• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Сәуір, 2013

Түрме – жетіскеннен отыратын жер емес

920 рет
көрсетілді

Түрме – жетіскеннен отыратын жер емес

Сейсенбі, 2 сәуір 2013 0:06

Қылмыс жасағандарды қылмыскерлердің өздері де құшақ жая қарсы ала қоймайтыны белгілі. Сондықтан да аяғын шалыс басып, тәртіп бұзғандар, ең алдымен, түрмеге түспеудің амалын іздейді. Онда оларға кім күшті сол қысым көрсетіп, қылбұрауды салатынын жақсы біледі. Бірақ «Қылмыс жасаған жанның орны – түрме» деген ұғым әбден қалыптасып қалды. Өйткені, айыпкер айыбына сай түрме атты қапасқа қамалса ғана кінәлі сазайын тартып, жаза орындалатын секілді. Ал шын мәнінде солай ма?

 

Сейсенбі, 2 сәуір 2013 0:06

Қылмыс жасағандарды қылмыскерлердің өздері де құшақ жая қарсы ала қоймайтыны белгілі. Сондықтан да аяғын шалыс басып, тәртіп бұзғандар, ең алдымен, түрмеге түспеудің амалын іздейді. Онда оларға кім күшті сол қысым көрсетіп, қылбұрауды салатынын жақсы біледі. Бірақ «Қылмыс жасаған жанның орны – түрме» деген ұғым әбден қалыптасып қалды. Өйткені, айыпкер айыбына сай түрме атты қапасқа қамалса ғана кінәлі сазайын тартып, жаза орындалатын секілді. Ал шын мәнінде солай ма?

Жұртқа көрсететіндей күй жоқ

Әрине, бір қарағанда ауыр қылмыс жасаған жандардың ауыр жаза арқалап, бірнеше жылға қатаң түрдегі түрмеге тоғытылғаны дұрыс-ақ. Өйткені, қалып­­тас­­қан түсінік бойынша өзгеге зәбір көр­сет­кен адамның бұдан кейінгі өмірі өксік­ке толы өкінішті қияметке айна­луы қажет. Бірақ бұл жекелеген адам­дар­дың пікірі болғанымен, қоғам бұған басқаша қарайтындығы белгілі. Сон­дықтан да болса керек, кезінде У.Чер­чилль­дің өзі де: «Қандай ел екен­дік­­­те­ріңді айту үшін әуелі түрме­леріңді көр­сетіңдер», деген екен. Ал бізде түр­мелерді көрсететіндей күй жоқ. Әрине, түрме – жақсылықтың белгісі емес, оның үстіне түзеу мекемелеріндегі лықа тол­ған сотталғандардың саны сол мем­­лекеттегі қылмыстық саясатты, ізгі­лен­ді­ру барысын айқындайтынын ескерсек, қылмыскерлердің сазайын тарттыратын басқа балама жазаларды қарастырған да дұрыс па дейсіз.Өйткені, елімізде қылмыстық саясатты ізгілендіру үрдісі кемшін соғып тұрғаны жасырын емес. Мұны құқықтық жүйені реформалаудың, заңдарымызды жетілдірудің, ең бастысы, түрме рефор­ма­сының жоқтығының нақты салдарлары көрсетеді. Себебі, қылмыстық сая­сат әділдігі дұрыс ұйымдастырылған деп халықаралық стандарттар бойын­ша салыс­тырмалы түрде 100 мың тұр­ғын­ға шамамен 150 сотталған келген жағдайда ғана айтуға болады екен. Ал біздің елімізде, жасыратыны жоқ, бас бостан­дығы шектелген адамдардың саны әлі де болса жоғары – 100 мың тұрғынға 316 қамалған адамнан келіп тұр. Бұл – өте жоғары сан. Ендеше, неліктен біздің елде сотталғандардың саны көп? Қайткенде қылмысты ізгілендіріп, бас бостандығынан айырылғандарды азай­туға болады? Қылмыс жасады деп айыпталғандардың бәрін түзеу меке­­­мелеріне тоғыта бергеннен гөрі, жазаны атқарудың балама шараларын табуға мүмкіндік бар ма? Көкейде жүрген бұл сұрақтарымыздың жауабын біз Бас Прокурордың орынбасары Жақып Аса­новқа жолыққанда тапқандай болдық.Оның сөз саптауына қарағанда, бү­гінгі таңда түзеу мекемелерінде отыр­ғандардың 95 пайызы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар болып табылады. Ал ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар рақымшылыққа ілікпейтіні белгілі. Осыған дейін Қылмыстық кодекстің басым нормаларын ізгілендіру мақсатында жеңілдетуге жататын қылмыстардың бәрі түрмеге қамау дәрежесінен алынып тасталған. Енді одан әрі ізгілендіру арқылы түрмедегілердің санын азайту мүмкін емес секілді.Оның үстіне түрмеде отырғандардың бәрі бірдей ауыр қылмыстар жасады деп айтуға тағы болмайды. Олардың арасында да қосақ арасында кеткендері жүруі әбден мүмкін, кейбіреулері жа­зықсыз атылып кеткені белгілі. Сон­дықтан негізгі мәселенің түйіні біздің заңнамамызға келіп тіреледі. Ұрлық, ұйымдасқан түрде жасалған ұрлықтар да ауыр қылмыстар болып саналады, бірақ бұлардың дені қоғамға аса қауіп төндірмейді дер едік, сондықтан жаза тағайындаудың баламалы түрлерін табу – кезек күттірмейтін іс. Өйткені, қылмыс жасап сотталған адам түр­меде жат­­­­қан­нан гөрі, жұмыс істеп айыбын ақтаса, қо­­ғам үшін әлдеқайда пайдалырақ болар еді.Ал негізінде байқар болсақ, қазіргі жазасын өтеп жатқандардың дені бұ­рын сотталғандар, яғни бұрын да бас бос­­тандығынан айырылып жазасын өте­ген­дер. Бұлардың саны және өте көп. Олар үйреншікті әдетпен қайыра қыл­мыс жасап, түзеу мекемелеріне орала бе­­реді. Бірақ біздің елде бірнеше мәрте сот­­талғандар туралы ешқандай мәлімет жоқ. Қанша адам екінші, үшінші рет сот­тал­ды дегенді ешкім айтқысы келмейді. Біл­­­меуі де мүмкін. Өйткені, жоғарыда айт­­­­­­­қанымыздай, тиісті жүйе жұмыс істемейді.

Жаза басқан  жазасыз қалмасын

Жаза басқан жанды жазасыз қал­дырмау үрдісі бұрыннан бар. Бірақ жә­бірлеушіге қарсы ата-бабамыз қолданған шара барысы, көбіне айыбына сай, айыппұл төлеумен шектелген. Осымен-ақ қылмыстың саны қысқарып отырған. Өйткені, кезінде Абай атамыз: «Менің қолымда закон болса адамды түзетуге болмайды дегеннің тілін кесер едім», деп айтқандай, қатесін мойындатса, айыбын өтемейтін адам жоқ. Бірақ, мәселе, соның жолын қалай табуға болады? Ең оңай жолы қылмыскерлерді қоғамнан оқшаулап, түрмеге қамай беру. Бұл орайда Қазақстанда алғаш рет 1720 жылы қылмыс жасағандарды топырлатып қамайтын түрме Петропавлда салынды. Одан Семей, Орал секілді қалаларда жалғасты. Сөйтіп, ХХ ғасырдың басында 20 абақты болды. Ондағы жағдай туралы айтудың өзі қиын, өйткені, олардың бәрі кек қайтару мен ұсталғандарды қорқытуға, үрейлендіруге арналған еді.Ал төңкерістен кейін ұсталғандардың міндетті түрде еңбек етуін көздейтін жаңа түрдегі колониялар пайда бола бас­тады. Мұнда үлгілі сотталғандар жартылай бостандық берілген жағдайдағы өтпелі үйлерге ауысатын болды. Әрине, мұндай өтпелі үйлер қазіргі күні аса ауыр қылмыс жасап сотталғандар үшін де қажет екендігі сөзсіз. Мәселен, қоныс колонияларына түскендер бостандыққа бейімделместен шығатыны белгілі. Ал ұзақ уақыт түрмеде отырғандар үшін өмірге қайта дағдылану аса қажет. Бұл – қайталап қылмысқа ұрынбас үшін қоғамдық ортада тәртіпті тіршілік етуге, өмір иірімдеріне бойлап адал жұмыс істеуге бейімделу деген сөз.Дегенмен, о баста пенитенциярлық сая­сатта осылайша қалыптасқан ізгілен­ді­руден жиырмасыншы ғасырдың отызын­шы жылдарында біртіндеп бастарту бай­­қалды. Сөйтіп, өтпелі үйлер қыс­қар­ты­­лып, оның орнына жазаны өтеудің бел­­сенді қасаң жүйесі бағыт алды. Сот­тал­ғандардың басым көпшілігі еңбек­пен түзеу лагерьлерінде бір бөлмеде 50-ден 100 адамға дейін қамалған топтық қа­ғи­даты бойынша ұсталынатын болды. Бұл кездері кейбір колонияларда қамал­ған­дардың саны бес, тіпті жеті мың­ға дейін жетті. Бұл ешқандай жақ­сы­лыққа бастамады, керісінше, түрме­дегі жағ­дайдың адам айтса сенгісіз жабайы да сорақы ба­ғытта қалыптасуына алып барды. Ұзын­нан ұзақ салынған бір барак ішін­де бір­неше мыңдаған қылмыскер иін тіресе жатқан соң небір ке­лең­­сіз кө­ріністер бой көрсетті. Осы кезде қыл­мыстық белсенділердің «қараушы», «заң­­­дағы ұры» секілді лауазымдық сатылары пайда болып, түрмелік жазылмаған ереже­лер туды. Әрине, мұндай көріністер еу­ропалық түрмелерде жоқ екендігі белгілі.Бір бөлмеде үймелеген сотталғандар арасында небір жұқпалы аурулар тарап, өлім-жітім көбейді. Бәрінен бұрын қоғамнан оқшауланған осыншама қыл­мыстық топ түнгі кезде өздерімен өздері қалатын еді. Сол кезде жоғарыда айтылған ерекше «лауазымды сатыға» ие болған нағыз қандыбалақ қарақшылар топтасып, өздерінің жазылмаған ережелеріне сай ойларына келгенін жасады. Мұндай түзеу мекемелерінде түнгі уақыттары оларға ешкім де қадағалау жүргізген жоқ. Сондықтан не істеймін десе де қолдарын қақпады. Кеңестік кездегі қуғын-сүргін саясатына байланысты белгілі тарихи оқи­ғалар, тың жерлерді игеру барысы Қа­зақстанға «лагерь елі» деген мәртебені мықтап танды. Мәселен, 90-жылдары бұ­­рынғы Кеңес Одағында 700 мың адам бас бостандығынан айырылған десек, соның 100 мыңы немесе оның әр жетіншісі Қа­­­зақстандағы колонияларда жазасын өтеді.Сонда бұл сойқан саясаттың салдарынан 1975 пен 2000 жылдар аралығында түрмеде әр 35-ші қазақстандық, 18 бен 50 жастағы әр 18-ші қазақстандық, бір буындағы әр 9-шы еркек отырды де­ген сөз. Демек, әр 9-шы отбасында бұрын сотты болған біреу бар еді. Сөй­­тіп, еліміз өзінің егемендігін алар кез­де сотталғандар саны бойынша біз әлем­де АҚШ пен Ресейді ғана алға салып, үшінші орында тұрдық. Егеменді елі­мізге өзінің тәуелсіздігінің алғашқы жыл­­дарында колониялардағы аузы-мұр­­нынан шыққан осы қамалғандарды ұстау­дың топтық былыққан жағдайын, адам төзгісіз ластықты, азық-түліктің жетіспеушілігін, дәрігерлік емнің жоқтығын, жұқпалы аурулардың таралу қаупі мен сотталғандар өлімнің көптігі мәселелерін шешумен күресу қажет болды. Ал бұл оңай шаруа емес еді.Көптеген тынымсыз жұмыстардың арқасында әуелгі уақытта түзеу мекеме­леріндегі жағдайды оңтайлан­дыруға қол жетті. Ең алдымен сотталғандардың санын азайту мәселесі өзекті болды. Ол үшін, яғни еліміз егемендігін алған­нан кейін бас бостандығынан айырудың балама жаза түрлерін кеңінен пайдалану мақсатында қылмыстық заңнаманы жетілдіру мен ізгілендіруге бағытталған 70-ке таяу заңдар қабыл­данды. Қылмыстық жаза шараларын тағайындаудың тәжірибесі айтарлықтай ізгілендіріле түсті. Сөйтіп, соңғы 12 жылда бас бостандығынан айырылуға сотталғандардың саны 4 есеге төмендеді. Егер сонау 2000 жылы 40 мың адам сотталса, өткен жылы 9 мыңнан сәл артты. Осының арқасында болса керек, 2011 жылы Қазақстан халықаралық түрме орталығының мәліметтеріне сәйкес түрме индексі бойынша 3-ші орыннан 31-ші орынға ауысты. Әрине, бұл айтарлықтай нәтиже болғаны даусыз.

Елдігімізге сын кемшілік

Бірақ бұған қарап жағдайымыз қанағаттанарлық екен деп арқаны кеңге салуға болмайды. Өйткені, қылмыстық сот төрелігін жан-жақты кешенді түр­де өзгертпей сотталғандар саны бо­­йын­­­­ша көшбасшылар қатарынан қайта көріну қиын емес. Сондықтан да, дей­ді Бас Прокурордың орынбасары Ж.Аса­нов, қазіргі таңда дайындалу барысы жүргізіліп жатқан Қылмыстық, Қыл­мыстық-іс жүргізу және Қылмыстық атқа­ру кодекстеріне көп үміт артамыз. Ал бұл мәселелер туралы Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа арнаған «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Осы мақсатта ұлттық құқықтық жүйені жаңғыртудың кезекті кезеңін бастау керек. Заңнама тек ұлттық мүдделерді қорғап қана қоймай, қарқынды дамып отырған халықаралық құқықтық ортамен де үйлесуге тиіс. Қылмыстық және Қылмыстық-іс жүргізу заңнамаларын реформалауды бастау керек. Ілгері ізгілендіруге, оның ішінде, экономикалық құқық бұзушылықты қылмыссыздандыруға маңыз беру керек. Бұл өзекті заң актілерінің қабылдануы қылмыстық сот ісін жүргізуді және, ең алдымен, қылмысқа қарсы мемлекеттің күрес саясатын тұжырымдық тұрғыдан жаңғыртады», деп атап өткені белгілі.Бұл міндеттерді орындау үшін әлі көп жұмыс атқарылу керек. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, түрмедегі ұсталғандар санын азайттық дегеннің өзінде қазір 100 мың тұрғынға 316 сотталғаннан келіп тұр. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Ащы болса да елдігімізге сын ақиқат. Өйткені, халықаралық стандарт бойынша салыстырмалы түрде алғанда 100 мың тұрғынға 150 сотталғаннан келсе ғана қылмыстық сот төрелігі және түрме менеджменті дұрыс ұйымдастырылған деп есептеуге болады екен. Бұдан асып кетсе, қылмыстық жазалауды сапалы атқару қиынға соғады, яғни мүмкін емес. Ал жоғарыдағы көрсеткіш сақталса, бұл сот төрелігі жүйесінің тиімділігі мен қоғамдық қауіпсіздікті көрсетеді. Бізде бәрі керісінше. Әзірге ешқандай өзгеріс жоқ. Қылмыс жасағандар түрмеге тоғытылған үстіне тоғытылып жатыр.Осындайда пенитенциярлық психологтар пікіріне сүйенсек, адамды қоғамда еркін өмір сүру дағдысынан қол үздіріп, ұмыттыру үшін оны бес жыл оқшауласа жетіп жатыр дейді. Бұндай адам түрмеден шыққаннан кейін дұрыс өмір сүруге қайта бейімделмесе, дағдарып күн көре алмауы мүмкін. Ал Қазақстанда рақымшылыққа дейін бас бостандығынан айырудың орта­­ша мерзімі 8,5 жылды құраған. Қазір ол тіптен жоғары көрінеді. Соған сәйкес қыл­мыстық жазаны өтеушілердің арасын­дағы қамалғандардың саны 70 пайыздан тө­мендер емес. Еуропа елдерінде болса, мұн­дай көрсеткіш 10 пайыздан да аспайды екен. Сонда Қазақстандағы бұл ақылға қо­ным­сыз жағдайды қалай түсінуге болады?Оған бірнеше себептер бар. Ең алдымен енді ізгілендіру амалдарымен сотталғандар санын азайту мүмкін емес. Себебі, ізгілендіру әлеуеті әбден сарқылып біткен. Бүгінгі таңда сотталғандардың көбі қылмыссыздандыруға жататын қылмыстар үшін отырғандар. Демек, бұл мәселе іске аспай бұлардың бірде-біреуі рақымшылыққа да, ізгілендіруге де жатпайды деген сөз. Екіншіден, ащы болса да айту керек, жүргізілген реформалардан бас бостандығынан айыру жазасын өтеудің тәртібі мен жағдайы өзгерген жоқ. Сондықтан да Мемлекет басшысы бұл сала өткен жүйенің сарқытынан әлі құтыла алмай отырғандығын, негізгі жаза ретінде тек бас бостандығынан айыру ғана көзделетіндігін, қамалғандарды оңалтумен ешкім айналыспайтындығын атап өткені бекер емес. Өйткені, қазір­­гі кезде колониялардағылардың 43 пайызы екі немесе үш реттен бас бос­тандығын айыру жазасын өтеп жатқан­­­­дар, бұл орайда қайталап қылмыс жасау – 31 пайыз. Сөйтіп, нақтысын айт­қан­да, рецидивисттік қайталанатын қыл­­мыстың жоғары деңгейіне байланысты пенитенциярлық жүйе «айналмалы есік» қағидатымен жұмыс істейтін секілді.Үшіншіден, мұның бәріне әсер етіп отырған экономикалық мәселелер. Атал­ған жүйеге жыл сайын қомақты қаражат құйылады. Шығындар өсіп барады. Қылмыстық атқару жүйесінің бюджеті 4 жыл ішінде 54 пайызға артты. Енді үсті­міздегі жылы бұл мақсатқа бюджеттен 48 млрд. теңге бөлінбек. Бұл аз емес. Өткен жылы бір сотталғанды ұстау мемлекетке 580 мың теңгеге түсіпті. Мәселен, Сол­түстік Қазақстан облысында бір әйел көршісінің 10 мың теңге тұратын дү­ние­сін ұрлағаны үшін сотталып, 3 жыл жаз­асын өтеген. Ал оны түрмеде ұстау үшін мемлекет 1 млн. 700 мың теңге шығындады.

Түрме реформасы: электронды бақылау

Демек, осылардың бәрін қорыта келгенде, түрме реформасын қайта қарау өте қажет. Бұл орайда алдын алу мен жазалау шараларының балама түрлерін қолдау, камералық ұстау тәртібіне көшу, сотталғандарды жұмыспен қамту, электронды тағылған білезіктер арқылы бақылау жасалатын пробация қызметін ендіру секілді шаралар жан-жақты саралануы тиіс. Әлбетте пробация және электронды құралдарды пайдалану көптеген елдерде өзін жақсы қырынан танытты. Мәселен, Дания, Швеция, Финляндия, Норвегияда пробация қызметі бас бостан­дығын айырумен байланысты емес қылмыстық жазасын өтеушілермен жұмыс істеп, олардың қоғамға оралуына көмегін тигізеді. Жалпы, бұл елдерде қылмыс деңгейі төмен.Электронды білезік жаңадан шыға­рыл­ған жаңалық емес. Қазіргі күні балама жаза шарасы ретінде әлемнің 60 елі электронды білезікті пайдаланады. АҚШ 1990 жылдан бастап электронды мониторинг жүргізуді қолға алды. Бұл мониторингке күн сайын 100 мың американдық тартылады. Айта кетейік, электронды мониторинг күш көрсету арқылы қылмыс жасағандарға немесе күш көрсетіп жасалған қылмыс «абайсызда» болды дегендерге қолданылады. Ал Швецияда телефон компьютерге жалғанып, сотталғанның аяғына арнайы білезік тағылады. Пробация қызметінің қызметкері сотталғанның қашан пробация қызметіне келу қажеттігін, жұмыста және қанша уақыт үйде болу керектігін тізбелеп береді.Францияда бас бостандығынан айы­рылуға кесілгендерге қарағанда элек­тронды бақылау орнатылып балама жазаға тартылғандар саны үш есе көп. Оған қоса жыныстық қатынас қылмысымен бес және одан да көп жылға бас бостандығынан айырылуға сотталғандар бостандыққа шыққан соң электронды білезікті тағып жүруге міндетті. Сол сияқты Ұлыбританияда түрмеден босатылған, шартты сотталған рецидивист қылмыскерлерге және педофилдерге қатысты электронды бақылау міндетті түрде қолданылады. Германияда ұзақ мерзімге сотталғандар ғана емес, сондай-ақ мерзімінен бұрын босатылуға үміттенгендердің бәрі де электронды білезіктен қашып құтыла алмайды.Демек, жоғарыдағы елде­­­­р тә­­жіри­­бе­сінен түйгеніміз, сот­тал­ғандарды электронды бақылау балама жазалардың ішіндегі ең тиімдісі де қауіпсізі болып тұр. Сондықтан бұл бағытта біздің елімізде де бірқатар шаралар қолға алынып жатыр. Қазіргі күні Бас прокуратура ІІМ-мен бірлесе отырып, екі арнайы жоба дайындапты. Оның біріншісі, пробация институты мен электронды бақылау құралдарын кеңінен пайдалануға бағытталса, екіншісі – сотталғандарды жұмыспен қамту жүйесін жаңғыртуға бағытталған. Жалпы пробация қызметінен біздің еліміз құралақан емес. Бұл былтырдан бері шартты түрде сотталғандарға қатысты қолданылып келеді. Дегенмен, ол қанатқақты сынақ ретінде шағын топқа ғана жүзеге асырылды. Өткен жылы 6 мыңға жуық шартты сотталғанның 2 мыңы пробация қызметімен қамтылды.Осы елімізде алғашқы жүргізілген сынақ ретіндегі пробация қызметі оның басымдылығын және оны қолданудың аясын кеңейте түсуді көрсетіп отыр. Қылмыстық-атқару инспекциясы арқы­лы пробацияны енгізу аса қауіп­ті қылмыстың қайталануын азай­туға көмегін тигізді. Пробацияда жүр­ген шартты сотталғандар сотпен про­бациялық бақылау белгіленбеген басқа шартты сотталғандарға қарағанда 6 есе кем қылмыс жасаған. Бұл тек алғаш­қы нәтижелер ғана, оның үстіне бұл қызмет түрі бойынша әлі нақты тәжірибе де жинақталмағанын ескерсек, оның болашағы үміт күттірерлік пе дейміз. Сондықтан да Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының жетекшілерімен кездескенде Үкіметке пробация қызметінің міндеттері мен оны қолданатындардың тізімін кеңейтуді тапсырды. Өйткені, пробация тек қауіпті қылмыстарды азайтып қана қоймайды, сонымен қатар ол балама жазалау шараларын қолдануды қуаттап, оған халық пен соттардың сенімін арттырады.

Экономикалық жағынан тиімді

Аздаған тәжірибенің өзі көрсеткендей, пробация қолайлы екен. Бірақ оның Қазақстан үшін қандай нақты түрлері тиімді болмақ? Бұл орайда шет елдерде қолданылып жүрген пробацияның үш түрі бар: үкімдік, пенитенциярлық және пенитенциярлық аядағы үлгілер. Үкімдік үлгі бойынша офицер бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаларға ке­сілгендердің жазасын атқаруды бақы­­лайды. Оның бақылауындағы соттал­ғанның әлеуметтік қарсылығының алдын алуы үшін оны жұмыспен қамту, әлеу­меттік көмек көрсете алу және белгі­­ленген шектеулерді бақылай алатын өкі­леттілігі болуы қажет. Сондықтан оның ең басты құзыры бақылай алу мүм­­кіндігі болып табылады. Міне, осы кезде оған сотталғанның мінез-құлқын қа­­­дағалап, қоғамның қауіпсіздігін сақ­тауға электронды білезіктер көмекке келеді.Оның үстіне аталған шара эконо­ми­­ка­лық тиімді болып тұр. Мәселен, АҚШ-та сотталғанды түрмеде қамтамасыз ет­кен­­­­­­­нен гөрі электронды мониторингке кете­тін шығын 4 есе арзан көрінеді. Ен­деше құқық қорғау мамандарының айтуынша, біздің елде электронды білезікті шарт­ты сотталғандарға, бостандығын шек­теуге сотталғандар мен мерзімінен бұрын босатылатындарға және әкімшілік қадағалау белгіленген адамдарға қатысты қолдануға болады.Ал мына екінші пенитенциярлық пробация үлгісі біздің елде жоқтың қасы. Өйткені, бұл үлгі бойынша әр сотталған түрмеге түскен кезден бастап бостандыққа шығу үшін түзелу жоспарын түзіп, психологпен жұмыс істеуі керек. Бірақ нақты жағдайда мұндай жоспар аталған жұмысты көздей алмаса және психолог бір колонияда жалғыз болса, онда пенитенциярлық пробацияның оңды тиімділігі туралы айтудың қажеті шамалы. Үшінші, пенитенциярлық аядағы үлгі сотпен әкімшілік қадағалау бекітілгендерге және мерзімінен бұрын босатылғандарға қолдануда артық етпей­ді. Оның үстіне Бас Прокурордың орынбасары Ж.Асановтың сөзіне қарағанда, мұны қандай да бір қосымша шығынсыз-ақ қазіргі ішкі істер органдары санымен жүзеге асыруға болатын көрінеді. Алайда, бұл үшін қылмыстық-атқару инспекциясы мен әкімшілік полиция қызметінің өзара жауапкершілік аясын және шартты сотталғандардың сауық­тыру шараларын бақылау мен про­ба­ция­лық қызметтің қайталануына жол бер­­­­меу жағын алдын ала қарастыру қажет.Әрине, қандай жаңалық болмасын алғашқы кезде оны жүзеге асыру үшін қаржысыз іс бітпейді. Жоғарыда ай­тылған игілікті істі қауіпсіздікті сақтау мақсатында қамтамасыз ету үшін алғаш­қыда қосымша белгілі бір қаржы жұмса­латыны сөзсіз. Бірақ бұл шаралар ұзақ мерзімге арналғандықтан нә­тижесінде сотталғандарды көптеген жылдар бойы шығынданып ұстауды азайтып, қоғамда қолайлы әлеуметтік жағдай туғы­затыны анық. Ол үшін, әрине, пробация қызметі мен жергілікті атқарушы органдардың арақатынас мәселесін шешу қажет. 2011 жылы жазаны өтеп шық­­қандарды әлеу­меттік бейімдеу жө­ніндегі міндет пенитенциярлық жүйе­ден жергілікті әкім­дікке берілген бола­тын. Ал қазіргі күні еліміз бойынша бар болғаны екі дағдарыс орталықтары жұ­мыс істейді – Шымкентте және Пав­ло­­дарда. Бұл аздық ететіні айтпаса да түсінікті. Өйткені, өткен жылы бас бос­тан­дығынан айыру орындарынан 13 мың босатылғанның 30 пайызы ғана жұ­мыспен қамтылған. Бұл орайда әр аймақ­та экс-сотталғандар үшін уақытша тіркелу қағазы мен тұру мүмкіндігін алатындай дағдарыс орталықтарын ашса, пробация қызметі жандана түсер еді дейміз.

Мақсат: түзеу мекемесінің сапасын арттыру

Жалпы, бас бостандығынан айыру жазасын айтарлықтай төмендету үшін пробацияның басқа, яғни сотқа дейінгі және соттық түрлерін қолдануға болады. Мұны да енгізу үшін оны осы мәндес сот реформасы аясында жан-жақты талқылау қажет. Сол сияқты пробацияны кеңінен енгізу мақсатында жазалаудың жалпы құқықтық бастауын қайта қарау да реформаның бір бағытына айналар еді. Ең басты мақсат – қылмыс қаупі мен құрамының реттерін өзгертіп, мерзім белгілеу ережесін қайта қарап, соттау мерзімін төмендету жолымен жазалаудың орташа уақытын қысқартуға қол жеткізу. Егер мұндай үрдіске иек артылса, онда біртіндеп бас бостандығынан айыру секілді жаза түрлерінің мазмұнын өзгертуге де мүмкіндік туады. Мұны камераларға бөлінген түрмелерді жобалауда және салуда қайта қарап, сотталғандарды жұ­­мыспен қамтып, олардың әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерін шешу ба­ры­сында жүзеге асыруға болады. Бұл – расында жүзеге асатын нәрсе. Өйткені, Қылмыстық-атқару жүйесін 2012-2015 жылдары дамыту бағдарламасында камераларға бөлінген екі мекемені қайта жөндеу мен үш мекемені тұрғызу көздел­ген. Сол сияқты 59 мекеме нысандарын күр­делі жөндеуден өткізу белгіленіп отыр.Дегенмен, бүгінгі пенитенциярлық жүйеде бұрынғы лагерьлік сырқаттың әбден сіңіп қалғандығын жасыруға болмайды. Ондай мәселелерді шешу үшін бюджет қаражаты қажеті жоқ, бірақ оларды шешу сотталғандарды әлеуметтік қайта бейімделуге мүмкіндік берер еді. Бұл бағытта Бас Прокурордың орынбасары: «Мәселен, сотталғандардың отбасы мүшелерімен кездесуін алайықшы. Айтуға ауыз бармайды. Ал осы мәселені байқаған Азаптау бойынша арнайы баян­­­дамашы кездесуді шектеуді біздің қылмыстық-атқару жүйесіндегі ең төменгі кемшілік ретінде ойып тұрып атады. Әрине, ұйымдастырушылық шектеулер бар екендігі рас. Дегенмен, тегін Ин­тер­нет-бағдарламалар арқылы бейне кездесу ұйымдастыруға әбден болады ғой, бұл сотталғандардың отбасылық байланысын үзбеуіне көмегін тигізеді емес пе?» дейді.Демек, бәрі ұйымдастырушылық қабілетке байланысты. Жұмыс жоқ болса оқуға, спортпен айналысуға жағдай жасау қажет. Бұл арада тазалықтың мәсе­лесі тіптен бөлек. Көбіне түзеу меке­­ме­лерінде жуынатын орындар да шектеу­лі, оның үстіне аптасына бір-ақ рет жуы­ну­ға мүмкіндік беру қол жуғыштар же­тіс­пеушіліктен ішкі қайшылықтарға соқ­ты­­­­­­рады. Жоғарыда айтылғандай, аптап ыстықта топтап қамап ұстау тіптен қиянат. Сондықтан ондай мәселе ертеңге қалды­рыл­май шешімін табуға тиіс деп ойлаймыз. Ал мүмкіндігі шектеулі әйелдер мен балаларға деген көзқарасты мүлде өзгерту қажет. Өйткені, олардың дене қозғалысы шектеулігі көбіне есепке алынбайды. Аналардың қашанда балаларын құшағына қысуға мүмкіндігі қарастырылуы тиіс.Иә, айта берсе қазіргі таңдағы соттал­ғандарды ұстау мәселесі шаш-етектен екендігі анық. Ендеше, біз жоғарыда со­лар­­ды қоғамға да, сотталғандарға да, м­ем­лекетке де тиімді қылып және әлем­дік қоғамдастық алдында елдің беде­лін көте­ретіндей етіп шешуге мүмкіндік бере­тін жолдарды саралап өттік. Ал оны жүзеге асыру, асырмау елдікке сын болмақ. Се­бе­бі, мұның бәрі қоғамнан оқшау­лан­ған кемшілік болғанымен, елдікке кір келтіретін шындық.

Александр ТАСБОЛАТОВ,«Егемен Қазақстан».