• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 25 Маусым, 2019

Туризм саласындағы түйткілдер қыруар табыстан құр қалдырып отыр

757 рет
көрсетілді

Таяуда Дүниежүзілік сауда ұйымы сайтында Қазақстан­ның жылына 40 млн турист қабылдауға мүмкіндігі жететіні туралы мәлімет жарияланды. Біз елімізге жыл сайын 5-6 млн адам келсе, бөркімізді аспанға атып қуанып жүргеніміз белгілі. Бұл мүмкіндігіміздің 90 пайызын да қолдана алмай отырмыз деген сөз.

Сарапшылардың айтуынша, туризм секторы біздің елде арбаның бесінші доңғалағы сияқты әртүрлі министрліктердің соңында тіркесіп жүреді екен. Туризм индустриясына бөлінген қаржының қаншалықты тиімді жұмсалып жатқаны беймағлұм.

Қазақстанға келетін туристер саны Әзербайжан, Грузия, Өз­бек­станмен салыстырғанда әлде­қайда төмен.

– Себебі көрсетілетін қызмет ха­лықаралық стандарттарға сай емес. Туризмді дамытуға қаржы жоқ, ақша бөлінбейді деу қи­сынсыз. Ең бастысы ықылас жоқ. Қазір тиісті мекемелер тек есеп берумен отыр. Өйткені қымбат мұнай бағасына иек артуды білетін Үкімет әлі ашыққан жоқ. Туризм министрлігін ашпай болмайды, – дейді сарапшы Евгений Смирнов бізге берген сұхбатында.

Өзбекстандағы туристік қауым­дастықтың атқарушы дирек­торы Гүлчехра Исрайлова Өзбек­стан билігі туризмді мемле­кеттің басым бағыты санап, 2016 жылдың аяғында туризмнің күретамырына қан жүгіртетін тарихи шешім қабылдағанын айтады. Онда эко-туризм ауылдың инвестициялық жағдайын жақ­­сартатын негізгі фактор ретін­де қарастырылыпты. Бұл жеке тұлғалардың бизнесті туризммен ұштастыруына мүмкіндік береді.

– Туризм саласын дамытуға атса­лыс­қысы келгендерге жылына 2 па­йыздық үстемеақымен несие беріледі. Олар 2022 жылға дейін салықтан босатылады, – дейді Гүлчехра Исрайлова.

Қырғыз туристік қауым­дас­­ты­­ғының атқарушы директоры Мыр­забек Озубеков бізбен әңгі­месінде Ыс­тықкөлге келген шетелдік турис­тер Алатаудан асып Алматыға кететінін, одан кейінгі тізгін қазақтарға тие­тінін айтады. Оның айтуынша, күш біріктірсек, Алатау қазақ пен қыр­ғызды аш қалдырмайды.

– Құдай бір-бірімізге көрші болуды, Алатаудың күн­гейі мен теріскейін тел емуді, бір тарихи тағдырды жазды. Бір-бірі­мізді құшағымызға тартайық, – деді М.Озубеков.

 

Туристерді не қызықтырады?

...Оларды бірінші кезекте қазақтың ешкімге ұқсамайтын болмысы, тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі қызықтырады. Шеттен келгендер өзге өркениетті көр­гілері келеді. Заманауи Астана мен Алматы емес, көне қалалар Сарайшық, Ақыртас, Отырар төбе мен Түркістан туристерге қызықты екен. Еуропа, Азия елдерін айтпағанда, іргеміздегі Өзбекстан бұл жағынан бізден оқ бойы озық тұр. Санғасырлық тарихы, қайталанбас шығыстық дара сәулеті бар Бұқара, Самарқан, Қоқан мен Хиуа секілді көне қалаларын туризм орталығына айналдыра алды.

Жақында Алматыда өткен ІV қонақ­үй форумына қатысқан түркия­лық сарапшы, «Kilit Hospitaly Group» тобының жетекшісі Толга Килит Түркия билігі ең алдымен халықтың әлеуетіне иек артқанын тілге тиек етті. Түркияда шамасы келетіндерге теңіз жағасынан жер беріліп, қаржы бөлінеді екен. Бизнесі нығайғанша салықтан да босатылады. – Теңіз жағасынан демалыс үйін саламын дегендерге «азық-түлікпен өзің қамтамасыз ет, бау-бақша өсір, егін сал», деп қосымша қаржы бөлді. Соның нәти­жесінде аз ғана уақыт ішінде ІЖӨ-нің тең жартысын туризм саласынан түсі­ріп отырған бай, қуатты елге айналдық. Бұ­рын тек жағажай туризмімен аты шық­қан Түркия қазір тарихи туризмнің мүм­кін­дігін іске қосты. Сүлеймен сұлтан туралы 150 сериялы киносынан кейін турис­тер саны 3-4 есе өсті. Тарихтан тірек іздеу әлемдік трендке айналған кезде Түр­кияның ақпарат көздеріндегі «Сүлеймен сұлтанның уәзірлерінің зираты табылды» деген ақпараттың өзі туристердің қызығу­шылығын тудырады», дейді Толга Килит.

Қазақстандық туристер қауымдас­тығының басшысы Рашида Шай­кенова­ның пайымдауынша, Қазақ­стандағы туризм­нің индикаторы – Алматы мен Көкшетау.

 – Бурабай мен Шымбұлақтағы бес жұл­дызды қонақүйлердің басым көпшілігі жаз мезгілінде бос тұрады. Жыл бойы адам аяғы үзілмесе, баға да төмендер еді. Ол үшін Орталық, Сол­түстік, Оңтүстік, Шы­ғыс және Батыс бағытын қамтитын турис­тік жобаларды ұйымдастыру керек, – дейді ол.

Р.Шайкенова біздің ел туризм брендін қалыптастыра алмай отыр деп санайды. Оның пайымдауынша, бұл фактор туризмді дамыту үшін маңызды. Үкіметтік мінберлерде айтылатын Астана феномені немесе Алматы тек өзіміз үшін ғана маңызды. Мыңжылдықтар тарихын сақтап қалған Бейжің немесе Ыстанбұл, Самарқан мен Бұқараға Алматы мен Астана ілесе алмайды. Себебі туристердің 50 пайызы алыс саяхатқа тарихпен тілдесу үшін барады.

Қонақүйлер қаңырап бос тұрмауы керек

Алматыдағы форумда «Кazakh tourism» ұлттық компаниясы басқарма төр­ағасының орынбасары Тимур Дүй­сен­ғалиев қазақ туризмі үшін жаңа ба­ғыт­тар байқала бас­тағанын, қонақүй ту­ризмінің жаңа мүмкін­діктері жайлы баяндады. Оның па­йым­дауынша, біз биз­нестің осы түрінің мүм­кіндігін кеңі­нен пайдалана алмай отыр­мыз. Мы­салы, Қазақстанның Өз­бек­­стан­мен, Қыр­ғызстан немесе Ресей­мен ше­ка­ра­лас ай­мақтарында қонақүй бизнесі өз әле­уе­тіне сай дамып отыр деп айта алмайсың.

Ал облыс орталығында халық­аралық т­а­лап­тарға жауап беретін қонақүйлер өте аз.

– Қазір туризм саласының мүм­кіндіктері әртараптандырылды. 2019 жылдың аяғына дейін Астанада «Көш­пенділер», Шығыс Қазақстан облысында «Алтын адам» фестивалін өткізу жоспарда бар. Астананың бір мезгілде бірнеше жүздеген мың қонақ күтуге мүмкіндігі бар. Сондықтан шығыс өңірдегі қонақүй бизнесінің әлеуетін қайта қарап, қосымша қаржыландыру туралы ұсыныс енгіздік, – дейді Т.Дүйсенғалиев.

Ол Қазақстанның маусымдық ерек­шеліктері туризмнің дамуына көп кедергі келтіріп отырғанын айтып өтті. Қазақ­стандағы қонақ үй биз­­несінде мау­сымдық өзге­рістер­ге тәуелсіз Алматы мен Астана ғана екен. Қазір олардың қа­тарына Түркі­стан облысы қосылыпты.

Т.Дүйсенғалиев Орталық Азия елдері туризмінің мүмкіндігін бірлесіп пайдалану туралы келісімшарттар жасалып жат­қа­нын жеткізді. Мысалы, Алматыға неме­се Астанаға келген туристің жол са­­парын тек Қазақстанмен шектеп қал­ғысы келмейтіні түсінікті. Сол се­бепті Орталық Азиядағы туристік ба­ғыт­тар алдағы уақытта Қазақстаннан бас­­талып, Қырғызстанды айналып өтіп, Тәжікстанға барып тоқтауы да әб­ден мүмкін. Орталық Азия ел­дері ара­сындағы бұл келісімге тек Өзбек­стан ғана жылы қабақ танытпай келген. – Өзбекстан билігінің туристік ба­ғыт­тарды бірлесіп пайдалану туралы ке­лісімі өзгерді. Ал­дағы уақытта Ор­та­лық Азия­дағы 5 мемле­кеттің өкіл­дері нақ осы мәселе бо­йынша кез­десіп қалуы әбден мүмкін, – деп атап өтті Т.Дүйсенғалиев.

Туризм немесе қонақүй бизнесі­нің дамуы үшін инфрақұрылым неме­се менеджменттің жақсы болуы аздық етеді. Бұл түркия­лық Толга Килиттің пікірі. – Маған алыс-жақын шетелдердің туризм индустриясы жақсы таныс. Басым көпшілігінде қонақүй сервисі деп сүлгі немесе халаттарды алыстан арбалап алып кел­генге басымдық береді. Бұл қызмет көр­сету бағасына әсер етеді. Туристі бірін­ші кезекте барған елінің табиғаты немесе архитектурасы қызықтырады. Қалған­дары екінші кезекте. Біз туризммен бірге жеңіл өнеркәсіпті де, кәдесый бизнесін де қатар дамытуға тырыстық. Қазір Түркия­да жоғары санаттағы қонақүйлері бар кәсіп­кер­лердің басым көпшілігі жеңіл өнеркәсіп сияқты бірнеше бизнес түрін қатар алып жүр, – деп сөзін бір түйіп өтті Толга Килит.

Соңғы он шақты жылдың бедерінде Түркияға, түрік сұлтандары тари­­хына қызығушылық таныта баста­ғандардың қатары еселеп көбейіп кетіпті. – Түркия туризмінің алтын ғасыры енді туды. Түркия мәдени және тарихи туризмнің дамуы үшін жыл сайын 20 млрд АҚШ долларын бөлуге шешім қабылдады, – деп сөзін қорытындылады Толга Килит.

Күні бүгінге дейін Алматыға немесе Ыстанбұлға барғысы келе­тін ту­рис­тер ортадағы делдал опе­ра­тор­лардың кө­мегіне жүгінеді екен. Мәскеулік са­рап­шы Алексей Жар­ковтың пайым­дауын­ша, делдалдар қонақүй бизнесіне тиесілі пайданың 40 пайызын орта жолдан қағып алып кетуге дағдыланып алған. Оны үнемдеу үшін цифрлы технологияларды пайдалануға көшкен жөн. Бұл делдал операторларға емес, туристік компанияларға тікелей шығу­ға мүмкіндік береді. Яғни, сапалы қызметті тікелей компаниядан алған клиент те, табыс тапқан компания да риза болады деген сөз.

АЛМАТЫ