Олай дейтініміз, аудан табиғат құбылыстарының өзін кәдеге жаратып, ауыл жағдайының жақсаруына үлес қосып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Көмірсутегі шикізатының нарығында ірі ойыншы болып қала отырып, біз энергияның баламалы түрлерін өндіруді дамытуға, күн мен желдің энергиясын пайдаланатын технологияларды белсенді енгізуге тиіспіз. 2050 жылға қарай елде энергияның баламалы және жаңғыртылатын түрлерін қоса алғандағы барлық энергия тұтынудың кем дегенде тең жартысы келуге тиіс», деген болатын. Ендігі жерде Елбасы тапсырмасынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру үшін аудан ахуалын арттыру мақсатында инвестиция тарту жұмыстары қарқын алды.
Аудан әкімі Досмаханбет Әлиевтің айтуынша, ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларында Талас ауданында негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 1475,2 миллион теңгені құраған. Ал аудан бойынша 55 мың 179 адам бар болса, аудан тұрғындарының жан басына шаққандағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 26,7 мың теңгеге жеткен. Сонымен қатар аудан әкімдігінің мәліметінше, қазіргі таңда ауданда екі инвестициялық жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, бірінші жоба құны 1867,6 миллион теңгені құрайтын, қуаттылығы 4,5 мВт болатын жел электр энергиясын өндіру кешені. Аталған мақсаттағы кәсіпорын салу үшін «Wind Power city» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне Қызыләуіт ауылдық округінен 21 гектар жер учаскесі бөлініп беріліпті. Әкімдіктің мәліметінше, жобаның жобалық сметалық құжаттары да дайын екен. Жоба толықтай іске асқан жағдайда мұнда 12 жұмыс орны ашылады. Аталған жоба Энергетика министрлігінің тізіліміне де енгізілген. Қазіргі таңда «Wind Power city» ЖШС тарапынан ауданға 1142,2 миллион теңге инвестиция салынып отыр. Сонымен қатар 10 адамды құрайтын мердігер ұйым құрылыс жұмыстарын бастап кетті.
Ал Талас топырағында жүзеге асып жатқан екінші жоба жалпы құны 1867,6 миллион теңгені құрайтын, қуаты 4,5 мВт болатын жел электр энергиясын өндіру кәсіпорны. Бұл мақсатта «Wind Electricity» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне аудандағы Қызыләуіт ауылдық округінен 22 гектар жер учаскесі бөлініп берілді. Қазіргі таңда жобаның сметалық құжаттары дайындалған. Ал жоба іске асқанда 10 жұмыс орны ашылады. Бұл жоба да еліміздің Энергетика министрлігінің тізіліміне енген. Бүгінде «Wind Electricity» ЖШС тарапынан ауданға инвестиция тарту мақсатында 2,1 миллиард теңгеге шетел кәсіпорнымен келісім жасалды. Қызыләуіт ауылындағы бұл жобалар толықтай іске асқан күннен бастап жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар тартылған инвестицияның барлығы өңір экономикасын күшейтіп, халықтың әлеуетін арттырады.
«Бұл жобалар аудандағы баламалы энергия көздерінің үлесін жоғарылату бойынша атқарылуда. Талас ауданында жел қуаты жетерлік. Табиғаттың осы сыйын адамдардың игілігіне жарату – бүгінгі ұрпақтың міндеті», дейді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаров.
Жамбыл облысы