2019 жылдың басынан бастап оралдық «BANEM» құрылыс компаниясы «Ақжайық» футбол клубын өз қамқорлығына алған болатын. Міне, бас демеуші жақында «Астана Спорт Строй и К» компаниясымен келісімге қол қойды. Енді Орал қаласында «Ақжайық» стадионының тозығы жеткен жасанды төсеніші жаңаратын болды.
- Қазіргі таңда «Ақжайық» стадионының төсенішін ауыстыруға қажетті барлық құжат реттелді. Шілде айының 1-күнінен бастап стадион жөндеу жұмыстарына байланысты жабылады. Алаңға соңғы үлгідегі жасанды газон төселеді, - дейді клубтың баспасөз хатшысы Түгелбай Бисен.
Жаңарту стадионның кәріз және суару жүйелерін де қамтымақ.
Айта кеетйік, Қазақстан нарығында 2007 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Астана Спорт Строй и К» компаниясы негізінен спорт нысандарын жөндеу және абаттандыру ісімен айналысады. Бұған дейін олар Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана Арена», Қызылорда қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы стадиондарда жөндеу жұмысын жүргізген.
Ал республикада Батыс Қазақстан облысының намысын қорғап жүрген Ақжайық футбол клубы ел біріншілігінің бірінші лигасында өнер көрсетеді. 10 турдан кейін турнир кестесінде 6 орында келе жатыр.
Батыс Қазақстан