• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Маусым, 2019

Полицейдің бір күні

829 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Байқоңыр ауданының учаскелік полиция инспекторы, аға лейтенант Нұрлан Бекжанов және капитан Халел Тойшыбаевпен бірге құқық қорғау қызметінің біз үшін таңсықтау тағы бір қырымен танысуды жоспарлағанымызға біраз болған. Соның сәті жақында түсті. Учаскелік полиция жұмысы сырттай салмақты, жайбарақат көрінгенімен, ішкі иірімдері шытырманға толы болады екен.
 Иә, көпқабатты үйде қанша пә­тер болса, әрқайсысының бір-бі­рі­не ұқсамайтын өз тағдыры бар. Со­­­нымен таныса жүріп полиция жұ­­мы­сына жан-жақты қырынан те­реңірек бойлағымыз келді. Осы мақ­сатпен Ш.Иманбаева көшесіндегі «Байқоныс» тұрғын үй кешеніне қарай аяңдадық. Аулаға жақындай бере учаскелік полиция инспекто­ры тоқтай қалып, қалтасынан бір уыс кілт алып шық­ты. Біздің таңырқағанымызды сез­ді білемін, бірден әңгімесін бастап кетті.  – Менің учаскелік басқаруыма тиесілі аумақ А.Бараев көшесінен басталып, Ш.Уәлиханов, А.Иманов және Ш.Иманбаева көшелері түзетін шаршыны құрайды. Осы аумаққа ұзын саны 122 үй кіреді. Оның барлығы дерлік зәулім үйлер, яғни 9 қабаттан басталып, 20-25 қабатқа дейінгі биіктікті бағындырады. Қазіргі таңда ондағы тұрғындардың жалпы саны 12 жарым мыңға жетіп жығылады. Қандайда бір оқыс жағдайлар орын алғанда тұрғындарды мазалай бермеу үшін подъезге еркін кіре алатын осындай әмбебап кілт жасатып алғанмын. Соның арқасында кез келген уақытта тұрғындардың қасынан табыламын. Бұл өте тиімді, – деді Нұрлан Кен­же­байұлы күлімсірей.  Сейсенбі жұмыс күні болған­дық­тан, көп адамды үйінен жолықтыра алмадық. Ал есік ашқандарының бірі – полицей формасындағы адамды, бәлки біздің фотоаппаратымызды көріп есігін кері тарс жауып­ алса, келесісі учаскелік инспек­то­ры­на өзін мазалап жүрген мәсе­лелерін тәптіштеп жеткізуде. Үшін­­шісі әзілдесіп те үлгеріп жатыр. Байқағанымыздай, тұрғындардың көп­шілігін көршілердің түнгі мезгілде шулауы, кішкентай балалардың тынышсыздануы мазалайды екен. Біз әңгімеге тартқан кісілердің уә­жі негізінен осы мәселеге келіп тоқай­ласты. Тіпті, бір тұрғын жоғары қабат­тағы отбасының балалары шулай берген соң, өзінің тыныштығы үшін кілем сатып алып, апарып бергенін айтып, бізді бір күлдіріп алды. * * * Ал Рамазан көшесіндегі жер үй­де тұратын келесі отбасының тұр­мыс жағдайы көңілге кірбің ұялатты. Бұлардың баспанасы анау айтқандай салтанатты емес. Кері­сінше, құлаудың аз-ақ алдында тұрған жұпыны ғана мұқыл там. Үйдің ішіндегі жағдай тіпті сорақы. Бей-бе­рекет шашылып жатыр. Есіктен кір­генде шыққан көктің иісі мұрынды қытықтайды. Екеуі бірдей ішімдікке әуес Андрей мен Татьяна есімді ерлі-зайыптының бұл тұрмысы «ащы су» жүрген жерде берекенің болмайтынын айқын аңғартып тұр. Үйдің ішін де, иесін де жақсы танып алған инс­пектор табалдырықтан аттай бере отағасын іздеді. Өйткені наркология орталығында тіркеуде тұрған азамат қазір заң бұзып, іздестірілу үстінде екен. Үйде жалғыз отырған 35-40 жас шамасындағы әйел біздің бұл келісімізді аса жақтыра қоймағанын қатулы қабағымен сездірді. Ішімдік ішкені және бар.  – Аяқ-киімдеріңді шешіп кіріңдер, үйде кішкентай бала бар, – деп күтпеген қонақтары – бізді дүрсе қарсы алды. Бірақ келіншек талап еткен тазалыққа үй ішіндегі жағдай кереғар жауап беріп тұр. Қаламасақ та, амалсыз жа­лаңаяқ төрге шықтық.  – Андрей қайда? – Жұмыста.  – Балаларыңыз ше? – Балабақшада.  – Ішімдік ішіп отырсыз ба? Үйден арақтың иісі шығады... – Жоқ, мас емеспін.  – Мен бәрін көріп тұрмын...  – Күйеуім түнде үйге келмеді. Соған ерегесіп... деп мойындады амалы қалмаған әйел жыламсырай.  Осылай қысқа ғана өрбіген диалог бұл отбасының барлық жағдайынан хабардар етіп тұр. Соны сезген учас­келік инспектор енді алғашқыдай емес, жылы шырай таныта сөйледі. Солай жаралы көңілді сәл де болсын жұбатқысы келгендей ме?.. – Бұлай жалғаса берсе, ертең сәби­леріңізді балалар үйіне алып кетеді ғой. Андрейге айтыңыз, қаш­пай, өз еркі­мен бөлімшеге келсе, бар­лығы жақсы болады. – Рас айтасыз ба?  – Уәде беремін. Әйелдің жанарындағы үзілгелі тұрған үміт оты қайта тұтанғандай, жарқ етті.  – Айтамын! Міндетті түрде барады. Тек қамауға алмаңызшы, – деді жақынынан қолдау күткендей инспекторға жаутаңдай қарап.  * * * – Мұндай отбасылар өте көп. Уәделерін де үйіп береді. Түзелеміз дейді. Соған сеніп көмектескіміз-ақ келеді. Басында бәрі жақсы бол­ғанымен, арада біршама уақыт өт­кен соң қайта осы қалыптарына түсе­ді. Адам ішімдікке тәуелділікті меди­циналық жолмен емдемей жеңе алмайды ғой. Оған үлкен ерік-жігер керек. Ал бұлар ем қабылдаудан қашады. Ор­талыққа өз еркімен келмегеннен кейін, біз ештеңе істей алмаймыз, – деп көлік ішінде әңгімесін жалғаған полиция аға лейтенанты Нұрлан Кен­жебайұлының сөзін көшедегі жылу құбырының үстінде жайбарақат отырған жұпыны киімдегі адам бөліп жіберді. Инспектор көлігін енді соған қарай бұрды.  Бұл бейтаныс жан бағанағы келін­шектей емес, өз өміріне әбден көн­дік­кен секілді. Полицей көлігінен қаш­пады. Керісінше, ескі таныстардай күле қарсы алды. Құжатын жоғалт­қанын да жасырмады. Өзін Артур Ар­менович деп ресми таныстырған жігіт небәрі 28-ақ жаста болып шықты. Бірақ түріне қарап олай деуге аузыңыз бармайды. Ішімдік пен үйсіз-күйсіз тірлік жас жігіттің бетіне әжімді мез­гілсіз бедерлепті. Күрек тістерден жұр­дай қызылиегі жігітті күлген сә­тінде тіпті қартайтып көрсетеді. Тепсе темір үзетін жасында қария кейіпке түс­кен замандас бұл тірлігін бір-ақ ауыз сөзбен: «Өмір ғой...» деді де, еш қарсылықсыз өз еркімен полицей көлігіне келіп отырды. * * * – Міне, өздеріңіз көргендей, қанша адам болса, сонша түрлі тағдыр бар. Сондықтан полицей психолог болуы керек. Қатал болатын тұс­та қаталдық танытып, қажет ке­зін­де кешірімшіл де бола алуы қа­жет деп есептеймін. Сондықтан да бө­лім­шеме қарайтын тұрғындардың барлығымен жылы сөйлесіп, барынша сырлас, дос болуға тырысамын. Біз ең бірінші адамбыз, содан кейін ғана маманбыз. Бұл жөнінде Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев: «Қазіргі қазақстандық полицияның өзекті міндеттерінің бірі қолжетімділікті, ашықтықты, жеделділікті арттыру және тұрғындармен өзара тиімді байланыс жасау болуы тиіс» деп айрықша атап өткен болатын. Сол талап-үде­ден шыға алсақ, мақсатымыздың орын­далғаны, – деп түйіндеді сөзін учаскелік полиция инспекторы Нұр­лан Бекжанов.