Айта кеткен жөн, жаңа облыстың денсаулық саласындағы құрылымдық өзгерістері тұрғындардың медициналық қызмет алуына кедергі болған жоқ. Облыс орталығында бірқатар медициналық мекеме ашылды. Атап айтқанда, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы құрылып, оның аудан-қалалардағы филиалдары іске қосылды. Сондай-ақ облыстық СПИД орталығы ашылды. Онкологиялық диспансер Шымкент қалалық мекемесіне айналған соң облыстық клиникалық ауруханасы базасында онкологиялық емханамен бірге науқастардың жатып ем қабылдауына ыңғайлы болуы үшін арнайы бөлім қызмет көрсете бастады. Аудандық ауруханалар базаларында инфекциялық бөлімшелер құрылды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев денсаулық сақтау саласына қолдау көрсетіп, қызмет сапасын арттыру мақсатында 1 миллиард теңге бөлдірген. Ол қаржыға алынған 500 тоңазытқыш аудан-қалалардағы медициналық мекемелерге беріліпті. Сондай-ақ аудан орталықтарында істемей тұрған жеделсатылар қайта қосылуда, әзірге 12 ауданға лифт алынған. Жыл соңына дейін бәрі жаңаланбақ. Бұдан бөлек, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасына, аудандық ауруханаларға, барлығын қосқанда 46 жедел жәрдем көлігі беріледі. Бүгінгі таңда қаржы қаралып, сатып алу процесі жүріп жатыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың айтуынша, медицина ұйымдарының жабдықталуы – 68,75 %. Биыл медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жабдықталуына 5,2 млрд теңге бөлінген. «Оған Түркістан қалалық орталық ауруханасында компьютерлі томограф сатып алып орнатудамыз. Таяуда аталған емдеу мекемесінде инсульт орталығын іске қосатын боламыз. Облыс орталығында бұрын мұндай медициналық аппарат болмаған. Сосын дәл осындай томограф Шардара аудандық орталық ауруханасында да орнатылып, ел игілігіне берілетін болады. Ол жерде де инсульт орталығы жұмысын бастайды. Қазір бізде 7-8 ауданда компьютерлі томограф бар, инсульт орталықтары тұрғындарға қызмет көрсетуде. Мұның бәрі соңғы жылдары атқарылған шаруалар, пациенттерге жасалған жағдайлар», дейді басқарма басшысы.
Сондай-ақ аудандық ауруханалардың жансақтау бөлімшелері ЭВЛ, наркоз, лапороскопиялық аппараттармен қамтылуда. Биылдан бастап облыстағы аудандардың жартысынан көбінде оталар лапороскопиялық әдістермен жасалатын болады. Яғни тілмей, кеспей жасалатын оталарды енді аудандарда да жасауға мүмкіндік бар. Өңірдегі барлық емханалар мен ауруханаларда ақпараттандыру жүйесі 100 пайыз енгізілген. Облыс тұрғындарының электронды денсаулық паспорттары жасақталған.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Түркістан қаласында және аудандарда денсаулық сақтау нысандары көптеп салына бастады. Мысалы, облыс орталығында 610 төсек-орынды көпсалалы аурухана салынады. Медициналық кешендегі құрал-жабдықтар еуропалық үлгіде болмақ. Бүгінде кешеннің жобалық-сметалық құжаттары әзірлену үстінде, жер телімі бөлінген. Бұдан бөлек, Түркістанда облыстық психикалық денсаулық орталығы ғимараты бой көтереді. Жаңадан құрылған қан орталығы, медициналық жедел жәрдем стансасы және облыстық СПИД орталығының ғимараттарымен қатар тағы бір үлкен емхананың құрылысы басталмақ. Ал Ордабасы ауданында облыстық туберкулезге қарсы диспансер салынады. Шардара, Жетісай, Мақтаарал, Келес, Сарыағаш аудандарының 800 мың тұрғынына бір перинаталды орталық қажеттігі ескеріліп, бұл нысан Сарыағашта бой көтермек. Бүгінде облыстық перинаталдық орталыққа жер телімі белгіленген, жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Осы жылдың екінші жартысында іргетасын қалау көзделіп отыр.
Қолжетімді медицинамен шалғай ауылдардың тұрғындарын қамту үшін 64 модульдік медициналық пункттер орнатылған. Биыл да құрастырылмалы 20 медпункт салынбақ. Бұдан басқа, Келес, Қазығұрт аудандық ауруханаларының емханаларына қосымша ғимараттар салу қолға алынады. Өйткені облыста әлі де емдеу мекемелері жетіспейді. Сосын заманға лайықты, медицина талаптарына сай ғимараттарды салумен қатар оларды білікті, кәсіби мамандармен қамту да маңызды. Бұл бағытта 100-ге жуық дәрігер біліктілігін арттыру үшін медицинасы жақсы жолға қойылған алыс және жақын шетелдердің клиникаларында тәжірибе алмасып қайтқан. Сондай-ақ денсаулық сақтау басқармасының шақыртуымен Оңтүстік Корея, Моңғолия, Германия, Латвиядан ғалымдар, білікті мамандар жергілікті дәрігерлерге дәріс оқуда. Олар шеберлік сыныптарын өткізіп, түркістандық мамандармен бірге пациенттерді де қабылдап жүр. Осындай және басқа да игілікті істердің нәтижесінде өңірде жалпы өлім-жітім көрсеткіші төмендеген. Облыстың барлық медицина ұйымдарында жұмыс істеп жатқан ішкі аудит, медициналық көмек сапасын басқару қызметтері де сапаны арттыруға септігін тигізуде.
Айта кетелік, бүгінде облыс бойынша 4903 дәрігер халыққа қызмет етіп келеді. Ал орта буын медицина қызметкерлер саны – 17 115. Мамандықтар бойынша өңірде 135 дәрігер жетіспейді. Бұл орайда өткен жылы жас мамандарды ынталандыру жұмыстары қолға алынған-ды. Ауылға баратын жас мамандарды қаржылай қолдау көлемі былтырғы 1 миллион теңгеден биыл 1,5 миллион теңгеге жеткізілген. Сонымен қатар оларды баспанамен қамту және коммуналдық төлемдерінің 50 пайызын төлеп беру жұмыстары жалғасуда.
Түркістан облысы