Сәрсенбі, 5 маусым 2013 1:54
Орал қаласында халықаралық «Сабантой-2013» мерекесі өткізілді
Татар халқының «Сабантой» байрамы елімізде жалпыұлттық мейрам ретінде тойланып келеді. Бұл жолы мереке халықаралық деңгейге көтерілді. Татарстан Президенті Рустам Минниханов бастаған үлкен делегация Орал қаласына келді. Сонымен қатар, еліміздің 14 облысынан, Астана мен Алматы қалаларынан және Ресей Федерациясының көршілес облыстарынан келген көптеген қонақтар мерекелік шараларға қатысты. Мерекеге Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов та арнайы келді.
Сәрсенбі, 5 маусым 2013 1:54
Орал қаласында халықаралық «Сабантой-2013» мерекесі өткізілді
Татар халқының «Сабантой» байрамы елімізде жалпыұлттық мейрам ретінде тойланып келеді. Бұл жолы мереке халықаралық деңгейге көтерілді. Татарстан Президенті Рустам Минниханов бастаған үлкен делегация Орал қаласына келді. Сонымен қатар, еліміздің 14 облысынан, Астана мен Алматы қалаларынан және Ресей Федерациясының көршілес облыстарынан келген көптеген қонақтар мерекелік шараларға қатысты. Мерекеге Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов та арнайы келді.
Бұл тілі бір, ділі бір, діні бір туыс екі халықтың тарихы жібектің тініндей, қыздың қос бұрымындай өріліп жатыр. Осы ақиқатты еліміздің батыстағы қақпасы – Орал қаласында өткізілген сан алуан шаралар тағы да паш етті. Республикалық «Сабантой-2013» мерекесі қаладағы қазақтың ұлы ақыны Абай мен татар халқының ардақты ұлы, ақын Ғабдолла Тоқайдың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қоюдан басталды.
Қазақ жері кең байтақ, көңілі дарқан, талай тар жол, тайғақ кешуде тығырықтан шығып қана қоймай, небір қилы заманда шеттен келген басқа ұлт өкілдерін жатсынбай қарсы алып, бауырына басты. Төрінен орын ұсынып, бір үзім нанын бөліп берді. Олардың сапында татар халқының өкілдері де бар. Солардың бірі – жастайынан Орал шаһарына келіп білім алған, алғашқы өлеңдері мен әңгімелерін осында жазған ақын Ғабдолла Тоқай. Ақынның өмірі Орал қаласымен тығыз байланысты. Сол күні алыс-жақыннан келген татар туыстар ақынның мұражайына бағыт алды. Мұражай директоры Марат Багаутдинов құрметті қонақтарға Ғабдолла Тоқайдың өмірі мен шығармашылығы, татар халқының игі дәстүрлері туралы қызықты мәлімет беретін экспонаттармен таныстырып, жан-жақты әңгімелеп берді.
Орал татарларының бай тарихынан мол мағлұмат алған Татарстан Президенті Рустам Минниханов мұражай қызметкерлерінің еңбектеріне шынайы ризашылығын білдіріп, қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды және Қазан қаласында жақында шығарылған Ғабдолла Тоқайдың кітабы мен ескерткіш сыйлығын табыс етті.
Көне шаһарда 1871 жылы бой көтерген мешіт бүгінде «қызыл мешіт» аталады. Тоқай осы мешіттің алғашқы имамы, татар азаматы Мотыйғулла Тухватуллиннен дәріс алған.Кезінде заманның саясатына орай жабылып қалған мешіт кейін қайта ашылып, қалпына келтірілді. Орал қаласындағы татар этномәдени бірлестігінің төрағасы Ришат Хайруллин бұл жөнінде мешітті қайта жаңғыртуға тек біз емес, Татарстан азаматтары да елеулі үлес қосты деп мәлімдеді. Өз кезегінде Президент Рустам Нұрғалиұлы ұлтының алдындағы парызын абыроймен атқарған Ришат бауырына деген ризашылығын жасырмады. «Жарайсың, жігітім! – деп арқасынан қақты. – Кәне, осында менің аттас бауырым бар деп естідім, келсін бері», деді бас қонағымыз. Шеттеу тұрған Фарид Халелов деген азамат – «Рустам менің ұлым, ал мына бала – Ментимер», деп екі баланы Рустам Нұрғалиұлына алып келді. «Ғабдолла Тоқай болған мешітте Рустам деген аттас ұлыммен танысқаныма өте қуаныштымын», дей келе, Президент баланы бауырына басып, бетінен сүйіп, қолына алды. Балалардың ата-аналарымен бірге ескерткіш суретке түсті.
Мешіт ішін аралап шыққан Татарстан басшысы мешіт имамынан о дүниелік болған жандарға бағыштап құран оқуды өтінді. Құран оқылып болған соң Президент қалтафонын алып, мешіттің көрікті жерлерін, жиналған халықты түсіре бастады. Бір ерекшелігі, ол барлығымен татар тілінде амандасып, «исәнмесәз» деуден жалықпады. Жиналған жұршылық оның азаматтық, парасаттылық пен кішіпейілділік танытқанына разы болып, алғыстарын жаудырды.
Бұдан соң Татарстан Президенті облыстық мәслихаттың үлкен залында «Сабантой-2013» мерекесіне арнайы келген Қазақстандағы татар және башқұрт этномәдени бірлестіктері делегацияларымен кездесу өткізді. Кездесуге Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.
Мерекеге келген көпшіліктің көңіл күйін, күмбірлеп төгілген қазақ күйлері мен әдемі татар әуендері одан сайын көтере түсті. Сахна төріне ұлттық киімде жүргізушілер шығып, мерекенің басталғанын хабарлап, «Сабантой» мерекесінің шығу тарихы туралы көпшілік қауымға қазақ, татар, орыс тілдерінде айтып өтті. Мерекелік концертте Дәулеткерей атындағы облыстық халық аспаптар оркестрі, татар этномәдени және «Достық» үйінің этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдары ән-биден шашу шашып, той-думанды қыздыра түсті. Қазан қаласынан келген қонақ әншілер татар әндерін нақышына келтіре орындап, өз өнерлерімен көпшілік қауымды баурап алды. Оларға көрермен қауым да ризашылықпен қол соғып, қошемет көрсетті.
Республикамыздың түкпір-түкпірінен арнайы келген қонақтарды және қала тұрғындарын этноауылда бірлестіктердің өкілдері өз үйлерінің алдында ұлттық тағамдарымен, айшықты ұлттық киімдерімен, әдемі әндерімен, күмбірлеткен күйлерімен қарсы алды. Қонақтар этноауылды аралап, олармен таныса жүріп, таңданыстарын жасырмады.
Мерекелік шара барысында татардың ұлттық ойындары – татарша күрес, арқан тарту, тоғызқұмалақ, қол күресі секілді спорт ойындарынан жарыстар өткізілді. Оған еліміздің барлық облыстарынан спортшылар қатысты. Татарша күрестен жеңген жеңімпаз оралдық балуан Ренат Ибрагимов шетелдік «Hyundai Accent» атокөлігіне ие болды. Оған қоса, «марқа» табыс етілді. Мерекелік шара соңында ұйымдастырушылар жоғарыда аталған байқаулардың жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар тапсырды.
Мерекелік шаралар одан әрі жалғасты. Кешкісін жастарға арналған гала-концерт болды. Осылайша, Орал шаһарының түнгі тымық ауасында татар халқының тамылжыта салған ұлттық әндері біразға дейін қалықтап тұрды.
Еламан ӘЙПІШЕВ,
журналист.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
ОРАЛ.
––––––––––––
Суреттерді түсірген
Рафхат ХАЛЕЛОВ.