан Әб­дірайым Жастар жылы аясында ұйымдастырылып отырған диалог алаңы­ның мән-маңызына тоқ­талып, өмірлік еңбек ұс­та­нымдарын, ынталан­дыру қағидаттарын қа­лып­тастыру, жаңа мамандық­тарды меңгеру, тоғышар­лық психологиядан арылу, заңды құқық­тарын білу мәселелері бойынша ашық тал­қылауға бір кісідей қа­тысып, ұсыныстар айту­ға шақырды. Еліміздің қоғамдық өмірінде, нақты экономика саласында жас­тарымыздың алатын орны зор. Біз кәсіподақ тарапынан қордаланған түйткіл­дер мен кедергілерді жоюға әркез көмектесіп отырамыз. Федерацияға 2 миллионға жуық адам мүше болса, үштен бірі – жастар. Олар­дан белсенді іс-қимыл, бәсекеге қабылеттілік қары­мын күтеміз, деді ол сөзінің соңында.

Ақмола облысынан келген Дәулет Есқақов кадр тап­шылығын теріскей ай­мақ­­тардағы өзекті мәсе­лелердің біріне атады. Ол жас мамандардың тұ­рақтамауын әлеуметтік жағдайлардың толық жасалмауымен байланыс­тырды. Ауыл жастары же­ке кәсіп құруға, шағын бис­неспен айналысуға ниет­­тенгенімен, шарасыз. Себебі несие алайын десе, кепілге қоятын дүние-мүл­кі жоқ. Екіншіден, «Дип­ломмен – ауылға!» бағ­дар­ламасы арқылы ор­нық­қан жастар үшін баспана сатып алуға берілетін қаражаттың көлемін 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтқан дұрыс. Қазір на­рықтағы үйлердің бағасы қымбат. Үшін­шіден, өндірістік тәжірибеге кел­ген студенттер ішкі жаңа­лықтардан хабарсыз болып жатады. Сондықтан үй­ретуші тәлім­герлер, кураторлар тағайындау дәс­түрін қайта жаңғыртқан жөн.

Петропавлдағы І.Дәуі­тов атындағы қызмет көр­сету саласы колледжінің студен­ті Снежана Бельдің айтуынша, техникалық білім беру ұйымдарында материалдық-техникалық база ескірген, жаңалауды қажет етеді. Тіпті қарапайым құрал-жабдықтардың өзі қат. Заманауи құрыл­ғы­ларды қалай пайдалануды білмегендіктен кәсіби білім­ділік кемшін түсіп жатады. Өндірістік тәжірибеден өткендерге еңбекақы төлеу ұсынысы да аяқсыз қалып келеді. Осы жағынан жұ­мыс берушілерді міндет­тейтін пәрменді шара керек секілді. Қостанай облысы С.Баймағамбетов атындағы Әулиекөл мек­теп-гимназиясының мұ­ғалімі Анастасия Жукова шетелдерде тәжірибе жи­­нақ­тауға мүм­кіндік бе­ріл­се деген өтінішін айтты. «Мен ағылшын тілін үй­рену курсынан өт­тім. Бі­лі­мімді одан әрі же­тіл­діргім, толықтырғым ке­леді. Сырт жерде білім бе­рудің, оқы­тудың тың тә­сіл­де­рімен танысу артық­тық ет­пес еді», деді жаңашыл ұстаз.

Жиналғандар ауыл ша­руашылығы саласының нағыз кәсіп иесі, Уәлиханов ауданы «Жолдасбай-Агро» ЖШС-нің бақ­ташысы Рауан Бралиннің сөзін ұйып тыңдады. Төгілген тердің өтеуі ретінде кеудесінде үшінші дәрежелі «Ең­бек даңқы» ордені жарқырайды. Ол бар бақытын ауылдан тауып, кәсіби біліктілік­тің озық өнегесін көрсетіп ке­леді. «Еңбек етсең емер­сіңнің» бір мысалы бұл! Республикалық ауыл ша­руашылығы ардагерлері кеңесі басқармасының төр­ағасы Михаил Трошихин, «Akademy of labour relations» мекемесінің бас директоры Бибігүл Нұрашева, Сол­түстік Қазақстан облыстық кәсіподақтар бірлестігінің жетекшісі Ерік Нұрақаев, жергілікті кәсіп­керлер па­латасының директоры Дархан Қалиев, тағы бас­қалары жасаған баянда­малары мен сөйлеген сөзде­рінде жас ма­ман­дардың еңбек жолында кездесетін кедергілерді еңсерудің жолдарын ортаға салды.

Есіл ауданы «Азия-Тораңғұл» ЖШС-нің бас­шысы А.Гольцердің жас­тарға қамқорлығы өзге­лер­ге үлгі етілді. Мұн­да ондаған баспана, фельд­шер­лік-акушерлік пункт тұрғызылып, мәдениет үйі қалпына келтіріліпті. Ма­мандарды қысқа мерзімді курстарда оқытып, шебер­лігін жетілдіру мақсатымен жылына 1,5 миллион теңге бағытталады. «Ақ­селеу», «Нежинка-Ерке», «Мәм­бетов және К», «Гусаковка», «Қос ағаш» секілді шаруа­шылықтарда да жас ма­мандар үшін бірқатар әлеу­меттік жеңілдіктер қарас­тырылған.

Б.Әбдірайым кәсіп­одақтар қозға­лысының бел­сенділеріне 300 мың тең­генің ақшалай сертификаттарын табыс етті.

 

Солтүстік Қазақстан облысы