Күндізгі оқыту факультеті курсанттарының шығарылымына арналған салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Ю.Ильин, ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы В.Беккер, Ақмола облысының әкімі Е.Маржықпаев, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың өкілдері және басқа құрметті қонақтар қатысты.
Көкшетау техникалық институты (КТИ) күндізгі оқу факультетінің курсанттарынан басқа бірнеше жыл бұрын осы институттан барып Ресей және Беларусь ТЖМ жоғары оқу орындарында білім алған 34 жас маман да өмірге жолдама алды. Сонымен қатар Көкшетау техникалық институты халықаралық келісімге сәйкес төртінші жыл қатарынан Қырғызстан ТЖМ үшін мамандарының шығарылымын өткізуде.
20 жылдан астам уақыт ішінде Көкшетау техникалық институты 4890 маман дайындады, сондай-ақ шетелдік оқу орнының түлектері, Төтенше жағдайлар комитетінің 3661 қызметкері институт қабырғасында қайта дайындау және біліктілікті арттыру курстарынан өтті.
Азаматтық қорғау саласында жоғары білікті мамандарды даярлаумен қатар Көкшетау техникалық институты өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдайларда қорғау және азаматтық қорғаныс салаларындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын болашақ ғалымдарды, сондай-ақ спортшыларды дайындайды.
Барлық түлектер Қазақстан Республикасы ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің аумақтық бөлімшелеріндегі лауазымдарға тағайындалған.
Іс-шара дәстүр бойынша Ақмола облысы гарнизонының өрт сөндіру-құтқару техникасының көрмесімен, түлектердің ата-аналарын, олардың жақындары мен жалпы қонақтарды жоғары оқу орнының тарихымен таныстырудан басталды.
Шығарылымның салтанатты рәсімін ашық деп жариялаған институт бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Сырым Шәріпханов өзінің сөзінде институт түлектерінің басшылық лауазымдардағы қызметі мен басқа күш құрылымдарында қажеттілігі басым мамандардың жоғары дайындығын көрсететініне назар аударды.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин өзінің құттықтау сөзінде, жас лейтенанттарды институтты табысты бітірулерімен, алғашқы офицерлік атақ алуларымен құттықтап, жаңа көзқарастары мен заманауи тәсілдері бар жастардың Қазақстан Республикасының тұрғындары мен аумағын табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау мәселелерін шешуге ықпал ететініне сенім білдірді.