• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Экономика 06 Маусым, 2019

Қаржыны құнсызданудан қалай қорғаймыз?

907 рет
көрсетілді

ХХ ғасырдың екінші жартысына дейін ақша құны алтынға байлау­лы болды. Яғни қағаз купюраны бағалы металға айырбастауға болатын еді. Уақыт өте мемлекеттер купюралардың алтын күйіндегі құрамын төмендетіп, қағаз ақшаға алтынды аздап қана бере бастады. Сол кезде «девальвация» деп аталған бұл терминнің сипаты бүгінде басқа мағынаға ие. Мұны ұлттық валютаның мемлекеттік резерв ретінде пайдаланатын шетел валютасына қатысты құнсыздануы дейді.

1993 жылдың қарашасында Қазақстанның ұлттық валютасы пайда болды. Ширек ға­сыр­­дан аса қызмет көрсетіп келе жатқан теңге қазір еркін өз­гермелі бағамға көшті. Сондай-ақ 26 жыл ішінде АҚШ долларына қатысты 80 есе, нақты айт­қанда 4,69 теңгеден 380 теңгеге дейін арзандады. Ұлттық валю­та төрт ашық девальвация­ны бас­тан кешірді. Freedom Finance Life өмірді сақтандыру ком­паниясының зерттеуінше, әр де­вальвация кезінде орта есеппен 47%-ға (немесе долларға қатысты 70 теңгеге) арзандаған. 2015 жылдың екінші жартысында рекордтық құнсыздану болды. Сол кезде теңге бірнеше айда 95,8%-ға (179 теңгеге) – доллар үшін 186 теңгеден 365 теңгеге дейін арзандады.

Сарапшылар девальвация дағ­­дарыстық құбылыс еместігін, сол арқылы көптеген процесті, соның ішінде экспорттан түсетін табыс пен отандық өндірушілер тауар­ларының тартымдылығын арттыруға пайдалануға болатынын айтады. Алайда, халықтың жинақ ақшасының құны мен сатып алу қабілетін төмендететіні, инфляция деңгейін көтеретіні және адамдарды шетел валютасына салым салу арқылы депозиттен бас тартуға мәжбүр ететіні де бар. Бұл халықтың өмір сүру сапасына кері әсер етеді және валюта бағамының «секіруі» алдындағы қорқынышты тудырады.

Ұлттық банк 2019 жылдың наурыз айында жүргізген сауалдама нәтижелері бойынша,­ респонденттердің 63,6%-ы­ жуық­та теңгенің долларға шақ­қандағы бағасы арзандайды деп күтуде. Бұл орташа ста­тистикалық көр­сеткіштен әлде­қайда жоғары.

Бүгінде қазақстандықтар же­ке жинақтарын қалай сақтау ке­ректігі туралы жиі ойланады. Ұлттық банктің соңғы үш жылдағы мәліметі бойынша, орта есеппен қазақстандықтардың 20%-да ғана жеке жинақ бар. Олардың көпшілігі ақшаны банк­тік депозиттерде (62%) және қолма-қол нысанда (30%) сақ­­тауды қалайды. Қазақ­­­­стан­дықтардың 78%-ы жинақтау жүйесінде теңгені қалайды, 29%-ы АҚШ долларында, 7,3%-ы Ресей рублінде және 5,7%-ы еурода жинақтайды. Қаржыгерлердің айтуынша, жинақтарды девальвациядан қорғау үшін төмендегідей қадамға барған дұрыс.

Бірінші, ақшаны бірнеше валютада сақтаңыз. Егер барлық жинақ теңгемен сақталса, девальвация оны құнсыздандырады. Ал барлық ақшаны долларда сақтаса, валютаны сатып алу және сату кезіндегі бағамдық айыр­мада жоғалтады. Ең тиімді нұсқа – бірнеше валютада сақтау. Тең­герім мақсат пен шығынға бай­ланысты. Егер барлық шығын тең­гемен болса, басым бөлігін ұлттық валютада, қалғанын доллармен немесе еуромен сақтаған жөн.

Екінші, жинақтың бір бөлігін депозитте сақтаңыз. Ұлт­тық банк­­­тің мәліметі бойынша, 2019 жыл­дың наурыз айында Қа­зақ­стандағы инфляция 4,8% болды. Ақшаны құнсызданудан қор­ғау үшін оны «жұмыс істеуге» мәжбүрлеңіз. Ең қарапайым жә­не қолжетімді әдіс – банк де­позиттері. Оның табыстылығы ресми инфляциядан асып түседі. Мысалы, теңгедегі де­позиттердің табыстылығы – 11%-ға дейін, ал долларда 1%-ға дейін. Депозиттер үш жағ­дайда оңтайлы: егер күрделі қар­жы құралдарын (мысалы, ин­вестициялау) түсінбесеңіз; қаржы резервін құру және оған «жылдам» қол жеткізу немесе 2-3 жылға инвестициялауға дайын болып, бірақ тәуекелден қорықсаңыз.

Үшінші, бағалы қағаздарды сатып алыңыз. Бағалы қағаздар банктік депозиттерге қарағанда кіріс әкелуі мүмкін. Алайда, бұл қаржы құралы бәріне қолайлы бола бермейді. Акциялардың бағасы жиі өзгеретіндіктен құ­нын үнемі қадағалап отыру керек. Сондай-ақ акциялар ұзақ мерзімді перспективада жақсы, ал қаржы резервін құру үшін қо­лайлы емес. Яғни күтпеген жағ­­­дайға ақша қорын ұстау тиім­­­сіз. Және қаржы резерві бол­­­­ған кезде ғана инвестиция­лау керек. Ал тәуекелден қорық­па­­­саңыз, акциялардың құнын қадағалауға дайын болсаңыз және сенімді брокерді тапсаңыз, ба­ғалы қағаздарға инвестициялар жасау ең оңтайлы жол. Сонымен қатар  шетелдік компаниялардың акцияларына инвестиция сал­саңыз, шетел валютасында бол­ған­дықтан жоғары кіріске ғана емес, девальвациядан қорғауға да кепілдік береді.

Төртінші, бағалы металл алы­ңыз. Бағалы металға салым са­­­лу көп ақша әкелуі мүмкін. Өйт­кені мұндағы кіріс депозит­терге қарағанда әлдеқайда жо­ғары болуы мүмкін. Десе де бұл ак­­тивтерге инвестиция салуды қиын­­дататын көптеген жайт бар. Әуелі, қымбат металдардың құ­ны, әдетте, алыпсатарлық ба­ға­­ға байланысты. Бұл бағаны бол­жау қиын. Инвестиция салу үшін тәжірибе мен білім қажет.

Бесінші, өмірді сақтан­ды­ру­­дың жинақтаушы полисін рә­сім­деу. Бұл депозит және жазата­йым жағдайлардан сақтандыру жи­­­­нағы болмақ. Мұндай полис­тер ұзақ мерзімге жасалады (3 жыл­­­­дан бастап және одан да көп)­ және жинақтауды ғана емес, со­ны­мен қатар шарттың бар­­­лық­ мер­­­­зімінде сақтандыру қор­­ға­­ны­сын да қамтамасыз ете­ді. Мұн­­­дай бағдарламалардың та­быс­­­тылығы басқа қаржы құ­рал­­да­рына қарағанда жоғары бо­луы мүм­кін. Мысалы, Freedom Capital бағ­дарламасы бойынша валю­тадағы кірістілік 3,1-ден 3,28%-ға дейін болады. Бұл валю­талық банк­тік депозиттерге қа­рағанда кө­бі­рек.