• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Мамыр, 2013

Дүбірге толы дүние

252 рет
көрсетілді

Дүбірге толы дүние

Жұма, 24 мамыр 2013 2:43

Өз жолын таппаған елге қашан да қиын

Украинадағы жағдай жұртқа белгілі. Мұнда саяси күрес (ойын десе де болғандай-ау) ешқашан толастамайды. Билікке қарсыластар кезекпе-кезек келіп жатса да, жағдайдың оңға қарай өзгерісі аңғарылмайды. Алда да солай болар-ау деген күдік бар.

 

Жұма, 24 мамыр 2013 2:43

Өз жолын таппаған елге қашан да қиын

Украинадағы жағдай жұртқа белгілі. Мұнда саяси күрес (ойын десе де болғандай-ау) ешқашан толастамайды. Билікке қарсыластар кезекпе-кезек келіп жатса да, жағдайдың оңға қарай өзгерісі аңғарылмайды. Алда да солай болар-ау деген күдік бар.

Бұл елдегі жағдайды әңгіме етудің себебі де бар. Биылғы күзде Еуроодақтың «Шығыс серіктестігі» бағдарламасы бойынша саммиті өтеді. Сонда Украина мен Еуроодақ арасында ассоциацияланған серік­тестікке қол қойылуы мүмкін. Мұндай жағдайда Украина Еуро­паға қарай біржола бет бұрды деп тұжырым жасауға болар еді.

Әзірге бұл болжам ғана. Ал Украина оған дайындық үстінде, әлі толық таңдау жасап үлгерген жоқ. Қазіргі әңгімелер де соған қатысты айтылып жатыр. Украина кімді таңдайды, кіммен болады дейді жұрт. Еуропамен болса, ол Мәскеумен біржола кетіседі. Мәскеумен болса, Еуроодақтан қайыр жоқ. Бұл ел екі оттың ортасында қалғандай.

Осындайда жұрттың айтатыны бар: оу, бұлар неге солардың біреуін таңдауы керек, неге олар өз жолын таңдап, сол екі жақпен де өз мүддесінің тұрғысынан қарым-қатынас жасамайды дегенді алға тосады. Сірә, бұл сұрақтарға жауаптардың негізі Украина қауымындағы саяси күреске барып тіреледі. Екіге бөлінген сая­си күштер халықты екіге бөліп тынды. Қайсысы жеңсе де, олар халықты, қоғамды біріктіре алған жоқ. Тіпті оны қажет те етпегендей. Бірінің пікірі екіншісі ескермей, бір-бірінің аяғынан шалуды көздейді. Оған мысал: билікте батысшылдар да (В.Ющенко, Ю.Тимошенко), Мәскеуге бағыт ұстағандар да (В.Янукович) болды. Бірақ тындырғандары шамалы.

Ал олардың елді игілікке бастауы мүмкін бе еді? Әбден мүмкін еді. Украина кешегі күйреген КСРО-ның ең бір дамыған аймағы болатын. Бұл ретте оның экономикалық әлеуеті тіпті Ресейден де жоғары деуге болар еді. Өйткені, Ресейдің құрамында әлсіз аймақтар, саяси тұрғыда тынышсыз өңірлер жеткілікті. Ал Украинада машина жасау, қара және түсті металлургия, көмір өндіру жақсы дамыса, ауыл шаруашылығының мүмкіндігі тіпті жоғары болатын. Астық, ет өндіруде алдыңғы қатарда еді. Халқының саны, білім деңгейі жөнінен ол Еуропаның жетекші елдерімен деңгейлесетін.

Дәл қазір сол мүмкіндіктер пайдаланылмады деп тұжырым жасауға толық негіз бар. Кезінде жұрт Украина мен Қазақстанды салыстыруды оғаштау көретін. Дамыған өнеркәсібі мен интенсивті ауылшаруашылық өндірісі бар республиканың жоғары тұруы заңдылықтай көрінер еді. Қазір ішкі жалпы өнім көлемі жөнінен Украина әлемдегі алдыңғы қатарлы елу елдің қатарынан шығып қалса, Қазақстан сол қатарға қосылып отыр. Сонау тұста, тіпті кеңестік дәуір емес, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біреулер осылай болуы мүмкін десе, жұрт оған сенбес еді. Енді шындық сендіреді.

Басты мәселе бүгінге дейін әлеуеті жоғары елдің өз жолын таба алмағанына барып тіреледі. Сол таба алмағандықтан да бірде Батысқа, бірде Шығысқа жалтақтайды. Саясат мәселесінде де, экономика мәселесінде де сондай. Еуроодақтың да оған ұстата салары жоқ. Алдымен сайлау жөніндегі заңыңды жөнде, саяси айып тағылғандарды босат, экономикаңды Батысқа бейімде дейді. Бұл талапты жөпелдемеде орындау да мүмкін еместей. Ал Мәскеу Батыстан бетіңді бұр деп талап қояды. Оның басты жолы –Кеден одағына кіру.

Жол таңдағанда, ол басқа біреуге ере салу емес. Әрине, әркім өз мүмкіндігін, өз мүддесін ескереді. Басқаның жолы сенің мүддеңе үйлесе бермеуі мүмкін. Оған Украинаның дәл бүгін көзі жетіп отыр. Уақытты жіберіңкіреп алғаны қинайды.

 

Ұрлық дүние ғана жасырылады

Швейцария банктері ассоциациясының шетелдік салық қызметтері үшін өз клиенттерінің есеп-шоттарын ашуға дайындығы жөніндегі мәлімдемесі біреулерді таңдандырса, енді біреулерді есінен тандырғандай болды.

Бұған дейін швейцариялық банктердің құпиясы жөнінде талай аңыздар айтылатын. Оның сенімділігі соншалықты, кейбір мемлекеттердің басшылары да қаржыларын өз елінде емес, сонда сақтауға ұмтылар еді. Жоғалып кетер демесе де, ең бастысы, онда қанша дүние барлығы сырт көзден таса. Біраз салықтан құтылатыны және бар.

Адал табысты ешкім жасыра қоймайды. Құпиясы ашылмайтын жерге ұрлықы дүние құмар. Адам өз табысын жұрттың көз алдында ұстаса, оның қайдан және қалай келгені аңғарылар еді. Сөйтіп, ұрлықы дүниенің көзін жоюға мүмкіндік туады. Содан да сезіктілер өзінің ұрлықы дүниесін жасыратын жер іздейді. Табатындары – құпиялары тас қамалдай ашылмайтын еуропалық банктер, алдымен Швейцария банктері жүйесі, сондай-ақ, халық­аралық оффшорлар, солардың қызметі.

Бұрындары банк құпиялығы жеке адамның құқындай көрінетін. Әркім өз дүниесіне өзі ие, қалай сақтап, қалай жұмсауын өзі біледі деген қағидаға жүгінетін де еді. Бірақ соңғы жылдардағы оқиғалар, айталық Кипрдегі жағдай, сол адам құқын, демократияны ұрандататындардың өзін қатты ойландырған. Сол банк құпиялығында талай қылмыс, алақолдылардың салықтан жалтаруы, яғни қылмысы жатқаны айқындалды. Халықаралық қаржы ұйымдарының өзі, жетекші мемлекеттер басшылары мен олардың қаржылық мекемелері салықтан бой тасалайтындардың аяғына тұсау салу жөнінде әңгіме қозғап қана қоймай, талап та жасай бастады. Кейбір оффшорлық аймақтарды қатты қадағалау сөз болды.

Банк дегенде, оның құпиясы дегенде, жұрт алдымен Швей­ца­рияны ауызға алады. Онда бүкіл Еуропаның жарты елі мен АҚШ сияқты алып ел бюджетіне пара-пар қаржы жатқан көрінеді. Ол миллиардтар емес, ондаған триллион долларлар. Олардан салық алынбайды. Халық, ел игілігіне жаратылмайды. Оған бұдан әрі шыдаудың реті жоқ еді. Күресті АҚШ бастап, өз еліндегі швейцариялық UBS банкінен америкалық клиенттердің тізімін талап етті. Әйтпесе лицензиясын қайтарып алатынын мәлімдеді. Банк амалсыз көнді.

Ең мықтысы қол көтерген соң, басқалары да окоптан шығатыны белгілі. Австрия, Сан-Марино, Люксембург, Канар аралдары банктері мәжбүрлемей тұрып, өздерінің алдымен қимылдауын жөн санап отыр, құпияларының бетін ашпақ. Жалпы, Еуроодақтың көп елдері бас біріктіріп, ұрлықы дүниеге тосқауыл қою үшін белсенді күреске кіріспек.

Бұл күрес барлық елдерге де тиімді. Ұрлық барлық жерде де бар. Ұрлық басқа жаққа өтіп кетіп, ізін жасырып үлгерсе, ұстау қиын. Кім біледі, сол құпиялық шымылдығын пайдаланып, Вик­тор Храпуновтар ғана емес, Швейцария банктерінде біздің жақтан да талайлар ұрлықтарын жасырып жатқан шығар. Оларды қайтару мәселесінің қалай шеші­лерін кім білген, ал енді бұдан былай ұрлықы дүниенің құпиясы түрілер болса, оны шетелге апарып жасыру да азаяр деген үміт көңілді желпиді.

Мамадияр ЖАҚЫП,

«Егемен Қазақстан».