ЕҚЫҰ қысқа мерзімді байқаушыларының басшысы және арнайы үйлестірушісі:
– Сайлаудағы заң бұзушылықтардың көлемі мен деңгейі маңызды. Кейде бізге белгілі бір деңгейдегі заңсыздықтар туралы мәлімет келіп түсуі мүмкін, алайда олардың саны болмашы ғана. Қалай дегенде де дұрыстап тексеру керек. Біздің мақсатымыз – болған жағдайды сол күйі беру, мәселенің маңызы мен тереңдігіне қарау. Егер заңсыздықтар болған болса, кінәлілерді жазалау керек. Кейін де ондай жағдайдың болуының алдын алу қажет.
Халықтың жаңа Президентке талабы күшті. Халық одан әлеуметтік реформа мен демократиялық институттар мен азаматтық қоғамның дамытылуын күтіп отыр. Оны халықаралық қоғамдастық та қолдар еді. Үкімет саяси күштермен диалогқа келуі керек. Азаматтық қоғам қазір белсенді, бұл – жақсылықтың белгісі. Қазақстан – өңірдегі ең ірі елдердің бірі. Болашағынан да мол үміт күттіреді. Жаңа Президент ЕҚЫҰ-мен тығыз жұмыс істейді деп үміттенеміз.
Сайлау қазақстандық қоғам үшін өте маңызды екенін көрсетті. Оның бір себебі, Тұңғыш Президенттің қатыспауынан да болса керек. Сайлау жалпы заң аясында өтті. Бірақ бәсекелестік те шектеулі болды, өйткені талап күшті болды. Сайлау процесінің өзі қалыпты және еркін өтті деуге болады. Байқаушыларымыз кейбір заң бұзушылықтарға жол берілгенін хабарлады. Сайлаудың өзіне келер болсақ, ЕҚЫҰ-ның тәуелсіз мемлекеттің сайлауын заңды немесе заңсыз деп тануына құзыреті жоқ.
Маргарета Кинер НЕЛЛЕН,
ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы делегациясының басшысы:
– Сайланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды науқан кезінде бізді диалогқа шақырды. Сол себепті де есігіміз әрқашан ашық.
ЕҚЫҰ миссиясы Қазақстандағы 10 мыңдай сайлау учаскесінің шамамен 1 мың шақтысын аралап шықты. 130 учаскенің ашылуында болдық. 1350 учаскеде жалпы дауыс беру барысын байқадық. Біз статистикалық талдауға ерекше мән береміз. Өйткені Қазақстанда ауыл мен қалалық жерлерде айтарлықтай айырмашылық бар. Біз территориялық комиссиялардың шамамен жартысында болдық. Ал бармаған жерлердің статистикасын тексеруден өткіздік.Уршула ГАЦЕК,
Демократиялық институттар мен адам құқығы бюросының сайлауды байқау миссиясының басшысы:
– Демократиялық институттар мен адам құқығы бюросы миссиясы бір апта елде болады. Өйткені біз арыз-шағымдар бола қалған жағдайда олардың қалай қаралатынын байқауымыз керек. Алайда бюро Қазақстанның не істеуі керек екенін бұйыра алмайды. Басты мақсатымыз – байқау мен ұсыныстар дайындау. Сайлау негізінен дұрыс ұйымдастырылды. Алайда адамдардың қолын анықтауда біз кейбір сәйкессіздіктерді көрдік. Байқаушылардың кейбірінің дауысты санау процесіне көңілдері толмағанын да жасырмаймын. Әрине, мұндай үлкен саяси науқанның кемшіліксіз болмайтынын, баршаның көңілінен шығу қиынның қиыны екенін де жақсы түсінеміз.Дайындаған Бауыржан МҰҚАН,
«Egemen Qazaqstan»