Албания Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы бастамаларына қолдау білдіреді және Астанамен екіжақты қарым-қатынасты жан-жақты дамытуға дайын. Албанияның астанасы Тирана қаласында болған Іс басындағы төрағаның Арнайы өкілі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Константин Жигаловтың кездесулеріндегі әңгіме өзегі осыған сайды.
Қазақстандық дипломат Албанияға Балқан түбегіндегі елдерге үш күндік сапары аясында барды. Тиранада ол Албания Президенті Бамир Топимен, Премьер-министрі Сали Беришпен, Сыртқы істер министрі Илир Метамен және Социалистік партия төрағасы Еди Раммен кездесті.
Бірлескен баспасөз мәслихатында Албания Сыртқы істер министрі И.Мета Қазақстан төрағалығы кезінде берілген басымдықтардың маңызын ерекше атап көрсетті. Оның ішінде ЕҚЫҰ-ның әлеуетін арттырып, тиімділігін жоғарылату, сондай-ақ жанжалдардың алдын алып, бейбіт реттеу мәселелері бар. Қазақстанның Ауғанстанды тұрақтандыруға үлесінің маңызы да атап өтілді. Осы ретте Албанияның өткен жылдың сәуірінен бастап НАТО-ға мүше болып табылатынын, қазіргі кезде Ауғанстандағы халықаралық ІSAF миссиясына өз үлесін қосып отырғанын айта кеткен жөн.
Сапар барысында кездесуге қатысушылардың барлығы ЕҚЫҰ-ның елдегі реформаларды қамтамасыз етуге қосып отырған жоғары үлесін атап көрсетті. К.Жигалов Албания Сыртқы істер министрлігінің және өзге де барлық ұлттық билік органдарының ЕҚЫҰ-мен арадағы ынтымақтастық деңгейіне терең қанағат сезімін білдірді.
Арнайы өкіл, сонымен қатар, сұхбаттастарын Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы кезіндегі жоспарларымен таныстырып, осы жылдың жазында Алматыда өткізілуі жоспарланып отырған министрлер деңгейіндегі бейресми кездесу туралы хабардар етті. “Бұл кездесулер көптеген маңызды мәселелер қатарында Корфу процесін, 1999 жылғы Вена құжатын, ЕҚЫҰ-ның Ауғанстанмен өзара іс-қимылын, т.б. мәселелерді талқылауға тамаша мүмкіндік туғызады”, – деді ол.
Албания Қазақстан төрағалығын қызығушылықпен бақылап отыр. Өйткені, аталған ел 2014 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге ұмтылыс танытуда. “Бұл Албания сыртқы саясатының аса маңызды мақсаттарының бірі және осыған байланысты біз қазіргі төраға – Қазақстан тарапынан ықпал етуді сұраймыз”, – деді өз сөзінде осы ел Сыртқы істер министрі И.Мета. Осымен бір мезгілде ол табысты төрағалық үшін айтарлықтай адами, ұйымдастырушылық және қаржы ресурсы қажет екенін мойындады.
Әрине, тараптар Қазақстан-Албания ынтымақтастығының перспективаларын да талқылады. Албания Премьер-министрі халықаралық форумдар шеңберінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен өзінің кездесулерін жылылықпен есіне алды.
Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1993 жылы орнағанына қарамастан, Іс басындағы төрағаның Арнайы өкілінің бұл жолғы сапары Қазақстанның ресми делегациясының Тиранаға алғашқы сапары болып табылады. ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлерінің осы жазда болатын Алматыдағы бейресми кездесуі, сондай-ақ Ұйым дайындап жатқан Астанадағы жоғары деңгейдегі саммит Албанияның жоғары лауазымды өкілдеріне Қазақстанмен танысу үшін жақсы мүмкіндік болмақ.
Еуроодаққа ұмтылып отырған Албания соңғы жылдары белсенді экономикалық өсім деңгейінен көрініп келеді. Және де бизнесмендер мен туристер үшін айтарлықтай тартымды ел бола алады.
Албанияға сапарынан соң Қазақстан делегациясы Черногорияның астанасы – Подгорицаға жүріп кетті. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы делегациясы үш күндік сапарын Босния және Герцеговинада болуымен қорытындылайды.
Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ – Тиранадан.