Мәнерлеп сырғанаушының Сочи Олимпиадасының финалдық бағдарламасын орындап тұрған сәтін өрнектеген еңселі ескерткіштің мүсіні қоладан, тұғыры граниттен құйылған. Биіктігі – 2,4 метр. Ескерткіш қаладағы Денис Тен қапыда қаза тапқан Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында орын тепкен. Ақ айдында аққудай қалықтаған айбоз ұлдың жарқын бейнесін көз алдыңа әкелетін өнер туындысын сомдаған санктпетербургтік мүсінші Матвей Макушкин. Өнер иесі бұған дейін шаһардағы жастар жиі бас қосып ән салатын орынға айналған Виктор Цойдың айрықша мүсінін кейіптеген еді.
Ескерткіштің ашылу рәсіміне Денистің өнері мен өмір жолын бағалайтын Алматы тұрғындары, сондай-ақ танымал спортшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Олар тас тұғырға гүл шоқтарын қойып, тас мүсінге айналған таңғажайып талант иесін құрметпен еске алды.
Денис өзінің бір сұхбатында алға қойған мақсаттарының көптігін, өзі құрастырған сценарийдің желісі бойынша фильм түсіруді армандайтынын айтқан еді. Алайда оның ең үлкен арманы төртжылдықтың басты бәсекесінде қазақтың туын көкте желбірету болатын. Спортшының ауыр қазасынан кейін әйгілі жаттықтырушы Фрэнк Кэрролл да карьерасын осымен тәмамдайтынын хабарлады. Денис Теннің өнерін тамашалаған миллиондаған адам карта бетінен Қазақстанды іздеді. Оның жарқын бейнесі мәңгі көз алдымызда. Еске салсақ, осыған дейін Алматыда Денис Тен тұрған үйдің қабырғасына мемориалды ескерткіш тақта орнатылған болатын.
АЛМАТЫ