• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Маусым, 2019

«Арыстан» түлектері үлкен өмірге жолдама алды

634 рет
көрсетілді

Қазақ әскерінің элиталы өкілдерін дайындайтын «Арыстан» мамандандырылған лицейі биыл өз түлектерінің жетінші буынын қанаттандырды. Аталмыш оқу ошағынан түлеп ұшқан шәкірттер қоғам қауіпсіздігі мен ел тыныштығы жолында абыройлы қызмет етіп келеді.

  «Арыстан» мамандандырылған  лицейі мемлекетіміздің білім беру ісіндегі жаңалықтардың бірі болып табылатын ерекше оқу жобасы. Ол 2011 жылы «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру Қоры» Қоғамдық қорының аясында құрылған. Іле Алатауының бөктеріндегі табиғаты әсем Бесқайнар ауылының аймағында орналасқан кешенде  еліміздің барлық аймақтарынан  келген 9 бен 11 сыныпта оқитын 240 жасөспірім қайырымдылық негізінде білім алады. Лицейдің бітіруші түлектері қазақстандық және шетелдік  әскери оқу орындарында  өз білімдерін  абыроймен жалғастырып, ел беделін асқақтатуда.

Білім нысанының негізгі мақсаты – жасөспірімдерді  жоғары деңгейлі біліммен қамтамасыз ету, олардың бойында  ерлік, қажыр-қайрат, төзімділік, жоғары мәдениет, азаматтық борыш пен жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру. Дәстүр бойынша биыл да бітіруші түлектерге аттестаттар мен арнайы төс белгілері тапсырылып, болашақ өмірлеріне сәт сапар тілеген құттықтаулар айтылды. Лицеистер алтын ұя – «Арыстан» лицейінің Туымен қоштасып, болашақ бітірушілерге арналған капсуланы орнатты.

–  Құрметті түлектер, сіздер Қазақстанның болашағысыздар. Лицейде алған білім мен тәрбие бүкіл өмірлеріңізге азық болады деп ойлаймын. Бүгін бітіріп жатқан 80 баланың әрбірі ел дамуына үлес қосады деп сенеміз. Әр мемлекет өзінің Қарулы Күштерімен ғана  қауіп-қатерден қорғана алады. Әскері күшті ел ғана жаһандану әлемінде  өз орнын сақтайды. Ал біздің арыстандықтар кемел болашағымыздың қауіпсіздігін қорғайтын элиталық құрам болып қалыптасады. Бүгінде лицей Отан қорғаушылардың сапалы  тобын қалыптастыруға күш салуда.  Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарын толықтыратын  білімді де, саналы, патриот болашақ әскери қызметкерлерге тек ақ жол тілейміз! Көк байрағымыз көгімізде мәңгі желбіресін, Отан қорғаушы  ұландар саны мен сапасы жыл сайын арта берсін, – дейді түлектерді бітіру күнімен құттықтаған лицей басшысы запастағы генерал-майор Сәбит Тауланов.

Лицейдің  оқу-материалдық базасы компьютермен, интербелсенді тақталармен жабдықталған. Лицей заманауи сыныптар мен лабораториялық кешендерді, мұғалімдерге  арналған тұрғын үйлерді, лицеистердің жатын орнын, бассейн, спорттық жаттығу кешендерін, лингафондық кабинеттерді, медиатекаларды, мультимедиалық шолу орталығы және  20 мыңнан астам  ғылыми және көркем әдебиеттерден тұратын кітап қоры бар кітапхананы қамтиды. Биылғы оқу жылында лицей қабырғасынан Алматы облысы әкімінің қолдауымен  арнайы IT кабинеті ашылған.

АЛМАТЫ