• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Әлем 28 Маусым, 2019

Қабылданған қарарды мойындар емес

386 рет
көрсетілді

Өткен ғасырдың орта шенінде, дәлірегі 1949 жылы құрылған, 50-ге жуық ел мүше бо­лып кірген, штаб-пәтері Страсбургте (Франция) орналасқан, кеңесші орган мәр­те­бесіне ие Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының (ЕКПА) Ресей­ді қайта қабылдау туралы шешімі бірқатар мемлекеттің қарсылығын тудырып отыр.

ЕКПА-ның 26 маусым күнгі аталған шешіміне бірінші кезекте Украина тарапы келіспейтіндіктерін білдірді. Ассамблея сессиясынан Киев өкілдерінің шығып кетуі арқылы жасалған бұл қарсылық әрекетіне ертесіне алты мемлекет – Эстония, Грузия, Латвия, Литва, Польша және Словакия қосылды. Бұл елдердің делегаттары да осы күндері өткен ЕКПА сессиясын тастап шыққан.

Тарқата айтар болсақ, 2014 жылы Қырым оккупациясынан кейін Ресей делегациясы ЕКПА сессияларында дауыс беру құқығынан айырылған еді. Содан кейін Ресей өкілдеріне ЕКПА-дағы басшылық лауазымдарға ие болуға және мониторинг миссияларына қатысудан тыйым салынған-ды. Ресей делегациясы бұған жауап ретінде ЕКПА сессияларына қатысудан бас тартса, осыдан екі жыл бұрын Мәскеу Еуропа Кеңесі бюджетіне жарна төлеуді тоқтатқан.

Жалпы, 2015 жылы Ассамблея Ресей делегациясының өкілеттігін қалпы­на келтіру мәселесін екі рет қараған. Бірақ талқылаулар нәтижесі Мәскеудің пайдасына шешілмеді. Ал 2018 жылдың аяғында Ресей делегациясы ЕКПА-ның отырыстарында дауыс беру құқығынан айы­руға тыйым салатын ережелерге түзету­лер енгізілгеннен кейін қайта ора­лу­ға мүмкіндік беретін жағдайды ұсын­­ды. 2019 жылы ЕКПА-ның Регла­мент­тік ко­ми­теті Ресейге маусым сессиясы­на қа­ты­су­ға өкілеттік беретін шешім шығарған.

Міне, енді ЕКПА бес жылдық үзіліс­тен кейін Ресей делегациясының өкілет­ті­гін толық қалпына келтіретін қарар қа­был­дап отыр (Құжаттың қабылдануын деле­гат­тардың 116-сы жақтаса, 62-сі қар­сылық білдірген, ал 15-і қалыс қалған).

Қабылданған құжатта ЕКПА Мәс­к­еуді 2014 және 2015 жылдарға ар­нал­­ған шешімдерге енгізілген бар­­лық ұсыныстарды орындауға үн­деген. Қа­рарда Ресей делега­циясының  Ассам­б­леяға қарасты Мониторинг және басқа да барлық комитеттерімен ын­­ты­мақтастыққа кедергісіз қайта оралуы және өз міндеттемелерін орын­дау мақ­сатында сындарлы диалог жүр­гізуі қа­жеттігі де айтылған. Бұдан басқа, Ассамб­лея Ресей билігін өткен жылдың қараша айында шекараны бұзды деген айыппен ұсталған  украиналық 24 матросты босатуға және Еуропа Кеңесінің бюд­жетіне тиісті барлық жарналарды тез арада төлеуге шақырды.

ЕКПА-ның Мәскеумен түсіністік тауып, Ресей делегациясының аталған органдағы барлық құқығын толық қал­пына келтіру тұрғысындағы қадамына алғашқылардың бірі болып Украина делегациясы үзілді-кесілді қарсы болып отыр. Жоғарыда айтқанымыз­дай, әлгі қарар қабылданғаннан кейін бірден украиналық делегация сессия өтіп жатқан жайды тастап кетті. Украина өкілі Алексей Гончаренконың айтуынша,  Киев делегациясы ЕКПА-ның маусым айындағы сессиясына қатысудан бас тартады.

Украина делегациясының басшысы Владимир Арьев ЕКПА-ның ресейлік делегация жөніндегі қарары халықтың Еуропа Кеңесіне деген сенімін әлсірететінін меңзей келіп: «Біз Ассамблеяның келесі сессиясындағы бірлескен іс-қимылымыз жөнінде парламент және үкіметпен кеңесу үшін үйімізге ораламыз», деп мәлімдеді.

Соңғы ақпараттарға қарағанда, жоға­ры­да аталған жеті елдің өкілдері өз пар­ла­­мент­теріне ЕКПА-дағы ұлттық делега­цияларының Ассамблеядан жыл соңына дейін кетуі жөнінде ұсыныс жасамақ.

Қорыта айтқанда, аталған түйткілді шешу ЕКПА-ның жаңадан сайланған басшылығына біршама сын болып тұр.