• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 14 Маусым, 2019

Басты бағдарымыз – біртұтас ұлт болып қалу

546 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласында Демократиялық күштердің «Қазақ­стан-2050» Жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысы өтті. Алқалы жиынға қатысушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев анықтап берген ел дамуының нақты бағыттары мен алдымызға қойған жаңа міндеттеріне қолдау білдіріп, жаңадан құрылған Ұлттық сенім кеңесі жөнінде пікір алмасты.

Nur Otan партиясының бас­та­ма­­сымен құрылған Демо­кра­­тиялық күштердің «Қазақ­стан-2050» Жалпыұлттық коа­лиция­сы – елдегі ең үлкен диалог алаң­­дарының бірі. Ол 5 саяси пар­­тия­ның және 24 ірі қоғамдық бір­лес­тіктің басын біріктіріп, 6,5 млн қазақстандықтың мүддесін қорғайды.

Келелі кеңесте Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев қазіргі таңда Қазақстан даму­дың жаңа дәуіріне қадам бас­қанын айтты. Ол сайлауда қазақстандықтардың басым бөлігі өз дауыстарын Қа­сым-Жомарт Тоқаевқа беріп, Ел­­­ба­­сы­мыздың стратегиялық са­я­саты­ның сабақтастығы мен елі­міздің тұ­рақты дамуын таң­дағанын, со­ның нәтижесінде Қазақ­стан­да жоғары биліктің ауы­суы елі­міз­дің барлық заңына сәй­кес жүр­гізіл­генін атап өтті. Осы­лай дей келе Мемлекет басшы­сы ұлықтау рәсімінде атап көр­сет­кен билік пен қоғамның ал­дында тұрған ең негізгі мақсаттарға тоқталды.

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев билік пен азаматтық қоғам арасындағы диалогты әрі қарай дамыту керек­ті­гіне ерекше назар аударды. Оның бір дәлелі – Мемлекет бас­­шысының Жарлығымен құ­рыл­ған Ұлттық қоғамдық сенім ке­ңесі. Бұл – Қазақстанда аза­мат­тық қоғамды дамыту жолын­да жасалған нақты қадам. Мем­лекет басшысы атап өткендей, біртұтас ұлт болып қалу – біздің басты бағдарымыз. Сондықтан жұдырықтай жұмылып, қоғам­ның барлық өкілдерін, соның ішінде жастарды да диалогқа шақырып, бірігіп әрекет етсек қана көздеген мақ­саттарымызға қол жеткіземіз. Ұлт­тық қоғам­дық сенім кеңесі аза­маттық қоғамның дамуына тың серпін беріп қана қоймай, жаң­ғыру мен реформалардың өзегіне де айналады деп қабыл­даймыз. Миллиондаған қазақ­стан­дық­тың пікірі мен көзқарасын білді­ретін Демократиялық күш­тер­дің Жалпыұлттық коа­ли­ция­сы осындай маңызды кезең­де Ел­ба­сы саясатының сабақ­тас­ты­­ғын қамтамасыз етіп, Пре­зи­­денті­міздің елдің алдына қойып отырған мақсаттарға қол жет­кізуіне өзінің сүбелі үлесін қосуы үшін жұмыс істейді, – деді Мәу­лен Әшімбаев.

Отырысқа елдегі жетекші партия­лардың басшылары, Пар­ламент депутаттары, Қазақ­стан халқы Ассамб­лея­сы­ның, кәсіби және қоғамдық бірлес­тіктердің өкілдері қатысты. Жиын барысында коалиция мүшесі, «Ақ жол» демократиялық партия­сының төрағасы Азат Перуашев сөз алып, тәуелсіздіктің, тұрақты­лықтың қадірін біліп, тыныштық пен бейбіт өмірді сақтауымыз керектігін, ол үшін қоғамдағы өзекті мәселелерді заң шеңберінде шешу маңызды екенін жеткізді.

Бұдан кейін «Бірлік» пар­тия­сының төрағасы Серік Сұл­тан­ғали Тұңғыш Пре­зидент өңірлердің әкімдеріне халықтың әл-ауқатын көтеру үшін барлық мүмкіндікті жаса­ғанын атап көрсетті. Тек әкімдердің сол үдеден шыға білуі керек-ті. Яғни, әкімдердің салғырт жұмысының соңы осындай дауға ұласты деген пікірде.

Ал «Ауыл» партиясы төраға­сы­ның бірінші орынбасары Толым­бек Ғабділәшімов жинал­ған қауымның назарына агроөнеркәсіп кешенін дамытуға барынша көңіл бөлу, сол арқылы халықтың тұрмысын түзеу туралы ұсыныс білдірді. Сондай-ақ сайлауалды науқан барысында ауылдарды гүлдендіру кеңінен насихатталғанын атап өтті. Оның бұл ойын Мәулен Әшімбаев та құптап, халықтың 42 пайызы ауыл­дарда тұратынын, сондықтан бұл салаға басымдық берілетінін қоса айтты.

Сонымен қатар бұл отырыс­та «Жаңару» сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы жалпыұлт­тық қоз­ғалысы» РҚБ президенті Орал­бай Әбдікәрімов, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Кәсіподақтар феде­ра­циясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бас­қарма төрағасы Абылай Мыр­зах­метов және «Қазақстан тұтыну­шыларының ұлттық лигасы» РҚБ төрайымы Светлана Романовская сөз сөйлеп, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысын жандандыру үшін жан-жақты пікір­лерін ортаға салды.

Іс-шара соңында барша қазақ­­стан­дықтарды ынтымаққа, бір­лікке, қазақ­стандық даму жолы­ның басты құн­ды­лық­тары – қо­ғам­дық келісім мен саяси тұрақ­ты­лықты, этносаралық және кон­фес­сия­аралық бейбітшілік пен төзім­­ділікті сақтауға, сон­дай-ақ бар­лық қоғамдық-саяси күш­тер­ді сайлаудан кейінгі кезең­де елі­міздің стратегиялық мақ­сат­та­ры жолында бірігуге, Қазақстан Пре­зи­дентінің ел дамуының өзекті мә­се­лелеріне қатысты билік пен аза­ма­ттық қоғам арасында тұрақты және конструктивті диалог құру ба­с­та­масын қолдауға шақырған Үндеу қабылданды.