Бұл мәселе соңғы жылдары Жамбыл облысының тұрғындары үшін де өзекті мәселеге айналып отыр. Жыл сайын мамандар бұл кеселдің алдын алу мақсатында түрлі жүйелі шаралар ұйымдастырып келе жатқанымен, түбегейлі жою мүмкін болмай тұр. Ағымдағы жылдың өзінде өңірде бір науқас тіркеліп, өкінішке қарай кеселінен айыға алмаған күйі көз жұмған еді.
Мезгілсіз қайтыс болған 10 жасар қыз баланың Өзбек- стан Республикасының азаматы екені, өзі сол жақтан науқастанып келгені белгілі болды. Осы жағдайдан кейін марқұмның отбасы Өзбекстанға кері қайтарылған. Олар Өзбек-станнан Жамбыл облысына келген соң, Байзақ ауданы, Ақшолақ ауылының маңындағы қараусыз қалған үйді паналап, тіленшілікпен айналысқан екен. Тиісті мамандар дер кезінде аталған аумақтың бәрін тексеріп, залалсыздандырған. Ақшолақ ауылының маңынан қызбаның ошағы анықталмаған. Өңірде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының салдарынан биыл ғана емес, жыл сайын адам өлімі тіркелуде. Екі жыл бұрын Байзақ ауданында кене шағып қайтыс болған жас келіншектің өлімі де көпшіліктің көңілін күпті еткен болатын. Былтыр да өкінішті жағдайдың орын алғанын жұртшылық жақсы біледі. Алайда, кенеден келетін кеселдің алдын алып, тиісті шаралар жүргізуде мамандар жұмыс атқарып келеді. Жамбыл облысы бойынша қоғамдық денсаулық сақтау департаменті карантинді және аса қауіпті инфекцияларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Айдын Қалматаевтың айтуынша, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының ошағы Сарысу, Мойынқұм, Талас, Жамбыл және Байзақ аудандары мен Тараз қаласының аумағында болса, тікелей ошақ аумағында 48 елді мекен орналасқан екен. «Ағымдағы жылдың 4 ақпанында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында тұрғындарды қорғау үшін, бірінші кезекті іс-шараларды атқару мақсатында Жамбыл облысы әкімдігінің №17 қаулысы қабылданды. Аталған қаулыға сай, көктем және күз мезгілдерінде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын атқару іс-шаралар жоспары және жұмыс кестесі бекітіліп, жүзеге асуда», дейді ол.
Ауру тасымалдаушы кененің адамды жылы мезгілде шағатыны белгілі. Сол себепті де мамандар әрбір адам күрделі кеселге тап болмас үшін мұқият қорғануы керек екенін айтуда. Алайда, жаз мезгілінің алғашқы аптасының өзінде-ақ кене шағудың «жыры» басталды. Облыс бойынша биыл маусым айында кене шаққан 830 адам тіркелген. Оның ішінде табиғи ошақтардың аумағынан 121 адам бар. Жамбыл облысы бойынша кенеден зардап шеккендердің барлығы 14 күндік медициналық бақылауда болуы қажет. «Себебі бұл – індеттің инкубациялық кезеңі, яғни адам ағзасына аурудың қоздырғышы енген сәттен алғашқы белгілері білінетін уақыт аралығы. Аталған мерзім ішінде аурудың клиникасы байқалмаса, кенеден зардап шеккен тұлға бақылаудан шығарылады. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы адамға кене шаққаннан, жанасқаннан, әсіресе кене басқан төрт түлікті күтіп-баққанда жұғады. Ағымдағы жылдың наурыз-сәуір айларында Ұлттық сараптама орталығы мен қоғамдық денсаулық сақтау мекемесінің және обаға қарсы күрес стансасының қызметкерлері Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының эпидемиологиялық жағдайын болжау, малдағы және табиғаттағы кенелердің санын, оның індеттену пайызын анықтау мақсатында 43 мыңнан астам кене жиналып, талданды. Нәтижесінде 116 сынамадан қызбаның қоздырғышы анықталды», дейді бөлім басшысы А.Қалматаев.
Кене шағу оқиғасы көбіне елді мекендерде болады. Әсіресе зиянды жәндік қоражайларда, мал үстінде кездеседі. Оның бәрін түгел залалсыздандыру мүмкін емес, әрине. Сонда да болса қызбаның шоғырланған және шоғырланған болуы мүмкін аумақтарда қадағалау жұмыстарының жүргізілгені дұрыс. Бұл ретте Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында қоныстанған елді мекендерде кенеге қарсы дезинфекциялық іс-шаралар жүргізілуде. Ұлттық сараптама орталығы мен ветеринарлық қызмет мамандары бірлесе көктемгі бірінші кезеңдік кешенді залалсыздандыру жұмыстарын сәуір және мамыр аралығында жоспарға сай 48 елді мекенде жүргізген. Енді кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының екінші күзгі кезеңі биыл 22 тамызда басталады. Облыстың тиісті медициналық мекемелерінде, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасымен ауырған науқастарға дәрі-дәрмек, таңу, вирусқа қарсы препараттарының және қан алмастырғыштардың қажетті резервтік қоры жиналған. Науқастарды дер кезінде оқшаулауға, емдеуге және кене шағып зардап шеккен тұлғаларды 14 күндік бақылауға алуға 87 провизорлық бөлімдер ашылған. Сонымен қатар эпидемиологиялық маусымда кенеден келер кеселді дер кезінде анықтау мақсатында Ұлттық сараптама орталығының «КамАЗ» автокөлігіндегі арнайы жылжымалы диагностикалық зертханасы Сарысу ауданының Саудакент ауылында және Мойынқұм ауданының Мойынқұм ауылында обаға қарсы бөлімінде жұмыс атқаруда. «Облыс аумағында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Қауіпті індеттің алдын алуға бағытталған іс-шаралар жалғасуда», дейді А.Қалматаев.
Былай қарағанда, елеусіз жәндік сияқты болып көрінетін кенеден келетін кесел көп. Тіпті кене шағудың кейбір жағдайының өліммен аяқталатынын да білеміз. Сондықтан да, «Сақтансаң – сақтайды» демекші, мейлінше сақ болғанның жөні басқа. Бұдан кейін кененің кеселге ұшырататынын, тіпті өлімге апаратынын ұмытуға болмайды...
Жамбыл облысы