Бизнес әлемінде табысқа жетудің жолын әркім әртүрлі түсінеді. Жасыратыны жоқ, кейбір азаматтардың таудай талабы болғанымен, білімі жетіспей жатады. Ал қабілеті барлар жеке амбициясына малданып, уақыт өте келе бастаған ісін жарты жолда тастауға мәжбүр. «Ақылды көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра», дейді дана халқымыз. Осы ретте жастарды бизнестің қыр-сырына қанықтырып елдегі кәсіпкерлік ортаны арттыруда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жөні бөлек. Әсіресе ұйымның бастамасымен қолға алынған «Бастау Бизнес», сондай-ақ «Жас кәсіпкер» сынды қанатқақты жобалар Қазақстандағы іскерлік салаға жан бітірді десек, артық айтпаспыз.
Әлемдік деңгейде алып қарасақ, жас кәсіпкер санатына 18-35 жас аралығындағы азаматтар кіреді екен. Қазақстандағы бұл жас мөлшері – 18 бен 29-дың арасы болатын. Кейін бұл категорияға жататын азаматтардың жас мөлшері ұлғайтылды. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту және микроқаржыландыру департаментінің сарапшысы Қуаныш Ернияз «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша 2017-2018 жылдар ішінде 40 мыңнан астам адам арнайы оқыту курсынан өткенін, соның 11 мыңы өз кәсіптерін ашқанын жеткізді.
– 11 мың адамның 30 пайызын жастар құрағанын айта кеткен орынды. Көбінесе жобаға қатысушылар IT, сауда, өндіріс салалары бойынша өз істерін бастады. «Жас кәсіпкер» бағдарламасын іске асырмас бұрын қанатқақты режімде 4-18 наурыз аралығында Алматыда 40 адамды тестік тәртіпте оқытып, жастардың қауқары мен сұраныстарын пысықтадық. Алда тағы да осындай шаралар жүргізіледі, – дейді Қ. Ернияз.
«Жас кәсіпкер» – «Бастау Бизнес» жобасына ұқсас жастарды кәсіпкерлікке тартуға негізделген оқыту курсы. Мұндағы көзделген меже – жұмыссыздықты төмендету, озық бизнес идеяларды іске асыру арқылы жастардың кәсіпкерлік әлеуетін дамыту. Сол секілді ауылдық елді мекендерде, моноқалаларда микронесиелер және кепілдіктер беріп кәсіпкерлік бастамаларды қолдау. Аталған жоба – neet санатындағы жастарға, аз қамтылған көпбалалы жас отбасыларға әрі 18-29 жас аралығындағы еңбекке жарамды мүмкіндігі шектеулі жандарға арналыпты.
– Қазір жастарды кәсіпкерліктің қыр-сырын оқытып, бизнестің дағдыларына үйрететін бизнес-жаттықтырушыларды жобаға қатысуға шақырамыз. Республика бойынша 20 мың адамдыды осы шара аясында қамту көзделген. Олардың басым бөлігі Алматыда – 3200 адам. Десек те, мұны арттыру мәселесі жақын уақытта қарастырылмақ. Болжамға сәйкес бұл тізім Алматы шаһарында 10 000 адамға жетеді деп күтілуде. Олардың дені 18-29 жас аралығындағы жұмыссыз жастар, – дейді «Атамекен» ҰКП Жаппай кәсіпкерлікті дамыту және микроқаржыландыру департаментінің директоры Бауыржан Оразғалиев.
Кәнігі майталмандар жастарға кәсіпкерлікті жүргізудің түрлі қыр-сырын меңгертпек. Атап айтқанда, инвестиция тартудан бастап маркетингтік зерттеу жүргізуге дейін әрі басқа да бизнес-субъектілер арасында экономикалық байланыстарды тиімді орнатудың әдістеріне қанығатын болады. Курстың ұзақтығы үш аптаны құрайды екен. Оның барысында тыңдаушылардың көшбасшылық қабілетін дамыту үшін арнайы психологтар да тартылады деп көзделуде. Осының нәтижесінде қатысушылардың кемінде 20 пайызын бизнеске жұмылдыру міндеті тұр.
– Неліктен қазір Аtameken fest форумы сынды жиындар жиі өткізіліп тұрады? Себебі жастардың көпшілігі жетістікке жеткен замандастарын тыңдап, тәжірибе алмасқысы келеді. Ал 90-шы жылдары кәсіптерін ашқан адамдардың психологиясы бөлек. Олардың іскерлік болмысы өз замандарына сай. Сондықтан бүгінгі жасқа өз дәуірінің хедлайнері жақын. Қазір ғаламторды пайдаланбайтын жастар кемде-кем. Бұл орайда «Atameken Academy» электронды алаңы – тәулік бойы онлайн режімінде отыратын жастарға кәсіп ашуға таптырмас құрал. Мұнда оқу курсы интерактивті түрде жүргізіледі. Тағы бір айта кетерлігі, биыл ел көлемінде 10 мың грант бөлінді. Ол «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлік курсты тәмамдаған тыңдаушыларға тағайындалады. Оның көлемі 200 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Сонымен қатар онлайн франшиза биржасын құруды қолға алдық. Онда бизнес ашудың тиімді жолдары және шектеулі инвестициямен жұмыс істеудің ұтымды әдістері, бұған қоса кәсіпкерлік пайдалы бағыттарына қатысты электронды каталог ұсынылады, – дейді Қ.Ернияз.
Сарапшы маман осы саланы өркендетуде отандық қаржы институттарымен де қарқынды байланыс орнағанын айтады. Мысалы, жастар бизнесін кепілсіз жеңілдікпен несиелеу қолға алынуда. Соған сәйкес қаржы ұйымдары 5 пайызбен 15 млн теңгеге дейін инвестиция құюға әзір. Ең бастысы, ұсынған жобаңыз тартымды әрі сауатты құрылған болуы шарт дейді «Атамекен» ҰКП өкілі.
Сөз басында айтып өткеніміздей, Президент елді әлеуметтік-экономикалық тұрғыда өркендету ісінде жастарға ерекше сенім артып отыр. Білім-білігі жоғары, еңбек кетуге құлшынып тұрған жастардың саны көбейсе, бұл ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.
Жақсылық МҰРАТҚАЛИ, «Egemen Qazaqstan»