• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Шілде, 2019

Ержан салған ән қандай!

356 рет
көрсетілді

Небәрі 12 жаста елорда төрінде жеке шығармашылық кешін өткізу кез келген балдырған үшін тек ертегілерде ғана болатын қиял-ғажайыптай көрінуі заңдылық. Бірақ шын армандап, сол жолда аянбай еңбек ете білген талант түбі тас жарады. Өнерлі өрен Ержан Максимнің ән әлеміндегі теңдессіз жетістігі соның дәлелі.

Өткен жұмада бас қаладағы ең үлкен сахналардың бірі – Орталық «Қазақстан» концерт залында жас талант, ресейлік «Голос. Дети» жобасының жеңімпазы Ержан Максим өзінің алғашқы шығармашылық кешін зор табыспен өткізді. Залға ине шаншар орын қалдырмай жиналған халықтың ыстық ықыласынан-ақ концерттің көпшілік көңілінен шыққанын байқауға болады.

Бұл кешке Ержан уақыт аз болса да, барынша тыңғылықты дайындалыпты. Симфониялық оркестрдің және белгілі композиторлар – Ұлықпан Жолдасов пен Ринат Гайсиннің сүйемелдеуінде орындалған Ержанның жекелей және Сәкен Майғазиев, Айқын Төлепберген, Мөлдір Әуелбекова бастаған эстрада әншілерімен дуэт болып қосыла шырқаған әндері маусымның мамыражай кешін шын мәнінде өнердің үлкен думанына айналдырып жібергендей. Астана аспаны жас таланттың әнімен бірге тербеле толқып, бұлттар билеп кеткендей әсер сыйлағанын өнерді түсініп, ән әсемдігі мен орындау шеберлігін бағалай білетін кез келген тыңдарман жоққа шығармайды деп ойлаймыз.

Отандық белгілі дизайнер Қайролла Әбішевтің осы кеш үшін арнайы тіккен ұлттық нақыштағы алтын түстес авторлық киімімен кеш шымылдығын түрген дүлдүл дарын екі сағатқа созылған кон­цертті үлкен шоуға айналдырды. Кеште Ержан ресейлік «Голос. Дети» жобасында шырқаған ән­де­рінен бөлек, Арыстанбек Мұха­медиұлының «Жайна, елорда», Ринат Гайсиннің «Туған өлкем» туындыларын кемеліне келтіре орындады. Сондай-ақ әншінің репертуарындағы орыс, ағылшын, итальян тілдерінде шырқалған әндер де концертке жиналған тыңдарман көңілінен шығып, кеш соңында Ержанға толассыз қошемет көрсетілді. Бү­гінде атағы елден асып, таны­малдылығы төрткүл дүниеге тарап үлгерген дарынның қай­таланбас қуатты үні оның талант қарымын халық алдында тағы бір мәрте әйгілегендей. Шымылдық жабылған соң да залдан ұзақ уақыт үзілмей естіліп тұрған көп­шіліктің ыстық қошеметі мен ша­палақ үні тек Ержанға емес, күллі қазақ өнеріне көрсетілген құрмет пен ықылас еді...