Қасымовтар әулетін сахнаға механизатор болып еңбек ететін отағасы Берік бастап шықты. Өмірлік жары Гүлзира – аспаз. Ол жергілікті шығармашылық сайысында «Әншілік шеберлік» аталымында жеңіске жетіпті. Яғни дәмділігі тіл үйірер ас мәзірін дайындаудан басқа да өнері жетіп-артылады. Төрт ұл-қызын құтты жеріне қондырып, жеке отау етіп шығарған екеуінің бір шаңырақ астында түтін түтеткеніне – 35 жыл. Түрлі мамандық иелерін тоғыстырған қарапайым әулеттің «Туған жерге туыңды тік» аталымы бойынша озып шығуы лайықты көрсетілген қошемет екені даусыз. Үлкенге құрмет, кішіге ізет қасиеттері бойларынан самала желдей есетін көп балалы Артықбай мен Балзия Нұрметовтер «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында Қызылжар ауданы Бәйтерек елді мекеніне қоныстанғаннан бері қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан көрініп жүр. «Дуслук» өзбек мәдени орталығының белді мүшелері саналады. Еңбекқор, алдарынан жұмыс үркіп отырады десе де болады.
Жұртшылық сахна төріне көтерілген Топаевтар, Қанафиндер және Кияевтер патронаттық отбасыларына да дүркірете қол соқты. Топаевтар ата-ананың қамқорлығынсыз қалған екі орыс баласын мәпелеп өсіріп отыр. Юра әке жолын қуып, тұрмыстық бұйымдар жасаумен шұғылданады. Болашақта дизайнер болғысы келеді. Ерлі-зайыпты Кияевтер бес қызды бауырына басқан. Валерия қазақ тілін, Валя домбыра тартуды меңгерген. Ынтымағы жарасқан Азамат пен Гүлзат Қанафиндер кіндіктерінен өрбіген екі балаға жетім балалар үйінен төрт баланы қосып алыпты. Педагогикалық жұмыс өтілі бір ғасырға парапар Ескендіровтер әулеті облыс орталығындағы жанға жайлы тыныш өмірін ауылдың тынымсыз тірлігіне айырбастағанына еш өкінбейді. 10 ұл-қыз өсіріп, 20-ға жуық немере сүйіп отырған Зият ата, Ботагөз әже жасына жетіп, шаттығы шалқыған шаңырақты сүттей ұйытып отыр.
Осылайша «Ел деп келген бауырлар», «Ана жүрегінің жылуы», «Ұрпақ сабақтастығы», «Шебердің қолы ортақ» аталымдары өз иелерін тапқаннан кейін жүлдегерлер мен жеңімпаздарды марапаттау басталды. Тайынша ауданынан келген Шатарбай отбасы үшінші орынға лайық деп бағаланды. Дәуей ақсақал он саусағынан өнер тамған шеберлікті Моңғолияда үйренген. Атамекенге оралғаннан кейін Келлеровка ауылында қолданбалы өнер мұражайын ашып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде біраз іс тындырған. Екінші орынды иеленген Машиковтардың абыз ақсақалы Айдархан мен құдай қосқан қосағы Гүлшара екеуін 11 ұл-қыз, 31 немеренің қызығын көріп отырған мәуелі бәйтерек дерсің.
Гран-при бас жүлдесін облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев шалғайдағы Уәлиханов ауданының намысын арқалай келген Мұхамедияровтар отбасына салтанатты түрде табыс етті. Отағасы Болат 31 жыл энергетик болып еңбек еткен. Асыл жары Мафруза – «Республика ағарту ісінің үздігі». Ұлдары мен қыздары, немерелері шетінен өнерпаз, әнші, күйші, биші.
«Мерейлі отбасы» конкурсына қатысушыларға бағалы сыйлықтар тарту етілді.
Солтүстік Қазақстан облысы