Осы сауалға Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев айқын жауап берген болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы «біз «Boeing» ұшағын жасап Американың алдына түсе алмаймыз. Біз «Мерседес» машинасын құрастырып, Германиядан оза алмаймыз. Қазақстанның жері ұлан-ғайыр, төрт түлікті өсіруге жайылымдық жер жетеді. Ауыл шаруашылығын өрістету арқылы өз жолымызды айқындап аламыз» деген сипатта ой айтқан еді.
Бүгінде Қазақстан Елбасы көрсеткен сара жолды нық ұстап келеді. Қызылорда облысы осы тапсырманы орындауда елімізде алдыңғы қатарда деуге болады. Облыс әкімі Қ.Көшербаевтың ұйытқы болуымен жаңа жұмыс орындарын ашу, 2018-2020 жылдардағы өңірлік өнімдегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің үлесін арттыру және жұмыссыздар мен өзін өзі нәтижесіз жұмыспен қамтығандардың санын азайту мақсатында аймақта жаппай кәсіпкерлікті дамыту мен қолдаудың үш жылдығы жарияланды.
Ауылдық округ пен аудан әкімдері, кураторлар – ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға жауапты аймақтық департаменттер мен инспекциялардың, басқарма мен өңірлік қаржы институттарының басшылары қатысқан жиналыста облыс әкімі:
«Жылдың басында жұмыссыздар мен өзін өзі нәтижесіз жұмыспен қамтығандар саны 97,5 мың болса, бүгінде олардың саны 35,8 мың адамды құрайды. Яғни, 62 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған және ресми түрде тіркелген. Оның ішінде 14 мыңнан астам адам жаппай кәсіпкерлікті қолдау шаралары аясында жұмыс істеуде. 2018 жылдың соңында шағын және орта бизнес субъектілерінің үлесі кемінде 15 пайызды құраса, 2020 жылы 25 пайызға жетуі керек. Мемлекет басшысының бастамасы бойынша, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы тағы 5 жылға ұзартылды. Осыған орай, ауылдық округтердегі кәсіпкерлікті дамытуға жауапты тұлғаларға ауыл әкімдерімен бірлесіп, нақты жобалар аясында, оның ішінде зәкірлі жобаларды қолдауды және олар іске қосылғанша бақылау жасауды тапсырамын», деді. Осы жұмыстар бүгінде жақсы жемісін беріп жатыр.
Өткен жылы жаппай кәсіпкерлікті дамытуға әртүрлі қаражат көздерінен 32 млрд теңге бөлінсе, биыл 34 млрд теңге қаралды. Бұдан бөлек, жаппай кәсіпкерлікті дамыту мақсатында аумақ басшылары ауылдық округтерге жауаптылыққа бекітілді. Осы орайда облыс әкімі тұрақты түрде мемлекеттік органдардың басшыларының есептерін тыңдап, тапсырмаларын беріп тұрады.
Өңіріміздегі мемлекеттік бағдарламаларға келейік. Біз жыл басынан бері «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының қаражатын күтпей-ақ, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы микронесиелер беру үшін облыстық бюджеттен 500 млн теңге бөлдік. Қазірдің өзінде, орталықпен жалпы құны 525 млн теңгені құрайтын 106 жоба қаржыландыру үшін мақұлданды.
«Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы құны 1,6 млрд теңгені құрайтын 58 жоба субсидиялау үшін мақұлданды. Облыс әкімі бұл бағдарлама бойынша қала және аудан әкімдіктеріне банктерден тиісті қаражаттарды тартуды тапсырып келеді. Бағдарламаның 5 жылға ұзартылғаны мәлім. Оған қоса биыл елімізде өңдеуші өнеркәсіп саласын дамыту мақсатында Үкімет «қарапайым заттардың экономикасы» жаңа бағдарламасын іске асырып жатыр. Бұл үшін Ұлттық банк арқылы екінші деңгейлі банктерге 600 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылды. Мақсат – осы бағдарлама аясында жаңа өндіріс көздерін ашып, экспорт көлемін ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын құру, инвестиция көлемін ұлғайту. Бағдарламаны іске асырудың өзектілігін насихаттау мақсатында облыстық кәсіпкерлік және туризм, индустриялық-инновациялық даму, ауыл шаруашылығы басқармалары, кәсіпкерлер палатасы мен қаржы ұйымдары барлық қала және аудандарды аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бағдарлама аясында қаралған қаражатты облысқа барынша тарту бағытында жұмыстарды жалғастырып келеді. Бұл бағдарламаның өңірімізде жаңа өндіріс көздерін ашып, экспорт көлемін ұлғайтуға үлкен мүмкіндік беретіндігін түсінуіміз қажет және облысқа инвестиция тарту бағытында жұмыстарды жандандыруға тырысамыз. Бұл, әрине тек мемлекеттік бағдарламалар аясындағы қолдау шаралары.
Бұдан өзге облыста әкімшілік кедергілерді азайту бағытындағы жұмыстар да жалғасын тауып, әртүрлі тақырыптағы іс-шаралар, яғни форумдар, семинарлар, көрме-байқаулар, тренингтер де өткізілуде.
Өткен жылы кәсіпкерлік саласындағы барлық мекемелер бір бизнес орталыққа біріктірілген «Кәсіпкерлер үйі» ашылды. Онда 40-тан аса қызметті, оның ішінде жер мәселесі бойынша, сәулет және құрылыс, инженерлік желілерге қосылу қызметтерін тегін көрсететін Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Кәсіпкерлердің, жалпы кәсіппен айналысамын деген облыс тұрғындарының кез келген қызмет түрін «бір терезе» қағидатымен алу мүмкіндіктері бар. Оған қоса кәсіпкерлік саласындағы іс-шаралардың басым бөлігі осы Кәсіпкерлер үйінде өткізіледі. Өткен жылы кәсіпкерлік саласын, әйел кәсіпкерлігін, мүгедек кәсіпкерлерді, сондай-ақ жастарды қолдау мақсатында облыстық деңгейде «Жастар форумы», «Іскер әйел кәсіпкерлер форумы», «Байқоңыр стартап 2», «Өзіңе сене баста» сияқты көрме-байқауы және өзге де семинарлар өткізіліп, нәтижесінде ақшалай, ынталандыру сыйлықтарымен және алғыс хаттарымен марапатталды. Аталған іс-шаралар биыл да өз жалғасын табады және қосымша Жастар жылына арнап «Ауылдың жас кәсіпкерлер форумы», Жастардың 2 форумы, «Байқоңыр стартап 3» көрме-байқауы және өзге де іс-шаралар өткізіледі. Яғни, шағын және орта бизнесті жаппай дамыту және қолдау бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Халқымызда «көз қорқақ, қол батыр» деген аталы сөз бар. Көп адамдар өз мүмкіндігіне көңілі сене бермейді. Сонау Кеңес Одағынан қалған «Үкімет өлтірмейдіге» малданып жүргендер әлі де бар. Қазір – нарық заманы. «Алма – піс, аузыма түстің» уақыты өтті. Тәуекелдің қайығына мінгендердің бүгінде асығы алшысынан тұрып, кәсібін жақсы игеріп, пайдаға шықты. Мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып, кәсібін нығайтумен қатар жаңа жұмыс орындарын ашып жатыр.
Облыс әкімдігі әр ауданның даму жоспарын айқындап, әр ауылдағы шағын және орта кәсіпті көптеп ашуға жәрдем беру үшін өз орынбасарларынан бөлек басқарма басшыларын да жауапты етті.
«Мемлекет барлық жағдайды жасауда: қаражат бөлінді, бағдарламалар әзірленді, сіздерден тек осы жұмыстарды өңірімізде ұйымдастыруға деген ниет қажет. Біз облыс тұрғындарының әл-ауқатына жауаптымыз. Нәтижелі жұмыс істеуге тиіспіз. Жыл соңында әрқайсыңыздың есептеріңіз тыңдалып, жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлестеріңіз қарастырылатын болады», деген болатын облыс әкімі.
Атқарылып жатқан жұмыстарға аудан, ауыл әкімдерімен бірге сала басшыларының жауапкершілікте болуы жоспардағы жұмысты жандандырды. Облыста қолға алынған, жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жобасына «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры да айтарлықтай үлес қосып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысында кәсіпкерлікті дамыту бойынша атқарылатын шараларды негізгі 9 бағытта атап өтті. Аталған құжат кәсіпкерлік саласын дамытуға негізделген өзекті мәселелерді шеше отырып, ел экономикасының локомотиві болуы тиіс.
Оған қоса, күні кеше жалпы бюджеті 219 млрд теңгені құрайтын Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2020-2022 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Оның ішінде 10,7 млрд теңгесі кәсіпкерлік саласына тиесілі. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлік саласының басым бағыттарға ие екендігінің дәлелі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы Қызылорда өңірінде осылайша тиянақты орындалып жатыр.
Фердоуси ҚОЖАБЕРГЕНОВ, Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Қызылорда облысы