«Талаптың оты арындап» тұрған шағында жастардың білімге бет алып, табысқа талпынуы қандай жарасымды. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ ғылыммен айналысуға ден қойған жас зияткердің толағай жетістіктері туралы біз бұған дейін де естігенбіз. Қала әкімінің қатысуымен дәстүрлі түрде өтетін үздік түлектерді марапаттау рәсімінде Даринамен жүзбе-жүз жолығып, арман-мақсаттары туралы әңгімелестік. Оның инновациялық технологияларға қызығушылығы зор. Командалас достарымен бірге ақылды робот ойлап табуға алғашқы талпыныстарын жасап та үлгерген. Мегаполистегі халықаралық «Мирас» мектебінің түлегі «IITU Robocon Games» республикалық байқауында 2 орын иеленсе, экология саласындағы «Model UNESCO» сайысында жүзден жүйрік атанған. Математика пәнін ерекше құлшынып оқитын ол, болашақта Қазақстанның техника, экономика ғылымдарына өз жаңалығымды әкелсем деген арманымен бөлісті.
«Әлемде пайда болып жатқан соңғы технологиялық жетістіктер, көптеген мамандықтардың жойылуына әкелуде. Үлкен ұжымның жасайтын жұмысын, бір ғана компьютер атқарып отыр. Бүгінде технологиясы дамыған елдер ең бай мемлекеттер. Біз де осы бағытта жұмыс істеуіміз керек. Менің мақсатым – отандық ғылымға жаңа леп әкеліп, ақылды робот ойлап табу. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бионикалық буындар, ерекше протездер құрастырғым келеді. Себебі, мұндай құралдарды мұқтаж жандар басқа елдерден қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр. Оларды алуға көпшілігінің қалтасы да көтере бермейді. Жаным қалайтын кәсібім арқылы адамдарға жақсылық жасасам деймін. Армандарым өте көп. Ол үшін талмай іздену, еңбектену қажет екенін де жақсы білем. Көптеген дарынды жастар шет мемлекеттерге оқуға барып, сол жақта қалып жатады. Меніңше, бұл дұрыс емес. Олар үйренген білімдерін, тәжірибелерін өз елінің игілігіне, дамуына жұмсауы керек», – дейді Дарина Нұрғалиқызы.
Ойы ұшқыр жас талапкермен тілдесіп отырып, оның қазақ экономика ғылымына айтулы үлес қосқан академик Нұрғали Мамыровтың қызы екенін білдік. Кенет, «қасқа айғырдың құлыны қасқа тумаса да төбел туады» деген сөз еріксіз ойымызға оралды. Әке бойындағы талант перзентіне дарыпты. Бізде Даринаға жолың болсын, жас талап деген тілегімізді айттық.