• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сайлау 06 Маусым, 2019

Үгіт-насихат жұмыстары барлық өңірді қамтуда

2026 рет
көрсетілді

Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары соңына таяған сайын президенттіктен үміткерлердің қоғамдық штабтары іс-шараларды жиілете түсті. Кандидат­тардың аяғы жетпеген жерлерге сенім білдірілген адамдары барып, еліміздің барлық аймағындағы халықты алдағы сайлау барысынан құлағдар етіп жатыр.

«Ақ жол» демократиялық партиясынан президенттікке кандидат Дания Еспаеваның республикалық штабы жетекшісі Азат Перуашев Жамбыл облысына келіп, жергілікті сайлаушылармен кездесті. Сайлауалды үгіт тобы әуелі Жамбыл облысы, Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылында болып, тұрғындармен және кәсіпкерлермен кездесті. 30 мыңнан астам халқы бар Сарыкемер ауылының өзінде мемлекет қолдауының нәтижесінде кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтардың қатары күн санап артып келеді. Кездесу кезінде кәсіпкерлер салаға байланысты сауалдарын қойып, кандидаттың сайлауалды бағдарламасымен де танысты.

Бұдан кейін президенттіктен үміткер Д.Еспаеваның республикалық штабы мүшелері Байзақ ауданының Қостөбе ауы­лына да барды. Мұнда да сайлауалды үгіт тобы ауыл тұрғындарымен және кәсіпкерлермен кездесіп, кәсіпкерліктің дамуы туралы өзара пікір алмасты. Жиында кандидаттың бағдарламасында көрсетілген кәсіпкерлікті дамытуға қатысты бағыттар назарға алынды.

Сонымен қатар республикалық штаб жетекшісі Азат Перуашевтің Жам­был облысының сайлаушыларымен кездесуі Тараз қаласында жалғасты. «Қош­мам­бетов и К» ғимаратында өткен кездесуге «Ақ жол» партиясы орталық қыз­меті президиумының мүшесі Болат Өтепбаев, партияның Жамбыл об­лыст­ық филиалының жетекшісі Асан Қош­мамбетов және облыстық пар­тия ұйы­мының белсенділері мен бұқара­лық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Кездесу барысында прези­денттікке кандидат Д.Еспаеваның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, кәсіпкерлерге шағын бизнесті ынталандыру үшін салықты төмендету, салалар үшін қосымша құн салығының мөл­шерлемесін азайту мәселесі де түсін­дірілді. Сондай-ақ мұнда да кәсіпкерлер шағын және орта бизнес үшін банктегі несие мөлшерлемесін төмендетудің дұрыс екенін жеткізді.

* * *

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан сайлауға түсіп жатқан Төлеутай Рақымбеков өзінің сенім білдірілген адамдарымен бірге Алматы облысын аралап жүр. Наси­хатшылар тобы өңірдегі жақында ашылған агропарк пен осы салаға қызмет ететін авиация өкілдерімен кездесті.

2008 жылы Қарасай ауданының Көлді ауылында еліміздегі ең алғашқы ауыл шаруашылығы бойынша білім тарату орталығы ашылған еді. Содан бері жергілікті шаруалар салаға қатысты бас­та­малармен осында танысады. Жоба­ларды іске асырып, өнімін еселегендер де бар. Мұнда шаруалар өз мәселесін айтып, мамандар оның шешімін іздеп жатады. Т.Рақымбеков енді осындай ме­ке­мелерді еліміздің барлық аудан орта­лығында ашу керек деп есептейді.

Ал «Оңтүстік» агропаркі өткен жылы ғана жұмысын бастады. Бұл алдыңғы білім тарату орталығының тәжірибе алаңы десе де болады. Арнайы аумаққа отандық мамандар ойлап тапқан ондаған тұқым егіліп, нәтижесі шаруаларға таныстырылып жатыр. Президенттіктен үміткер Т.Рақымбеков кешенді шаралар арқылы ғана саланың дамуына тың серпін беріп, әлемдегі аграрлы елдермен бәсекелес бола аламыз дейді.

Бұған қоса кандидат арнайы ұшаққа отырып, авиация саласының маңызы туралы да айтып берді. «Әсіресе мың­­даған гектар аумақты бақылауда ұс­тап, қажетті шаралар қолдану үшін осын­­дай техникалар керек. Ал шағын егіс алқап­тарына дрондарды пайдалана бас­тау қажет. Жалпы, заманауи жаб­дық­­тардан қашпау керек, оны қолдан­ған­нан шаруаның ұтары көп», деді Т.Рақымбеков.

Ауылдың гүлденуі, Қазақстанның гүлденуі деп санайтын «Ауыл» партия­сының кандидаты өзінің сайлауалды бағдарламасында ауылдың әлеуетін көтерудің негізгі бағыттарын ұсынады. Соның ішінде жастар мәселесін де қам­тып, ауылға қажет мамандарды даярлау туралы айтылған.

* * *

Кәсіподақтар федерациясынан прези­денттікке кандидат Амангелді Тас­пихов республикалық қоғамдық штабында Олимпиада чемпионы Данияр Елеу­сіновпен кездесті. Кездесу бары­сын­да үміткер мен чемпион үлкен спорт туралы пікір алмасып, өмірлік ұста­ным­дарымен, болашаққа арналған жоспарларымен бөлісті. Олимпиада шыңын бағын­дыр­ған Д.Елеусінов бүгін­де кәсіп­қой боксқа ауысып, ең таны­мал әлем­дік ареналардың тұғы­рын бағын­дырып келеді. Боксшының қор­жы­нында жеті жекпе-жектен жеті жеңісі бар. Жеті жеңіс­тің төртеуіне АҚШ-та, екеуіне Ұлы­бри­танияда, біреуіне Монакода қол жеткізді.

Президенттіктен үміткер А.Таспихов «Жеңгің келсе, барлық жеңістердің қа­жыр­лы еңбек арқылы келетінін ұмытпа» деген ойын білдірді. Ал спорт­шы кан­ди­дат­­тың сайлауалды тұғыр­на­ма­сы­ның не­гізгі бағыттарымен таны­сып, кәсіп­одақ­тың көптеген құндылық­тары­ның кәс­іби боксқа қатысы барын, соның ішін­де қауіпсіздік техникасын сақтау, ко­­ман­да мүшелерімен ұжымдық еңбек шар­­тын жасау сияқты мәселелердің ма­ңыз­­дылы­ғын атап өтті. Кездесу соңында тұлға­лар бір-біріне сәттілік пен жеңіс тіледі.

Сонымен қатар А.Таспиховтың се­нім білдірілген адамдары Павлодар қала­сында Тірек-қимыл мүшелері бұ­зылған балаларға арнайы сауықтыру қызметтерін көрсету орталығына барып, еңбек ұжымымен кездесті. Жиында Павлодар облысының мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету ұйымдары қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының мүшесі Жұмабай Мұхаметәлин қатысушыларға кандидаттың еңбек жолы туралы баяндап, сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарын таныстырды. Жиналған қауым көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, жақындап қалған сайлау туралы жан-жақты мәлімет алды.

* * *

Қазақстан Коммунистік халық партия­сынан президенттікке кандидат ретінде ұсынылған Жамбыл Ахметбековтің сенім білдірген адамдары Нұр-Сұлтан қала­­сында Ардагерлер кеңесімен кездесу өткізді. Іс-шара барысында шахматтан турнир ұйымдастырылып, қариялар бір жасап қалды.

Басқосуда президенттіктен үміткер Ж.Ахметбековтің сайлауалды тұғыр­нама­сының негізгі тезистері түсіндірілді. Нұр-Сұлтан қаласы сайлауалды штабы­ның жетекшісі Н.Оразханов пен пар­тияның құрметті ардагері Н.Батюта ұйым­ның жаңа мүшелеріне салтанатты түрде партиялық билеттер тапсырды. Мұ­ны­мен кандидаттың ұстанымдары қолдау көрсететін азаматтардың қатары толықты. Н.Оразханов партияның жаңа мүшелері үшін өмірдің ерекше кезеңі басталғанын айтты. Оларға пар­тияның үндейтін идеялары мен құнды­лық­тарын дәріптеуді жалғастыру міндеті жүк­теледі. Сонымен қатар ол еліміздің әрбір аза­маты үшін партияның есігі ашық екенін жеткізді. Билет табыстау рәсі­мі­нен кейін шахмат турнирі бастал­ды. Турнирде қалалық комитеттің жас бел­сен­ділері қала ардагерлерімен сайысқа түсті.

Сонымен қатар елордадағы насихатшылар тобы белсенді жұмыс істеп, өз кандидаттарының бағдарламасын халыққа барынша жеткізуде. Олар жұрт­шылыққа үгіт парақшаларын және партия журналдарын таратып, әңгіме­лесіп, сайлауалды бағдарламаның басым бағыттары туралы мәлімет берді. Қала тұрғындары да түсіністік таны­тып, коммунистердің бастамасын жылы қабылдап жатыр. Сондай іс-шаралардың бірі Мемлекеттік рәміздер күніне орай ұйымдастырылған флешмоб болды. Насихатшылар тобы Нұр-Сұлтан қала­сындағы ең биік орналасқан ресми нышан – Қазақстанның Мемлекеттік Туының астына жиналды. Сол маңда бел­сенділер жұртқа кандидаттың ұста­нымдары көрсетілген үгіт материалдарын үлестірді.

* * *

Nur Otan партиясынан президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдық штабының өкілдері Шымкент қаласында бірқатар нысанда кездесу өткізді. Үгіт-насихат тобы алдымен қалалық №3 емханаға соғып, оның қыз­мет­керлеріне Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың ел басқарудағы көрегендігі, ішкі тұрақтылықты сақтай алған парасаты жайлы айтты. Сонымен қатар республикалық қоғамдық штаб мүшесі Дархан Мыңбай мен кандидаттың сенім білдірілген адамы Ерғали Бөлегенов жергілікті шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті. Олардың айтуынша, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда 1250 ірі кәсіпорын ашылды. Онда 500-ге тарта жаңа өнім өндіріледі. Соның нәтижесінде Қазақстанда жасалған тауарлар әлемнің 110 еліне экспортталып жатыр. Жиында Д.Мыңбай жиналған көпшілікке кандидаттың сайлауалды бағдарламасы туралы әңгімеледі. Ал Е.Бөлегенов Қ.Тоқаевтың сыртқы саясатты дамытуға қосқан еңбегін атап өтті.

Бұған қоса, Шымкент қалалық қоғам­дық штабының мүшелері «Қазығұрт» шағын ауданы тұрғындары­мен кездес­ті. Жиналған қауымға олар Nur Otan пар­тиясы кандидатының сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Партияның Шымкент қала­лық филиалы төрағасының орынбасары Бауыржан Қуанышбеков канди­даттың өмірбаянына, оның ішкі және сыртқы саясаттың дамуына қосқан үлесіне тоқ­талып өтті.

Сондай-ақ Nur Otan партиясы жанын­дағы Jas Otan жастар қанатының Шым­кент қалалық филиалы «Сенің дауысың маңызды!» атты автошеру өткізді. Авто­шеруге 20-дан аса автокөлік қатысып, 100-ге жуық ерікті жас пен жасотан­дықтар атсалысты. Қазақстан Туы мен Jas Otan жастар қанатының жалауын желбіреткен шеру Шымкент қаласының орталығындағы Д.Қонаев даңғылынан басталып, Бәйдібек би даңғылымен айналма жол арқылы Бәйдібек би ескерткішіне дейін жүріп өтті.

* * *

«Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысы атынан президенттікке кан­дидат болып тіркелген Әміржан Қо­сановтың Нұр-Сұлтан қаласындағы рес­публикалық штабына Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы және Түркі тілдес мемлекеттердің Парла­менттік Ассамблеясы делегациялары келді. Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлау процесін бақылау миссиясы аясында ұйым өкілдері штабтың жұмысымен танысты. Кездесу барысында кандидат Ә.Қосанов сайлауалды тұғырнамасындағы негізгі бағыт­тар, өңірлердегі жұмыс және жақын ара­дағы өз жоспарлары туралы айтып берді. Тараптар сайлауалды кезеңде жеміс­ті ынтымақтастықты одан әрі жалғас­тыруға келісті.

Сонымен қатар президенттіктен үміткердің республикалық сайлауалды штабының мүшелері елорда ірге­сіндегі Қоянды ауылына келіп, жергі­лікті тұрғындармен кездесті. Штаб өкілдері халықпен кездесуде үміткердің сайлауал­ды тұғырнамасындағы негізгі бағыт­тарын нақты көрсетіп, тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап берді.

Бұдан бір күн бұрын Ә.Қосанов Орал қаласында Батыс Қазақстан облыстық штаб мүшелерімен кездесті. Іс-шарада кандидаттың сайлауалды тұғырнамасы нақтырақ талқыланып, түрлі өзекті қоғамдық мәселелерге қатысты өз ұс­танымын жеткізді. Штаб мүшелері өздерін мазалаған сауалдарын қойып, өңірде атқарылып жатқан үгіт-насихат жұмыстары жөнінде баяндап берді. Жалпы, еліміздің барлық аймағында жүргізіліп жатқан түрлі іс-шаралар­дың нәтижесінде жергілікті тұрғындар Ә.Қосановтың өмір жолы, көзқарастары туралы әжептәуір хабардар болып қалды. Сондай-ақ халықтың көбі сайлауал­ды науқан аясында өтіп жатқан кездесулерге белсенді қатысып, өздерінің ой-пікірлерін жеткізіп, межелі күні сайлаудан да қалыс қалмай, таңдаған кандидаттарына дауыс беретіндерін айтуда.

* * *

«Ұлы дала қырандары» республи­калық қозғалысынан президенттікке кандидат Сәдібек Түгел өзінің сенім білдіріл­ген адамдарымен бірге Батыс Қазақстан облысында жүр. Насихатшылар тобы өңірдегі киелі орындарды аралап, зиярат етіп, тұрғындарға, шет аймақтан келген жұртқа сайлауалды бағдарламасын түсіндіруде. Негізгі ұстанымдары ұлттық құндылықтарға дәріптеуге бағытталған кандидаттың мұндай қасиетті жерлерге атбасын бұруы ерекше маңызға ие. «Жер – жанымыз, тіл – тұғырымыз» деп ұран­датқан С.Түгел осы Түркістан секіл­ді қасиетті жеріміздің қадірін біліп, дәл осы өңірдегі халықтың таза сақталған тілі мен қаймағы бұзылмаған дәстүрі бүкіл қазаққа үлгі болғанын қалайды.

Президенттіктен үміткер өзінің сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқан негізгі бағыттарды халықпен кездесулерінде кеңінен түсіндіруде. Ол киелі орындарға жасаған сапарларында ұлттық құндылықтар, салт-дәстүріміз туралы сөз қозғаса, перзентханадағы кездесуінде демографияға көңіл бөлудің маңызын түсіндірді. Сондай-ақ ұлттық ойын түрлерінен түрлі біріншіліктер ұйымдастыруға бастамашы болып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жайын да ұмыт қалдырған жоқ.

Сонымен қатар болашақ ұрпақ тәрбиесінде көкірегі қазынаға толы қарияларға қамқорлық жасауды да назарына алды. Ақсақалдардың көңілін аулаған шаралардың бірінде «Қария­лары­мыз күн өткен сайын азайып бара жатыр деп айтқанымызбен, сөзіміз бен ісіміз үйлеспей жатады. Сонау соғыс кезінде де балалары оралмай жалғыз қалған қарияларды бүкіл ауыл болып қамқорлығына алып, қарайласушы еді ғой. Ал қазір ше? Ата-анасын қартайғанда қараусыз қалдырып, қарттар үйіне апарып өткізіп, бар жауапкершілікті мем­лекет­ке аудара салатын безбүйрек ұр­пақ қайдан шықты, бұл біздің ұрпақ тәр­бие­сіндегі олқылықтарымыздың кесірі емес пе?» деп қазіргі жағдайды сынайды.

Дайындаған

Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

Хамит ЕСАМАН,

«Egemen Qazaqstan»