• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Маусым, 2019

Батыс Қазақстан облысында сайлау белсенді жүріп жатыр

567 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысындағы 519 сайлау бөлімшесі Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу үшін уақытында қызметіне кірісті. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақовтың айтуынша, сайлаушылардың белсенділігі жоғары.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов өзінің отбасымен бірге Орал қаласындағы №521 сайлау учаскесінде дауыс берді.

- Бүгінгі сайлау – еліміз үшін өте маңызды күн. Әр қазақстандық өзінің азаматтық борышын Қазақстанның болашағына, елдің бірлігіне, Қазақстан Республикасының әлемнің дамыған мемлекеттері қатарына қосылуына өзінің дауысын берсе екен деген ниетіміз бар. Біз де отбасымызбен сайлауға келдік. Біздің Ақ Жайық өңірі қашан да өзінің бірлігімен, ынтымағымен, мәдениетімен, тәртібімен ерекшеленеді. Бүгін де солай болады деп сенеміз, - деді өңір басшысы.

Ақпараттарға қарағанда, Батыс Қазақстан облысының барлық жерінде дауыс беру белсенді жүріп жатыр. Қаратөбе ауданындағы №278 Жаңақоныс сайлау учаскесінде 95 жастағы ҰОС ардагеріҚұрманғали Ысқақов өз таңдауын жасаса, Қазталов ауылында күні кеше, яғни 8 маусым күні шаңырақ көтерген жас жұбайлар Радик Дүйсенов пен Құндыз Айдарова сайлау бөлімшесіне қол ұстасып қатар келіпті. Ал Шыңғырлау ауданындағы №425 сайлау учаскесінде киіз үй тігіліп, сайлаушыларды ұлттық нақышпен қарсы алған.

Редакция тапсырмасымен Орал қаласындағы бірнеше сайлау бөлімшесін аралап, дауыс беру барысымен таныстық. Зачаганск кентіндегі №10 орта мектеп ғимаратында орналасқан №421 сайлау бөлімшесінде 1746 сайлаушы, №427 сайлау учаскесінде 1267 сайлаушы тіркелген екен. Кең, келушілерге барлық жағдай жасалған, сайлаушылар арасында сабылыс жоқ. Бақылаушылар да сайлау өз ретімен өтіп жатқанын айтады. №421 сайлау учаскесінің комиссия мүшесі Тілеген Есентеміров таңғы сағат 7-де ең бірінші болып әскери қызметкер дауыс беріпті. Айтпақшы, ол шағын сыйлыққа да ие болған. Ал №427 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы Сансызбай Кенжековтің айтуынша, саяси науқан ойдағыдай өтіп жатыр.

№47 мектеп ғимаратында орналасқан №400 сайлау учаскесіне тіркелген 1427 сайлаушының 214-і таңертеңгі сағат 10-ға дейін дауыс беріп үлгеріпті. Осы жерде ТМД елдерінен келген халықаралық бақылаушыларға кездестік. Сайлау учаскесі аумағында жатқан кейбір көпқабатты үй тұрғындары өздерін сайлаушылар тізімінен көре алмай, наразылық білдіріп атты. Бірақ сайлау комиссиясының мүшелері табан астында ХҚКО-ға хабарласып, сол жерде келушілердің ЖСН нөмірі бойынша тіркеу деректерін анықтап жатты.

- Біздің Мұрат Мөңкеұлы көшесінде жаңа құрылыс өте көп, ай сайын жаңа үй пайдалануға беріледі. Сондықтан да сайлаушылар тізімінде сәл-пәл сәйкессіздіктер кездесіп қалады. Бірақ біз оларды дер кезінде шешуге тырысамыз. Өз участогін таба алмай жүрген сайлаушыларға жөн сілтеп жібереміз, - дейді №400 сайлау учаскесі комиссиясының жетекшісі Наталья Ерғожиева.

«Арман» шағынауданындағы №416 сайлау учаскесінде дауыс беру өте белсенді жүріп жатқанын байқадық. Дауыс беру басталғалы өткен 4 сағат ішінде тіркеуде тұрған 749 сайлаушының 340-ы өз таңдауын жасап үлгеріпті.

«Жайық» волейбол клубының спорт кешенінде орналасқан №169 сайлау учаскесінде ғана ығы-жығы адам, сабылысқан кезегін байқадық. Келушілердің көбі тізімнен өз фамилиясын таба алмай, дағдарып қалған.

- Біз ол адамдардың бәрін де қосымша тіркеуге алып, сайлау бюллетенін беріп жатырмыз. Біздің тізімде 2578 сайлаушы тіркелген. Бәріне де бюллетень жетеді, - дейді біз тілдескен комиссия төрағасы Дастан Есекенов. 

Орал қаласының 20 жасар тұрғыны Болат Ибатов мұндай үлкен саяси науқанға тұңғыш рет қатысып тұр екен. «Сайлауға тұңғыш қатысуым. Ел болашағы халық қалауына байланысты болатынына сенемін. Сондықтан бүгін сайлау участогіне келіп, таңдауымды жасадым» дейді ол.

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ

Батыс Қазақстан