• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 21 Маусым, 2019

Нұрсұлтан Назарбаев: Тәуелсіздік алғанда қазақтар 39 пайыз немесе 6,5 миллионнан сәл ғана астам болды

684 рет
көрсетілді

Бүгін Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Кемеңгерліктің 30 жылы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында еліміздің тәуелсіздік бедеріндегі жүріп өткен жолына шолу жасады.

Қырық жыл бойы халыққа қалтқысыз қызмет еткен Нұрсұлтан Назарбаев егемендіктің елең-алаңындағы қиын кезеңдер туралы баяндады. Соның ішінде, Қазақстанның Тұңғыш Президенті тоқсаныншы жылдардың басында еліміздегі ұлттық экономиканың қирауына, этносаралық қақтығыстардың пайда болу қаупіне байланысты жағдай жөнінде айтты.

– Қазақстан демографиялық құлдырау шегінде тұрды. 1989 жылғы халық санағына сәйкес, байырғы халық – қазақтар 39 пайыз немесе 6,5 миллионнан сәл ғана астам адам болды. Сол кезеңдегі ауыр экономикалық ахуал халықтың Қазақстаннан көптеп көшіп кетуіне алып келді. Ол жылдары орташа өмір сүру жасы 5 жылға қысқарды, туу көрсеткіші бірден төмендеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

– Қазақстан халқының саны 3,5 миллион адамға көбейді. Енді, біз 18 миллионнан астық, ал қазақтар соның 70 процентке жуығын құрайды.

Кезінде шетелге кетуге мәжбүр болған 1 миллионнан астам қазақ отанына оралды.

Еліміздегі орташа өмір сүру ұзақтығы 1991 жылғы 67 жастан 2018 жылы 73 жасқа дейін артты.

Бір адамға арналған тұрғын үй алаңы 1,5 есе – 14 шаршы метрден 22 шаршы метрге дейін өсті.

219 жаңа аурухана, 1200-ге жуық емхана мен амбулатория салынды.

1849 жаңа мектеп, 900-ге жуық балабақша ашылды.

Біз ана тілімізді сақтап қана қоймай, оны Қазақстанда ғылым мен білім саласының негізгі тіліне айналдыру үшін барлық жағдайды жасадық. Бүгінде мектептердің 70 проценті қазақ тілінде білім береді. 

Мемлекеттік тілде оқитын студенттердің үлесі – 64,5, орыс тілінде – 31, ағылшын тілінде – 4,5 процентті құрайды.

Бұл мәселелердің бәрін ешқандай қысымсыз, нақты әрі дұрыс шаралар арқылы шештік, – деді Елбасы. 

АЛМАТЫ