Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін еліміздің әр өңірінен іріктелген 285 жас сарбаз Алматыдағы 0111 әскери бөлімінде салтанатты түрде әскери ант қабылдады. Бұл рәсім әскерилер үшін ерекше жоралғы саналып, сарбаздардың бойындағы патриотизм, Отанға және Президентке адал болу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің қатарында адал қызмет атқару тәрізді қасиеттерге тәрбиелейді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметіне Мемлекет басшысының, күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мемлекеттік эталондарды күзету және мемлекеттік-протоколдық іс-шараларға қатысу жөніндегі маңызды және жауапты миссия жүктелген. Салтанатты рәсімде ант қабылдаған сайдың тасындай сарбаздар бұл міндеттердің салмағын анық сезінетіндей.
Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – объектілер қорғау қызметінің басшысы генерал лейтенант Мұхтар Аюбаев салтанатты шара барысындағы алғы сөзінде: «Сіздердің қызметтеріңіз әрбір қазақстандық отбасының тыныштығы мен ертеңгі күнге деген сенімділігінің кепілі. Бұл жерде нағыз жауынгер болып шыңдаласыздар. Отанды риясыз сүю дәл осы жерден бастау алады. Сіздер мұнда отансүйгіштік, адамгершілік сияқты ізгі қасиеттердің барлығын бойларыңызға сіңіріп, табанды әрі төзімді болуды үйренесіздер. Алдағы бір жылда жан аямай қызмет етіп, ұлттық намысымыздың туын биіктен желбіретіңіздер!» деп, жас сарбаздарға жігер беріп, атаулы күнмен құттықтады.
Өте жауапты міндеттерді мінсіз атқару үшін аталған Қызметте сарбаздардың кешенді дене шынықтыру және жауынгерлік даярлығына баса назар аударылады. Олар саптық амалдарды, жауынгерлік қарудан ату машық-дағдысын, сондай-ақ жауынгерлік техниканы құрғақ жерде және суда жүргізуді және тағы басқаларды меңгереді. Спорттық жетістіктері бар жауынгерлердің әртүрлі деңгейдегі, оның ішінде әлемдік дәрежедегі спорттық жарыстарға қатысу мүмкіндігі мол.
Әскери ант қабылдау рәсіміне Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметкерлері өздерінің шеберліктерін, кәсіпқойлығы мен іс-қимылдарының үйлесімдігін көрсетіп жиылғандарды тәнті етті. Өз кезегінде жас сарбаздар да қысқа мерзімде алған машық-дағдыларын, соның ішінде қарумен және қарусыз игерген саптық амалдарын көрсетіп, көпшілік алдында салтанатты маршпен жүріп өтті. Сондай-ақ Президенттік үрмелі аспаптар оркестрі мен құрмет қарауыл ротасы плац-концерттің (дефиле) жаңа бағдарламасын көрермен назарына ұсынды.
Отан алдында ант қабылдаған сарбаздар алдағы уақытта Мемлекеттік күзет қызметінің Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы әскери бөлімдері бойынша таратылып, әскери мерзім аралығында жүктелген аса жауапты міндеттерді атқаруға кірісетін болады.
АЛМАТЫ