Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров ЕҚЫҰ/ДИАҚБ референдумды бағалау миссиясының басшысы Дуглас Брюс Уэйкпен кездесті. Жүздесуде елдегі жалпыұлттық науқанға дайындық барысы, сайлау үдерісінің ашықтығы мен қолжетімділігі сөз болды.
Аумақтық және учаскелік референдум комиссиялары референдумды өткізу барысында ашықтыққа, заңдылыққа және барлық азаматқа тең жағдай жасайды. Кездесуде Нұрлан Әбдіров науқанға дайындық барысы мен өткізу ұлттық сайлау заңнамасына әрі бекітілген күнтізбелік жоспарға сәйкес егжей-тегжей жүргізіліп жатқанын айтты.
– Қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелері – тұрақты бақылауда. Бұл Орталық сайлау комиссиясы жанындағы мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының отырыстарында жүйелі түрде қаралады. ҮЕҰ-ның қатысуымен сайлау учаскелерін мониторингтеуден бастап, комиссия мүшелерін даярлауға және заманауи технологиялық шешімдерді енгізуге дейінгі кешенді шаралар жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар қолданылатын барлық құрал міндетті сараптамадан өтіп, белгіленген талаптарға сәйкестігі қамтамасыз етіледі, – деді Н.Әбдіров.
Референдум учаскелерінде Брайль қарпімен жазылған дауыс беруге арналған бюллетень трафареттері, сондай-ақ арба пайдаланатын азаматтар үшін ыңғайлы биіктікте орналастырылған, үлкен қаріппен жазылған ақпараттық стендтер қарастырылған. Қазіргі науқанның ерекшелігі әрбір референдум учаскесінде жаңа Конституцияның жобасы мәтіндік нұсқасымен қатар аудио форматта да қолжетімді болады.
Тұрғындарды ақпараттандыру түрлі коммуникация арналары арқылы жүзеге асырылып жатыр. Азаматтарға референдум туралы ақпарат қамтылған QR коды бар дербес шақыру билеттері табысталуда. Дауыс беру күні азаматтардың дауыс берушілер тізімінде бар-жоғын тексеру, уақытша тіркеу бойынша екі онлайн-сервис жұмыс істейді.
Бүгінде 5 мемлекет, 3 халықаралық ұйымнан 21 байқаушы аккредиттелді. Бұған қоса тағы 15 мемлекет және халықаралық ұйымдар, соның ішінде Түркі мемлекеттері ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Парламентаралық Ассамблеясы, Түркі академиясы өздерінің аккредитациялау туралы өтінімдерін жолдады.
Кездесу қорытындысында Дуглас Брюс Уэйк Нұрлан Әбдіровке ұсынылған толық ақпарат үшін алғыс білдіріп, Миссияның алдағы жұмыс жоспары туралы мәлімет берді.