• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 26 Маусым, 2019

Ұшақтардың ұлы жәрмеңкесі

835 рет
көрсетілді

Мамыражай маусым туа өзен-тоған, көл-көлшік, қамыс-қопа іші үйрек-қазға толып, жоғары-төмен сымпылдап ұшқан құстардың жәрмеңкесіне айналатын әсем көрінісі бар ғой! Париж түбіндегі Ле Бурже әуе салонында өткен 53-халықаралық әуе шоуының ортасынан бір-ақ шыққан біздің сап түзеген сансыз ұшақты көргенде көз алдымызға келіп тұра қалған көрініс те осы іспетті еді. Құстардың да өз ішінде аққу сияқты бейбіт әм іліп түсетін ителгі, қаршыға тәрізді жыртқыш түрлерінің болатыны сықылды, екі жылда бір мәрте ұйымдастырылатын Ле Бурже әуе салонындағы ParisAirShow көрмесінде де жолаушылар мен жүк тасымалдайтын азаматтық және өндірістік авиациядан бастап, әскери мақсатқа арналған әуе кемелеріне дейін самсап тұр екен. Кермеге байланған аттай қатар-қатар қойылған ұшақтардың әскери түрлерін сырттай тамашаласақ, алып самұрықтай азаматтық және өндірістік авиацияның соны үлгілерін салонына, тіпті, ұшқыштар кабинасына дейін емін-еркін көруге мүмкіндік туды. Франция астанасы жанындағы Ле Бурже әуе салонына әлемнің 300-ден астам әуе компаниясы қатысып, өнімдерімен де, қызметімен де жаһандық бәсекеде өз орны бар екенін көрсетті.

Болашақ жойғыш ұшақтар буыны

Парижден 12 шақырым қа­шық­тықта орналасқан бұрынғы әуежай Ле Буржедегі іс-шара екі бөлімнен тұрады екен. Алғашқы жабық жағдайда өт­кізілген 17-23 маусым күндері барлық кәсіби авиаторлар, конструкторлар мен авиаиндустрияның өзге де өкіл­дері саладағы жаңашылдықтармен та­нысып, өзара келісімшарттар түз­се, екінші бөлімінде қарапайым кө­рермендер авиация әлеміндегі жо­ғары технологияларды тамашалай­ды. Көрмеге қатысушыларды алты қат аспанды айнала шиырлаған әуе кемелерінің шоуы да айрықша таң­ғалдырды деуге болады. Баппен ұш­қан боингтардан бастап, қас пен көз­дің арасында бұлтқа сіңіп кететін ұш­қыр ұшақтардың шалт қимылдары, тіпті орнында тұрып жамбасқа ауна­ғандай кез келген жағына аудары­латын әскери тікұшақтардың өне­рі тәнті етті. Олардың арасында Фран­ция мен Германия елдері әс­ке­ри қуатын байқатып, ұшқыр ұшақ­тардың алтыншы буынымен таныс­тырса, Түркия өздерінің бесінші буын­дағы ұшақ макетінің танысты­рылымын өткізді. Бұл биылғы шоу­дың ең басты ерекшеліктерінің бірі де. Айталық, көрмедегі ең жарқын тұсау­кесерлердің бірі – Францияның FCAS (Future Combat Air System) еуропалық жойғыш ұшақтардың алтыншы буыны. Мұны болашақтың әуе соғысы жүйесі десек те болады. Rafale  ұшағының өн­дірісімен Dassaut компаниясы және Airbus концерні айналысады. Жаңа машинаны Испанияның қатысуымен Германия мен Франция елдері де жасамақ. Бұл ұшақтар 2040 жылдан кейін Rafale және Eurofighter жойғыш ұшағын ауыстырады деп жос­парланып отыр.

Жаңа еуропалық әскери жоба­ның ресми таныстырылымы әлем­дегі екінші ірі авиашоу сана­ла­тын Англияның Фарнборо қала­шығындағы британдық әуе ұшақ­тарының алтыншы буынын таныс­тырудан бір жыл өткен соң өткі­зіліп отыруы да кездейсоқтық емес. Былтыр Екінші дүниежүзілік соғыс­тың ең ұшқыр жойғыш ұшағы құр­метіне Tempest аталған әскери әуе кемесін жасауға BAE Systems және Rolls-Royce сияқты британдық ком­­­­­­­паниялармен бірге италиялық Leonardo және халықаралық MBDA кәсіпорындары да араласып отырғаны белгілі болған-тын. Сондықтан да оны панъеуропалық ұшақ түрлері санатына қосады. Бұл жаңа ұшақ 2035 жылға қарай Корольдіктің әскери әуе күштеріндегі атақты Typhoon-ды алмастырмақ. Ал құр­лықтағы FCAS жобасы туралы былтыр белгілі болғанымен, аталған бағдарлама бастапқы кезеңінде-ақ бірқатар қиындыққа кез болды. Шетелдік сарапшылардың айтуынша, оның көбі негізінен техникалық және саяси мәселелерге қатысты түйіндер көрінеді.

Ал ресейлік авиатехника сала­сының өкілдері 2014 жылдан бастап Батыс әлемімен арадағы санкцияларға байланысты бұл көрмелерден шеттеп қалған болатын. Әуе салонына тек SSJ100 азаматтық лайнері ғана қатысып келгенімен, дәл осындай ұшақтарды мексикалық Interjet және ирландиялық Cityjet компаниялары да аталған алаңға алып келіп жүрді.  Сондықтан кейінгі жылдары аталған шараға алғаш рет қатысып отырған ресейліктердің «Вертолеты России» концерні Парижге «Ансат» атты екі жеңіл тікұшақтың жаңартылған түрлерін алып келген екен. Бұл тік­ұшақтардың бірі VIP жиынтығымен қымбат тасымалдау қызметін ұсынса, енді бірі медициналық қызмет көрсету мақсатында қолданылады. Айтқандай «Ансат» ұшу бағдарламасына да қатысып, ресми таныстырылымында түрлі жаттығулар көрсетті. Бұл көрші елдегі Pratt & Whitney канадалық компаниясының двигательдері орна­тылған бірден-бір тікұшақ саналады.

 

Boeing пен Airbus арасындағы бәсеке

Сондай-ақ Ле Бурже салоны әлемдік алпауыттардың нарық үшін таласатын шаршы алаңына да айналып кеткені белгілі. Биыл  көптеген әуе апаттарынан өзінің нарықтағы келбетіне нұқсан келтіріп алған Boeing үшін бұл көрме компанияның өзін өзі жоғалтуына себеп болатынын болжаушылар көп болса да, америкалық концерннің жетекшілері еш саспастан, мақсат – лайнерлерді сату емес, сатып алушылардың се­німін қалпына келтіру екенін жет­кізді. Сондай-ақ жүздеген жаңа лай­нерлер орнында шірімеу үшін 737 MAX ұшақтарын қолданысқа қайта оралтуды көздейтіндерін де айтты. Жалпы аталған корпорация еуропалық авиа­салонда 2016 жылдан бастап ең тө­менгі нәтижелерді көр­сетіп келеді. Десе де, бұл жолы күллі дүние күмән келтірген 737 MAX лайнерінің 200 данасына алдын ала тапсырыс алуы күтпеген жаңалық болды. Бұл аталған маркадағы ұшақ­тардың қатысуымен болған екі әуе апатындағы 346 жо­лаушының өлі­мінен туған шудан кейінгі алғашқы тапсырыс екенін де айта кеткен ләзім. Тапсырысты IAG халықаралық авиациялық холдингіне енетін British Airways және Iberia компаниялары беріп отыр. Келісімшарт көлемі – 24 млрд доллар. Әрине, бұл үлкен жеңілдіктер жасалғаннан кейінгі баға. Мұның өзі алпауыт өндірушінің абыройына көлеңке түсіретіні жасырын емес. Себебі компания 2017 жылы өткен әуе салонындағы саудада 600-ге жуық ұшақ сатып, ең алғашқы орынды иеленген, оның көпшілігі дәл осы модель болатын. Дегенмен, аталған ұшақтардың қай­тадан көкке оралатынының өзі олар үшін үлкен жеңіс. Сондай-ақ баспасөз мәслихатында Korean Air компания­сы Boeing-тің Dreamliner 787-10 маркасының 20 ұшағын және 787-­9s нұсқасының 10 көлігін сатып ала­­тынын хабарлады. Бұл келі­сім құны 6,3 млрд долларға баға­лан­ды. Авиаиндустрияда беделін айтар­лықтай түсіріп алған кәсіпорынға бас­қа да компаниялар тапсырыс беріп жат­қанымен күмәнді ұшақтардың қай уақыт­та көкке көтерілетіні нақты айтылмады.

Әрине, бұл келіп еуропалық Airbus компаниясының нарықтағы орнын нығайта түсті. Авиасалонның ал­ғаш­қы күнінің өзінде 100-ден астам ұша­ғын сатып үлгерген Airbus екі-үш күннің ішінде 44 млрд долларға тап­сырыс алды. Әсіресе, A321XLR транс­магистральды моделі нарыққа қатысушылардың назарын көбірек аударды. Өйткені бұл ұшақпен бәсекелестік тудыруға тиіс Boeing-тің 737 MAX ұшақтарының мәселесі көпшілікке белгілі. Сондықтан бұл өнімге америкалық American Airlines, австралиялық Qantas Airways, саудия­лық Flynas, филиппиндік Cebu Pacific және басқа да әлемдік ірі әуе тасымал­даушылар тапсырыс берді. Тіп­ті америкалық тасымалдаушы өз пар­кіндегі Boeing-тің 757-200 маркалы ескі ұшақтарын Airbus-тың жаңа әуе кемелерімен алмастырмақ.

 

«Air Astana» Skytrax-2019 сыйлығын иеленді

ParisAirShow аясында әуе сала­сын­дағы дәстүрлі Skytrax-2019 сый­лығы табысталды. Авиация сала­сының Оскарына баланатын бұл сый­лықтың «Орталық Азия және Үн­дістандағы ең үздік әуе компания­сы» аталымын қазақстандық авиацияның көшбасшысы атанып жүрген «Air Astana» әуе компаниясы биыл сегі­зінші мәрте иеленді.

Аталған шарада компания басшысы Питер Фостер бұл марапаттың борттық қызмет көрсетудің алтын стандартына ғана табысталатынын, сондықтан әлемнің көптеген ірі компаниялары қызмет көрсететін өңірлік деңгейдің өзінде топ жарудың оңай еместігін жеткізді.

«Ерекше қуаныштымын. Бізге сенім артқан жолаушыларымыздың қызметімізді жоғары бағалағанына алғыс айтамын және әріптестеріміздің кәсіби біліктілігіне ризашылығымды білдіремін» деді марапаттау салтанатында Питер Фостер.

Жолаушылардың әуедегі қыз­метке көңілі қаншалықты толатынын зерттейтін тәуелсіз Skytrax сый­­лығы осымен 19 мәрте өткізілді. 2018 жылдың қыркүйек айынан 2019 жылдың мамыр айына дейін аталған зерттеулер аясында 300 әуе желісіндегі борттық қызмет көрсету бойынша жүздеген ұлт өкілдерінен тұратын 21 миллионнан астам әуе жолаушылары арасында сауалдама жүргізілген екен. Онда тіркеуден бас­тап, әуе кемесіне отырғызу, салон­ның жайлылығы, тазалығы, тағамы мен сусындары, көңіл көтеру жүйесі және борттық қызмет көрсету сапасына дейін көңіл аударатынын айта кету керек.

 

Нұр-Сұлтан – Париж –  Нұр-Сұлтан

 

Түйін: Авиашоу – әлемдегі турис­терді ең көп тартатын ауқымды іс-шара­ның бірі. Әрине, әлемнің ең үз­­дік ұшақтарының көз алдыңызда түйі­ле ұшқан тұйғындай, мамырлай қонған ақ бауыр қаздай түрлі өнер көр­сетуі, тіпті авиация әлемінен хабарсыз жан­­ға да тамаша әсер қалдырады. Бұл шараға көптеген ұшақтар мен тік­­ұшақтар әлденеше жылдан бері қа­ты­сып келе жатса да, көрермендер қы­зығушылығының әсте төмендемеуі де осы­ны көрсетсе керек. Оның үстіне бұл үлкен экономика, үлкен технология, үлкен нарық. Ойдан ой боталады. Отан­дық конструкторларымыз қай қиыр­да жүр? Ұлттық ұшқыштар буыны тәрбиеленді ме? Қазақстанда тек «Эйр Астана» әуе компаниясы 2008 жылдан бері ab-initio ұшқыштарды даярлау бағдарламасы бойынша жас қазақстандықтарды шет мемлекеттердің ұшу мектептерінде оқытып, жұмысқа қабылдап жатыр. Атап айтқанда, олар шетелдердегі Patria (Финляндия), AFTA (Ирландия), FTE (Испания) ұшу мектептерінде 1,5 жылдай оқиды. Бүгінгі таңда 200-ден астам отандастарымыз компанияда ұшақ тізгінін басқарып жүр. Париж әуежайынан ұлтымыздың Талғаттары мен Тоқтарлары, Хиуаздары мен Тотыларының ізін жалғайтын жастардың жаңа буыны жарқырай көрінсе, көбейе берсе деген тілекпен әуеге көтеріле бердік.