• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Маусым, 2019

Балалардың жұмыс істеуге мәжбүр болуы жақсылық емес

1200 рет
көрсетілді

Біріккен Ұлттар Ұйымының ЮНИСЕФ қоры балалардың түрлі жұмыстарға түсуіне қарсы шараларды ерте күннен жүргізіп келеді. Соның әсерімен Халықаралық еңбек ұйымы 2002 жылдан бері 12 маусымды Балалар еңбегін қанауға қарсы күрес күні деп белгілеген.

Халықаралық Еңбек ұйымы­ның конвенциясы балалар еңбегі дегенге олардың білім алуына кедергі келтіретін, денсау­лығына қауіпті жұмыстардың бәрін жатқызады. Осы Кон­вен­цияға сәйкес 18 жасқа тол­мағандардың бәрі «бала» категориясына енгізілген. Ха­лық­­­­аралық құжат олардың ден­­­саулығына, психология­сына зиянды дүниелердің бә­рі­мен айналысуға тыйым салады. Бұлардың қатарында қол­мен істелетін ұзақ мерзімдік жұмыстар, ауыр жүктерді ар­бамен итеріп тасымалдаулар және т.б. енеді. Сонымен бір­ге ауа райының ыстығы мен суы­ғындағы барлық жұмыстарға да тыйым салынған.

Балалардың еңбегін қанауға жол бермеуді, оларды ауыр жұ­мыстарға салмау дегенді кешегі Кеңес Одағы ескерген жоқ. Алаң­­сыз өсуге, ойнап-кү­луге, ер­келеуге, күлуге тиісті балдырғандарды қара жұмысқа же­гу – адамдық құқынан айыру еке­нін, азаматтық талабын аяққа басу екенін кеңестің басшылары ойлаған емес. Әсіресе, елдің шеткергі аймақ­тарындағы одақтас республикаларда балалардың «ауыр жұ­мыстан қашпай» еңбек етуін насихаттап, оларды тіпті ынталандырып отыратын шаралар да белгіленген. Мысалы, 11 жасар тәжік қызы Мамлакат Нахангованы екі қолымен мақта жинап, «стахановшы» болды деп мадақтап, 1935 жылы оған Ленин орденін де берген еді. Оның сол кездегі мемлекет басшыларымен түскен суреттері әрбір мектептің қабырғасына ілініп, жеткіншектерге үлгі еті­летін.

Біздің елімізде де жиын-те­рім кезінде, әсіресе, мақта жинауда жас балалардың еңбегін қанау аз болған жоқ. Олардың үлкендермен бір­ге төккен теріне де болмашы­ ғана еңбекақы жазылатын. Әри­не, баланы еңбекке баулу керек, бірақ оларды ауыр жұ­мыс­қа салмай және тек шек­теулі уақытқа ғана жеңіл-желпі еңбекке жұмсап, қалған кезде демалыс сағаттарын ұйым­дастыру ешкімнің ойына да кел­мейтін.

Халықаралық еңбек ұйымы­ның деректеріне қарағанда, қазір әлемде 152 миллион бала ауыр еңбекпен айналысуға мәж­бүр екен. Бұл әлемдегі әрбір 10-шы жас бала жұмыс іс­теуде деген сөз. ЮНИСЕФ-тің деректері бойынша, соның ішінде 73 млн бала аса қауіпті жұмыстарға тартылған. Олар экономиканың барлық секторында жұмыс істейді, соның ішінде ауыл шаруашылығында әрбір он баланың жетеуі ең­бек етеді екен. Осы деректер Германияның Кельн қала­сын­да «Балалар еңбегін қанауға қарсы күрес күнін» атап өтуге ар­налған халықаралық жиында атап өтілді. Бүгінгі таңда балалар еңбегін қанауда Африка құрлығы алда келе жатыр. Он­да 72 миллион бала өмірлік нә­пақасын өзі табуға мәжбүр. Балалары жұмыс істеуге мәжбүр болған екінші құрылық Азия, мұн­да 62 миллиондай бала жұмыс істейді.

Аталған жиында ЮНИСЕФ-тің Германия филиалының бас­­шысы Кристиан Шнайдер: «Ба­лалардың жұмыс істеуін сынап және оған тыйым салу аздық етеді», деді. Оның айтуы бойынша, барлық елдердің өкіметтері, азаматтық қоғамдары мен ұйым­­­­дары балаларды жұ­мыс іс­­теуге мәжбүрлейтін себеп­тер­­ге қарсы күресуі керек. Бұл себептердің қатарына кедей­шілікті, оқу-білімге қол жет­кізе алмаушылықты, жетім-жесір­лерге деген қамқорлықтың тө­мен­дігін қосуға болады.

ЮНИСЕФ мамандарының айтуына қарағанда, 2000 жыл мен 2016 жыл аралығында ба­лалардың жұмыс істеуі күрт төмендеп, 246 миллионнан 152 млн адамға дейін азайған. Бірақ бұл төмендеудің қарқыны соңғы жылдары тоқырап қалған. Егер осы қарқын жалғаса беретін болса 2025 жылы әлі де 121 миллион балалар мен қыздар жұмыс істейтінін есептеп шығарылған.

Балалар еңбегін саууда­ ТМД елдерінің арасынан­ Тәжік­станның алда келе жатқан­дығы да халықаралық ұйымның назарына іліккен. Мәселен, Тәжікстанда 200 мыңнан ар­тық бала өзін және отбасын тамақ­тандыру үшін жұмыс істеуге мәжбүр. Осы елдің базарларында балалардың жұмыс істеуі тұ­рақты көрініске айналған. Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) мәліметтеріне қарағанда бұл елдің миллионға жуық азаматы еңбек миграциясымен шетелге кетіп, жұмыс істеуге мәж­бүр болғанда олардың орын­дарын жас балалар басады екен. Тіпті, шетелде жұмыс іс­­теуге де мәжбүр болған 14-15 жа­сар жеткіншектер жетерлік көрінеді. Мәселен, Сафар Са­биров деген азамат 15 жаста ағасымен бірге Мәс­кеуге барып, Черкизов ба­за­рында күні бойы жұмыс іс­тегенін айтады. Соның ішінде күні бойы машина жуу, ауыр жүктерді арбалап тасу сияқты жұмыстармен айналысқан. Тек осы базар жабылған соң ғана еліне келген екен.

ХЕҰ Орталық Азиядағы өкілі Мухайе Хосабекованың айтуына қарағанда, бүгінгі таңда Тәжікстанда бір күнде 9 мыңға жуық 15 жасқа дейінгі бала тамағын асырау үшін жұмыс іздеуге мәжбүр. «Бұл өте қауіпті көрсеткіш. Олардың қай­да түнеп, қалай тамақтарын асырап жүргенін арнайы зерттеу керек», деді ол.

Айта кетейік, Қазақстанда балаларды ауыр жұмыстарға салу мен экономикалық тұр­ғыдан қанауға қарсы құқы­лық база қаланған. Еліміз бала­ның құқын қорғау туралы барлық халықаралық құжат­тарға қол қойған.