• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 05 Маусым, 2019

Сөз сойыл №82

8193 рет
көрсетілді

Болмаса екен  кезекті  бір қойылым

Тағы ауылға бұрды үкімет мойынын,

Халықпенен бастап тағы ойынын.

Миллиардтап қаржы жұмсап бұл іске,

Болмаса екен кезекті бір қойылым.

Мемлекет бөлген қаржы ертең кеп,

Сенер едім ауыл жатса өркендеп.

Басымыздан өткен талай кезеңдер

Бағдарларын елге жайған көркемдеп.

Сөз айтпас ем ондай жолдан өтпесек,

Шенеуніктер ауызымен от көсеп.

Ақиқатты жасырмаса бұқтырып,

Ауыл, мүмкін, азып-тозып кетпес ек.

«Келешегі жоқ» деп үкім тағылып,

Көп ауылдың аты өшті жабылып.

Мектептер де ұсақталып барады,

Ауылдан көш кетіп жатыр ағылып.

– Өзге елдерге боламыз, – деп, – өнеге,

Алақайладым, айқаймен іс өне ме?

Дәл бүгінгі ауылдардың келбеті

Өркендеуден көп ұқсайды көнеге.

Бүтіндей-ақ көрінгенмен сыртынан,

Ауылдардың келешегі бір тұман.

Осы жерде сондай ауыл болған деп,

Орнын сипап танимыз-ау жұртынан.

Қойшыбай ШӘНИЕВ

Солтүстік Қазақстан облысы

Теңін табу қиын

– Мен өмірден өзім сияқты адамды тапқан кезде ғана үйленем, – деп сеніммен айтқан Дүйсен деген ағайын жігітке Мергенбайдың жауабы дайын еді.

– Онда сенің үйленуің қиын болар...

– Неге, аға?

– Әйелдер арасынан сен сияқты даңғойлау адам кезіге қояр ма екен, – депті Мекең күйініп.

Ұмытпаған ит

Кезінде қатты өтініп, өлердегі сөзін айтып, біраз қаржы қарыз алған Асанға Мергенбай сол қарызын еске салады.

– Ұмытқаным жоқ, Меке, реті келмей жатыр, – дейді ол. – Түскен қаржы әрнеге жұмсалып кетеді. Ұмытқаным жоқ, берем ғой.

– Ұмытпағаның дұрыс. Алған иттердің кейбіреуі ұмытып кетеді, – депті Мекең.

Кімді-кім тыңдауы керек

– Менің өмірден түйгенім, екі ақылды адамның бірге өмір сүруі қиын, – деді Қадыр. – Біреуі ақымақтау болғаны жөн. Екеуі де ақылды болса, ақыл жарыстырады. Ал екі түрлі болса, ақымақтауы ақылдысын тыңдайды.

– Соңғы тұжырымыңа күмәнім бар, – депті сонда Мергенбай құрдасына. – Ал сен неге Айшаны тыңдамайсың?

Иті шыққан өмір

– Әйелге сенуге болмайды, – дейді Қосын тосын әңгіме бастап. – Олар алдайды. Оны мен өз өмірімнен білем.

– Өміріңнің итін шығарған екенсің-ау, айналайын, – депті Мергенбай. – Енді оны айқайлап, жария етпесең болмай ма?

Жеңістің иесі бар

– Менімен айтысып, осы күнге дейін ешкім жеңген емес, – деп Сәуірбай мақтанды.

– Кіммен айтысып жүргеніңді кім білген, ал ақымақ пен ақылды айтысқанда ақымақтың жеңетіні заңдылық, – депті Мергенбай.

Орынды айтылғанға өкпелеме

– Қорабай бастық маған жұрттың көзінше топас, надансың деді. Соған мен ашулануым керек пе, Мәке? – деді Табыл дейтін ауылдасы.

– Ашуланбауың керек-ау, – депті Мергенбай. – Мына сөзіңе қарағанда ол орынды айтқан-ау, шамасы.

-Шындықты айту қиын

– Меке, сіз барлық уақытта да шындықты айтып келесіз бе? – дейді Бейсен ауылдасы. Біртүрлі сөзінен кекесін аңғарылғандай ма, қалай?

– Жоқ, – деді Мекең.

– Неге? Ал өзіңізше шындықты айтатын адам сияқты көрінесіз.

– Ол жалған көрініс. Шындықты айтам деп бір иттермен тәжікелесіп жатқым жоқ. Мысал үшін, ей, Бейсен, сен неге біреуге тиіскің келеді де жүреді, даукестігіңді қойсаңшы, шамаңа да қара десем, сенің жауың мен болмаймын ба? – деді Мергенбай. – Ал сен менен шындықты сұрайсың! Айта алмаймын, шырағым. Иттерден қорқам.

Сақал да еркектің белгісі

– Кеше дәрігерге барсам – ішпе, темекі тартпа, тіпті орынсыз көп сандалма, яғни еркіндеу жүріске жолама дегенді айтады. Оу, сонда мен еркек емеспін бе?! – деп өрекпіді Сәду.

– Енді анық еркектігіңді басқалар білсін десең, арақ ішіп, темекі тартып ақымақ болмай-ақ, анау Кәдірбек сияқты салафиттерге ұқсап, сақал қоюыңа да болады ғой, – депті Мергенбай.

Мамадияр ЖАҚЫП,

Қазақстанның құрметті журналисі

Қожанасырдың баласы құдыққа түсіп кетіпті.

– Балам, ешқайда кетіп қал­ма, – деп айғайлапты Қо­жа­насыр, – мен жүгіріп барып ар­қан әкеліп, сені шығарып аламын.

 

                                                                                                               *  *  *

Қожанасыр ұлын кәмелетке толмай жатып үйлендірмекші болады. Бірақ бір жақын досы:

– Балаң өскенше күте тұрмайсың ба, ақыл кірсін. Сосын үйлендіресің, – дейді.

– Сен қатты қателесіп тұрсың, – депті сонда Қожанасыр, – егер ол ержетіп ақыл кіретін болса, онда ол мұндай ауыр бейнетке жегілуге ешқашан келіспес еді.

 

                                                                                                                *  *  *

Молданың шөп басын сындырмайтын жалқау қызы болыпты. Ол үй шаруасына ешқашан қол тигіз­бейді екен. Молда бірде әйеліне:

– Қатын, мен сыпырғышты алып үйді сыпыра бастайын, ал сен келіп ме­нен сыпырғышты алмақ бол да: «Ұят емес пе! Біз тұрғанда сен неге сыпырасың?» – дегейсің. Мен сы­пыр­ғышты бермей қояйын, сенің он­сыз да жұмысың көп, шаршап та жүр­сің дейін. Бәлкім, қызымызды осы­лайша бір ұялтып көрелік, сосын ол үй шаруасына араласатын болар, – дейді.

Бұлар осылай істейді. Әйелі сы­пыр­ғышты Молдадан алмақ болады, бұл бермей қояды. Ақыры қыз ор­нынан тұрыпты да, қабағын шытып:

– Шу шығарып, жанжал жасайтын ештеңе жоқ. Кезек-кезек неге сыпырмайсыңдар: бүгін – ол, ертең – сен, – деген екен.

 

                                                                                                             *  *  *

Қожанасырдың қызы еңіреп жылап келіп күйеуі әбден сабағанын айтып, әкесіне шағым жасайды. Қожанасыр да көп ойланып жатпастан, бір таяқты ала салып қызын біраз шықпыртыпты да:

– Бар, күйеуіңе айта бар, ол менің қызымды сабаған болса, мен оның әйелін сабап ақымды қайтардым, – деген екен.

                                                                                                            *  *  *

Қожанасыр әпендіге біреу жүгіріп келіп:

– Сорладық, әпенді, сіздің енеңіз өзен жағасында кір жуып отырған жерінен суға құлап кетті. Әлі осы уақытқа дейін оны тапқан жоқ, – дейді.

 Әпенді өзенге жүгіріп келіп, енесі суға кеткен жерден жоғарғы жақты іздей бастайды.

– Сіз не істеп жүрсіз, әпенді? – деп сұрайды жиналып қалған жұртшылық.

– Енеңізді төменге қарай алып кетті ғой!

– Е, сендер менің енемді білмейсің­дер! Ол өте қырсық, жұрттың істеген тір­лігін керісінше істейді. Ол су астында да төменге қарай емес, жоғары қарай жүзген болуы керек, – депті әпенді.

 

Алты ат әрең тартады

 Жолаушылап келе жатқан ақын Сумароковқа күймесіне алты ат жеккен таныс алпауыт ұшыраса қалып:

 – Ақындық пен надандықтың айырмасы бар ма? – деп даурыға сұрақ қойыпты.

 – Бар, – дейді Сумароков ойланбастан.

 – Е, иә, қандай?

 – Ақынды бір-ақ ат алып жүре береді, ал наданды алты ат әрең тартады.

Ең байырғы кәсіп

 Адвокат Лохвицкий мен хирург-профессор Беллярминов: «Заң ғылымы бұрын шыққан ба, медицина ғылымы бұрын шыққан ба?» десіп сөз талас­тырыпты.

 – Біздің кәсіп ең байырғы кәсіп деп білем, ол Библия жазылған кезде шыққан. Библияда «ең әуелгі қылмысты іс Каинның Авельді өлтіруі» делінген ғой, – дейді адвокат.

 – Сөзіңнің жаны бар, бірақ медицина ғылымынан ерте шыққан ештеңе жоқ, оған Адам атаның қабырғасынан Хауа ана жасалғаны толық дәлел, – депті хирург.

      

                                                                                                                          ***

 Әйел көлікке мінер кезде еркек есігін өзі ашып отырғызса, онда әйел мен көліктің екеуінің бірі жаңа болғаны.

                                                                                                                           ***

Махаббат дегеніміз – әдет­те алдымен қиял-ғажайып, кейіннен отбасылық, содан кейін барып детективті, артынша әскери, ақырында – тарихи роман.

                                                                                                                           ***

Мамандардың анықтауы бойынша – арыстандардың иесінен гөрі ит асырайтындар ұзақ өмір сүреді екен...

                                                                                                                           ***

Бай – күндіз өрттен, түнде ұрыдан қорқады.

                                                                                                                            ***

Жыланды жылан шақ­пайды.

                                                                                                                            ***

Біздің заманда жақсы төленетін еңбекақы маймылды адамға айналдырып жіберетін көрінеді.