• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Шілде, 2019

Ел өрісін кеңейткен салмақты саясат

519 рет
көрсетілді

Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізген сарабдал саясаты халқымыздың еңсесін тіктеп, рухын көтерді, бірлігін бекемдеді. Бұл Қазақстанның уақыт талабына сай дамуына, ауқымды міндеттерді айқындап, алға қарай батыл қадам жасауына кеңінен жол ашты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың еліне сіңірген қызметіне барша қазақстандық куә. Осы­нау өлшеусіз еңбек жөнінде сөз қозғағанда бүгінгі Қазақстан­ның берекелі тыныс-тіршілігі, қа­рыш­ты қадамдары, халықаралақ арена­дағы биік беделі ойымызға орала кетеді... Санада жаңғырған бұл ойды әрі қарай тереңдете түскенде жаппай қырып-жоятын ядролық қарудан ада елге айналғанымыз, Семей полигонының жабылуы, жаңа елорданың бой көтеруі, Негізгі Заңымыздың қабылдануы, Қарулы Күштеріміздің құрылуы, шека­рамыздың шегенделуі, төл теңгеміздің қолданысқа енгізілуі, сыртта жүрген қандастарымыздың атажұртқа оралуы, рухани құн­ды­лықтарымыз қайта жанданып, мәдени өмірімізде елеулі өзгерістер болғаны, бұдан да өзге көптеген өзекті мәселенің шешімін тап­қаны еріксіз есіңе түседі. Біз бұл жерде қол жеткі­зілген та­быс­тардың бір ғана бөлі­гін сөз етіп отырмыз. Егер көңіл көк­жиегін, ой өрісін кеңейте оты­рып сөйлесек, Қазақстанның соңғы отыз жыл ішіндегі жетіс­тік­тері аз емес. Дегенмен, тәуелсіз Қазақстанның жо­ға­рыда аталып өткен игілік­те­рінің бірқатарына арнайы тоқтала кетейік.

Елбасының бастамалары Қа­зақ­­станды ядролық қауіпсіздікті нығайту бойынша көшбасшы елге айналдырды. Бұл өз кезегін­де мемлекетімізді әлемге бейбіт­шіл­ік­тен өзге ниеті жоқ ел ретінде мойындатты. Сонымен қатар елі­міздің бітімгерлік бағытындағы қа­дамдары, аймақтық және халық­аралық ықтимал кикілжіңдердің алдын алудағы батыл іс-қи­мыл­дары әлемдік қоғамдастық тарапынан жоғары бағасын алып отыр. 

Бүгінде Қазақстанның ара­ағай­­ындық, бітімгершілік баста­­ма­­ларының тұтас тарихы қа­­лып­­тасқан. Бұл шежіре Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздіктің алғашқы кезең­дерімен тұспа-тұс келген Таулы Қарабақ жанжалын реттеу мақ­сатындағы араағайындық қыз­метінен басталады. Содан бергі жылдардағы Қазақстанның көп­теген бітімгерлік іс-қимылы талайлардың ашуын ақылға жең­діруіне, сабасына түсуіне сеп болды. Бұған қатысты айтар мысалымыз жеткілікті. Енді соның бірін қысқаша айта кетсек. Осыдан төрт жыл бұрын ресейлік бомбалаушы ұшақтың атып түсірілуіне қа­тысты Түркия-Ресей арасы тым нашарлап кеткен-ді. Бұл ки­кілжің кең өріс алып кетсе, екі жаққа да оңай тимейтіні белгі­лі еді. Сол кезде Президент Нұрсұлтан Назар­баев іске кірісіп, Түр­кия-Ресей қарым-қатынасын бүлі­нуден сақтап қалды... 

Қазақстанның 2017-2018 жыл­дарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы да еліміздің абыройын асырды. Бұл беделді ұйымға мүше болуымызға әлем алдындағы беделі мен бітімгершілік бастамалары тікелей ықпалын тигізді. Сондай-ақ Сирия дағдарысына қатысты келіссөздерді жүргізу үшін еліміздің бейтарап алаң ұсын­ғаны, оның «Астана процесі» деген атаумен тарихта қалғаны белгілі. 

Еліміздің БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ИЫҰ, АӨСШК, ЕАЭО, ҰҚШҰ тәрізді халық­аралық жә­не аймақтық ұйымдардың бел­­сен­ді қатысушысы болып, олар­дың жұ­мы­сына өз бастамала­ры­мен серпін беріп келе жат­қаны көңілге мақтаныш сезі­мін ұялатпай қоймайды. Қазақ елі­нің 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға, 2011-2012 жылдары елі­­міздің ИЫҰ-ға төрағалық еткенін, ЭКС­ПО-2017 көрмесін жоғары деңгейде ұйым­­­дас­тырғанын ерекше атап өтке­німіз орынды.

Қазақстан тәуелсіздік жылдарында экономикалық дамуы­мен, инвестициялық тартымды­лығымен кеңінен танылды. Бұл дамыған 50 елдің қатарына қо­сы­луымызға мүмкіндік берді. Мұның бар­лығы бұрын әлемге есігі жабық болып кел­ген еліміздің ашықтығын қамтамасыз еткен Елбасының интеграциялық саяса­тының айқын жемісі деп сеніммен айта аламыз. Кәсіпкерлік саласына жеткілікті дең­гей­де қолдау көрсетілуі, сыртқы және ішкі инвесторлар үшін тиімді жағдайлар жаса­луы, адам капиталын дамыту ісінің жолға қойылғаны әлем­дік бизнес-қауым­дас­тықтың Қазақ­станға деген сенімін нығайтты.

Тағы бір ерекше тоқтала кетер жайт – шекара мәселесі. Халық­аралық дау-дамайдың туын­дауына көбінесе шекара бөлудегі келіспеушіліктер себеп болып жатады. Әлемде небір қақтығыстар шекара бөлуде ортақ келісімге келе алмаудан туындағанын, қазіргі таңда да кейбір елдердің (Үндістан мен Пәкістан, Из­раиль мен Палестина, т.б.) ай­мақ­тар үшін тартысы жаһан­дық қауіпсіздікке қатер төнді­ріп отыр­ғанын білеміз. Ал Қазақ­стан көрші мемлекеттермен дип­ломатиялық келісімдер негізінде шека­расын шегендеп, осы арқы­лы аймақтық қауіпсіздікті нығай­туға өзіндік үлес қосты. Бұл – Тұң­ғыш Президентіміз Нұрсұл­тан Назарбаевтың тынымсыз жүр­гіз­ген жұмысының айқын көрі­нісі.

Кейбір деректерге қарағанда, әлем бойынша құрлықтағы шекаралардың 25 пайызы толық анық­талмаған екен. Соңғы кезде­гі қақтығыстардың 15 пайызы шекаралық түйткілдердің ше­шіл­меуінен туындаған. Осы деректердің өзі еліміздің шекара мәселесін тиянақтап алғанының қаншалықты маңызды екенін ұқтырады. Осы арада Қытай, Ресей, Орталық Азия елдерімен шекара бөлудегі оңтайлы істерді былай қойғанда, 2018 жылдың 12 тамызында Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның бекітілуі ел қауіпсіздігін нығайта түсті. Осы Конвенцияның қабыл­дануы Қазақстан шекарасын заңды түрде бекіту ісінің толық аяқ­талғанын білдірді. Бейресми «Каспий теңізінің конститу­циясы» деп аталып кеткен Кон­венция Каспий өңіріндегі саяси тұрақтылықты сақтаудағы рөлімен құнды. Сондықтан осынау мәселелердің бәрінің табыс­ты шешілуі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың еңбегімен, халық­аралық аренадағы биік беделімен, мемлекетіміздің көпвекторлы сыртқы саясатымен тікелей байланысты екенін айтуымыз керек. 

Шекараңды халықаралық қо­ғам­дастық, көрші елдер заңды түр­де мойындамаса, тіршілігің бере­келі бола қоймасы анық. Сол се­беп­­­ті ел шекарасының құқықтық не­­­­гіз­де толық нақтылануы ең бас­­­ты жетістіктеріміздің бірі са­на­­­ла­ды. 

Әрине қай мемлекет болсын өзінің ішкі бірлігін нығайтуға басымдық беретіні айтпаса да түсінікті. Бұл бағытта да Қазақстан өзіндік үлгісімен, ауқымды шараларымен ерекшеленіп келеді. Осы арада қоғамдық келісімді нығайту, татулықты ту етіп көтеру мақсатында жүргізілген жүйелі жұмыстар жеткілікті. Елбасы бас­тамасымен құрылған Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясының қызметі аталған салаға серпін беріп отыр. Елдегі барлық этностың басын біріктіріп, ұйыстырып отырған бұл институттың қызметін талайлар үлгі тұтады. 

Мәдени-рухани өміріне қатыс­ты атқарылған шаруалар да игі­лікті істерімізді еселей түсу­де. Мәселен, «Мәдени мұра», «Ха­лық тарих толқынында» жобалары, Қазақ хандығының 550 жылдығының тойлануы ұлттық санамызды көтерді. Сол сияқты Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың же­ті қыры» мақаласынан туын­дай­тын міндеттердің күн тәрті­біне шығарылуы сырт көзді елі­мізге деген қасаң көзқарасынан арылтып, өзімізді тани түсуге кеңінен жол ашып берді.

Сонымен бірге көңілге жылы­лық ұялатқан игілікті істердің бірі – сырттағы қандастарымыздың елге оралуы. Бұл Елбасының шекара сыртындағы қазақ баласын атажұртқа риясыз пейілмен шақыруының арқасында мүмкін болды. Бүгінде, Құдайға шүкір, шартараптан келген миллионнан астам қандасымыз өз атамекенінде тіршілік етуде, ел дамуына сүбелі үлесін қосуда. 

Елбасының ұйғарымымен 2019 жыл Жастар жылы деп бел­гі­ленді. Бүгінде Жастар жылы ая­сын­да көптеген шара жүзеге асы­рылуда. Мемлекетіміз жастарды қол­дау­дың түрлі тетіктерін іске қо­сып отыр. Басқасын айтпағанда, бір ғана «Болашақ» бағдарламасы ар­қылы жастарымызға әлемнің ең беделді оқу орындарында оқуға мүм­­кіндік берілді. Қазіргі таңда осы бағдарламамен білім алған жас­­тар­дың саны 13 мыңға жетіп отыр.

Орнықты даму, ел бірлігін ны­ғайту дұрыс таңдалған, тиянақты жүр­гізілген саясаттың ар­қа­сында іске асырылады. Де­мек, біз жоғарыда атап көрсет­кен барлық жетістіктер Елба­сы­ның мемлекет саясатын дұрыс айқындағанын, оны жауапкершілікпен жүзеге асыра білгенін нақты көрсетеді.