Сейсенбі, 21 мамыр 2013 1:23
«Арам» ақшаларын оффшорлық аймақтардан айналымға шығаратын алаяқ олигархтардың ұйымдасқан қылмысы шектен асып, бақылаудан тыс қалған банктер экономикадан миллиардтаған қаржыны сорып жатқанда жаһандық экономиканы тұралатқан дағдарыстың жойылуы неғайбыл. Белгілі сарапшылардың ашық мәлімдеуінше,
Сейсенбі, 21 мамыр 2013 1:23
«Арам» ақшаларын оффшорлық аймақтардан айналымға шығаратын алаяқ олигархтардың ұйымдасқан қылмысы шектен асып, бақылаудан тыс қалған банктер экономикадан миллиардтаған қаржыны сорып жатқанда жаһандық экономиканы тұралатқан дағдарыстың жойылуы неғайбыл. Белгілі сарапшылардың ашық мәлімдеуінше, банктердегі берекесіздік пен оффшорлық жүгенсіздіктен жаппай белең алған жемқорлық әлемдік қаржы жүйесін жар басына жақындатты. Сондықтан «банк құпиясы» атты сылтауды желеу етіп, қаржылық қылмыстың батпағына батқан банктердің бассыздығына тосқауыл қоятын уақыт жетті. Әлем экономикасы үшін қаржылық жеңілдіктер әкелетін осындай бастаманы тағы да өркениет ордасы – Еуропа іс жүзіне асырғалы отыр.
«Банк құпиясы» ашыла ма?
Жақында мәлім болғанындай, Еурокомиссия банк құпияларын шектейтін заң жобасын дайындап жатыр. Бұл заң бойынша, Еуропалық одақ аймағында банктердің бірыңғай дерек базасы жасалатын болады. Соған сәйкес болашақта банкке ақша салған салымшылардың және компаниялардың аты ғана емес, оларға салымы үшін төленетін дивидендтердің мөлшері, салымдар бойынша төленетін сыйақы мөлшері және басқа да кіріс көздері нақты және ашық жарияланатын болады. Бұл құжаттың қабылдануы Еуроодақ тарихында банк құпиясын шектеуге жасалынған алғашқы тиімді қадам болмақ.
Еуроодақтың (ЕО) жоғарғы атқарушы органы болып табылатын Еурокомиссия (ЕК) осы одақ құрамына кіретін бес ірі мемлекеттің (Ұлыбритания, Франция, Италия, Германия және Испания) банк деректерімен бөлісу жөніндегі бастамасын қызу қолдады. Осы бастама жарияланғаннан кейін ЕО-ның салық салу мәселелері жөніндегі комиссары Альгидрас Шемета жақын айлардың ішінде бүкіл одақ көлемінде барлық мүше-мемлекеттер осындай шешім қабылдайтындығына сендірді. Бұл жерде мәселе банктердегі салымдардың инвестициялық кірістерін қоса есептегендегі барлық ақпараттары бойынша автоматты түрде дерек алмасу жүйесін құру туралы болып отыр. Бұл шара Брюссельге банктердегі жеке салымшылардың қаржылары туралы ғана емес, сонымен бірге, барлық ірі инвестициялық және хеджевтік қорлардың қаржылары туралы толық мәлімет алуға мүмкіндік береді.
Осы жерде айта кететін бір мәселе, өткен жылдың соңында Альгидрас Шемета салық төлеуден жалтаратын заңды тұлғалар мен холдингтерді анықтау мәселесінде оффшорлық аймақтың кедергі жасайтынын айта келіп, оффшорлармен күресудің іс-қимыл жоспарын белгілеген болатын. Осы шаралардың нәтижесінде Google, Amazon, Starbucks сияқты ірі трансұлттық компаниялардың салықтан жалтарған оқиғалары бойынша үлкен шу шықты. Бермудтағы осы басты компаниялар сонымен бірге Ирландия және Нидерландыда тіркелген жетекші компаниялар өздері нақты жұмыс істеп жүрген елдерде салық төлеуден жалтарып, орасан зор қаржыны жымқырған. Осыған байланысты тек француздық салық органдары бұл компаниялардан 2011 жыл үшін қосымша 1 млрд. еуро салық төлеуді талап етті. Олар 2011 жылы Францияға бар болғаны 5 млн. еуро ғана салық төлеген екен.
ЕО билігі қабылдаған жаңа тәртіп бірінші кезекте Люксембург және Ирландия елдеріне соққы болып тиетіндігі анық. Себебі, бұл мемлекеттер соңғы уақытта өз заңдарында бірқатар жеңілдіктер қарастырған болатын. Осы жеңілдіктерге байланысты Еуропа құрлығындағы көптеген қорлар өздерінің қаржысын осы елдердің банктеріне ауыстырып, басқа мемлекеттердің заңынан қорғайтын жылы орын тауып келді. Бүгінде алақандай Люксембургте 150 банк тіркелген. Олардың көпшілігі шетелдік қаржылық құрылымдардың бөлімшесі болып табылады. Нақ осындай жағдай Ирландия мемлекетінде де орын алып отыр. Бұл банктерге қаржы салған компаниялар салық төлеуден жалтарып, миллиондаған пайда табады.
Люксембург ЕО күн тәртібіне шығарған жаңа қатаң шараларды қолдағандай сыңай танытқанымен, елдегі банктердің құпиясын ашуға асығар емес. Люксембург премьер-министрі Жан-Клод Юнкер «Біз салымшыларға орасан зор зиян шектірмеу үшін тек 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап қана автоматты түрдегі ашық дерек алмасу жүйесін енгізе аламыз», деп «ұзын арқан, кең тұсауға» салып отыр. Ал Австрия болса банк құпиясын ашу бастамасына үзілді-кесілді қарсы шықты.
Білгір сарапшылардың айтуы бойынша, бұл қарсылықтар ұзаққа бармайтын көрінеді. Қазір ЕО мемлекеттерінде бюджет тапшылығын болдырмау, экономикалық өсімді қамтамасыз ету мақсатында жаңа қозғалыстар белең алып келеді. Бүгінде ЕО аймағында банк құпияларын жоюға бағытталған нақты саяси-экономикалық ахуал қалыптасып отыр. Оған Еуропада салық төлеуден жалтарған компаниялардың бірқатар оффшорлық аймақта да қарсылыққа тап болғаны куә. Мәселен, өткен аптада Ұлыбританияның мұхиттағы аймақтары (Кайман аралдары, Британдық Виргин, Мэн, Джерси аралдары және т.б.) Банк деректерімен алмасатын автоматтық ақпараттық жүйе құруға келісім берді. Осы уақытқа дейін алынбайтын оффшорлық бекініс болып келген бұл аралдардың келісім беруі, Ұлыбритания, Франция, Германия, Испания және Италия мемлекеттері бастаған «банк құпияларын жою» бастамасының сөзсіз іс жүзіне асырылатынына дәлел болады.
АҚШ-та мұнай өңдіру еселей артады
Халықаралық энергетикалық агенттік (ХЭА) 2013 жылға арналған әлемнің мұнайға деген сұраныс болжамын 65 мың баррельге өсірді. Енді әлем тұтынатын мұнай тәулігіне 90,6 миллион баррельді құрамақ. ХЭА мәліметі бойынша, ОПЕК-ке кірмейтін елдердің мұнай өңдіруі тәулігіне 54,5 миллион баррельді құрайтын көрінеді. Негізінен, болашақта мұнай өңдірудің өсімін Солтүстік Америка қамтамасыз ететін болады.
Парижде орналасқан осы халықаралық ұйымның сарапшыларының мәлімдеуінше, Солтүстік Америка аумағындағы мұнай қорының артуы негізінен АҚШ көптеп игеріп отырған канадалық битуминленген құмнан мұнай алу тәсілі болып отыр.
ХЭА-ның атқарушы директоры Мария ван дер Хувен осындай тәсілмен мұнай өңдіру алдағы уақытта осы құрлықтың барлық өңірлерінде белең алатындығын атап көрсетті. Ал ОПЕК-ке мүше елдердің 2013 жылғы сәуір айында өндірген мұнайы күніне 200 мың баррельге артып, 30,7 миллион баррельді құрап отыр. ХЭА болжамы бойынша, алдағы уақытта мұнай өңдіруді арттыру ОПЕК құрамына кірмейтін елдерде жоғары болады. Оның ішінде мұнай өңдіруді арттыру АҚШ-та ерекше жоғары деңгейде болады деп күтілуде.
Халықаралық энергетикалық агенттіктің мәлімдеуінше, сланц кен орындарын көптеп игеру АҚШ-ты мұнай өңдіру көлемі бойынша жетекші мемлекеттер қатарына шығарады. 2020 жылға таман АҚШ әлемдегі мұнай өңдірудің қазіргі көшбасшылары Ресей мен Сауд Арабиясын басып озатын көрінеді. 2035 жылдары АҚШ шетелдерден тәулігіне 2 миллион баррель мұнай ғана сатып алатын болады. Бұл қазіргі көлемнен әлдеқайда төмен.
Агенттіктің болжамы бойынша, 2020 жылдары мұнайға деген әлемдік сұраныс тәулігіне 7 миллион баррельге артады. 2035 жылдары әлемнің мұнайға деген сұранысы тәулігіне 99 миллион баррельді құрайды. Мұнай тұтынуда таяу болашақта Қытай бірінші орынға шығады. Ал 2035 жылдары аспан асты елінің мұнайға деген сұранысы 60 пайызға артады. ХЭА әлемнің табиғи газды тұтынуы 2035 жылы 50 пайызға дейін артып, 5 триллион текше метрді құрайды деп болжап отыр. Осы көлемдегі газдың тең жартысы АҚШ, Австралия және Қытайдың дәстүрлі емес кен орындарында игерілмек.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».