Бюджетті нақтылау туралы заң жобасы таныстырылды
Алдымен Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов 2019 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау жөніндегі заң жобасын таныстырды. Оның айтуынша аталған құжат биылғы сәуір айында түзетілген, оның ішінде биылға арналған елдегі әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштері сақталған.
− Биылғы жылғы республикалық бюджеттің негізгі параметрлері өзгеріссіз қалады, яғни түсімдер – 10,5 трлн теңге, шығыстар – 11,9 трлн теңге, тапшылық 1,4 трлн теңгені құрайды. Президенттің тапсырмаларын қаржылық қамтамасыз ету тікелей инвестициялар қорын құруға көзделген қаражаттың бір бөлігін қайта бөлу есебінен іске асырылады, – деді Ә.Смайылов. Еліміздің бас қаржыгері бюджеттің шығыс бөлігін нақтылау үш бағыт бойынша жүзеге асырылатынын айтты. Біріншіден, халықтың тұтынушылық несиелері бойынша борыш жүктемесін азайту. Өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтар санатына жатқызылғандардың қарызын тікелей және атаулы қаржылық көмек ретінде мемлекет 300 мың теңгеге дейінгі жалпы мөлшерде негізгі борышты және ол бойынша есептелген сыйақыны өтейді. Осы мақсаттарға жобада 88,5 млрд теңге сомасында шығыстар қарастырылып отыр. Екіншісі – жұмыспен қамту. Аз қамтылған, көп балалы отбасылар мен жастарды қолдау бойынша іс-шараларды кеңейту көзделген. Бұл мақсаттарға 138,6 млрд теңге бағытталмақ. Оның ішінде 1,5 млрд теңге осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балалар үшін жоғары оқу орындарына қосымша 5 мың білім беру грантын бөлуге жұмсалатын болса, 2,4 млрд теңге осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап техникалық және кәсіптік білім беруде жұмысшы мамандығы бойынша оқып жүрген студенттердің стипендиясын 30 пайызға ұлғайтуға арналмақ. Бұл ретте 122 мың оқушы қамтылады.− Сонымен қатар 49,2 млрд теңге «Бастау Бизнес», қысқа мерзімді кәсіптік білім беру тетіктері арқылы жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға көмек көрсету, сондай-ақ «Еңбек» бағдарламасы бойынша ауылдарда шағын несие беру көлемін және стартап жобаларға берілетін гранттар санын ұлғайту жоспарланған. Бұған қоса, 10 мың жасқа жалдамалы баспана салып беру мәселесіне 14,4 млрд теңге қарастырылды. Сондай-ақ, 70 млрд теңге атаулы әлеуметтік көмек төлемдерін осы жылдың 1 сәуіріне көшіруге байланысты қаражаттың қажеттілігін жабуға бөлінді. Ал 1,1 млрд теңге техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері, жоғары оқу орындары студенттерін оқытуға бөлінді, – деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі.
Айта кетерлігі, аталған заң жобасында Үкімет резервін 72,9 млрд теңгеге ұлғайту ұсынылып, аталған қаражаттың бір бөлігі Арыс қаласындағы төтенше жағдайдың салдарларын жоюға бағытталды. Бұдан өзге, 35,9 млрд теңге көлемінде қаражат қалған түйткілді мәселелерді шешуге жұмсалады.
– Барлық әзірленген әлеуметтік шаралар маңызды. Заң жобасын Парламент қарауына бағыттауды ұсынамыз, – деп түйіндеді Ә.Смайылов.
Жиында Мемлекет басшысының Жарлығын іске асыру, соның ішінде кепілсіз тұтынушылық займ беруді реттеу шаралары бойынша Ұлттық банк қабылдап жатқан қосымша шаралар туралы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтып берді. Оның айтуынша, Ұлттық банк кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша 300 мың теңгеден аспайтын сомада өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтардың берешегін өтеу тетігін әзірледі. Бұл тетік бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өмірлік қиын жағдайда қалған Қазақстан Республикасы азаматтарының тізімін жасауы керек.
− Ұлттық банк банктермен және микроқаржы ұйымдарымен бірлесіп, 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша есептелген, кепілсіз тұтынушылық қарызы бар барлық азаматтар үшін айыппұл мен өсімпұлды өтеу тетігін әзірледі. Ол бойынша, алғашқы қадам ретінде банктер мен микроқаржы ұйымдарының есептелген айыппұл мен өсімпұлдары дербес кешірілуі мүмкін. Бұдан кейін оператор банктер мен микроқаржы ұйымдарының шығыстарын 70 пайыз дисконтпен өтеуді жүзеге асырады. Яғни, іс жүзінде айыппұлдар мен өсімпұл сомасының үштен екісінен астамы банктер мен микроқаржы ұйымдарының қаражаты есебінен есептен шығарылады. Бұл тетікті де екі айда аяқтау жоспарлануда, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Е.Досаев Парламент Сенатының Қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері туралы заңды қабылдап, Қазақстан Республикасының Президентіне қол қоюға енгізгенін атап өтті.
− Онда кредиттік серіктестіктерді, ломбардтар мен онлайн-кредиторларды қоса алғанда, барлық кредиттеу субъектілерін реттеу мен қадағалауды енгізу және халықтың борыштық жүктемесінің бақыланбайтын өсуін шектеу көзделеді. Енгізілетін заңнамалық өзгерістер қарыз алушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейтеді, реттеушілік төрелікті және тұтынушылық кредиттеу нарығындағы жүйелік проблемаларды жояды, – деді Ұлттық банк басшысы.
Жиында талқыланған мәселені жалғастырған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр халықтың аз қамтылған тобын, сонымен қатар жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамту шаралары жайында баяндады. Министр келтірген дерекке сәйкес, «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында көп балалы отбасылар үшін тұрғын үй сатып алуға және салуға қаржы қарастырылады. Республикалық бюджеттен жылына 2 млрд теңге бөлу жоспарлануда.
– Жыл сайын тұрғын үймен 6 мың көп балалы отбасы қамтамасыз етілетін болады. 7 жылда – 40 мың отбасы. Осы жылдың мамыр айынан бастап 1480 көп балалы отбасына баспана берілді. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы жұмыс жасайтын жастардың еңбек мобильділігін қамтамасыз ету үшін 2019-2021 жылдары жылына 1 мың жалдамалы пәтер салу жоспарланған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жұмыс жасайтын жастар үшін жалдамалы тұрғын үйлерді сатып алуды және салуды қаржыландыру көлемі ұлғаюда. Бұл бізге жұмыс жасайтын жастарға алдағы екі жылда 3 мың жалдамалы пәтер беруге мүмкіндік береді, – деді Р.Скляр.
Әлеуметтік шаралар жоспарға сай жүзеге аспақ
Жиында сөз алған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысының жаппай кәсіпкерлікті дамыту туралы тапсырмасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
− Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазақстандықтардың әл-аxуалын арттыру, нәтижелі жұмыспен қамтамасыз ету Үкіметтің негізгі міндеттерінің бірі болып есептеледі. Биылғы жылдың басынан ең төменгі жалақы 42 мың теңгеге, төмен жалақы алатындардың айлығы кәсіпорындар мен кәсіпкерлердің көмегінің арқасында 46 мыңнан 60 мыңға дейін көбейді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1 маусымнан бастап мемлекеттік мекемелерде қызмет істейтіндердің жалақысы орта есеппен 30%-ға көбейді. Оған енді осы қосымшаға сәйкес 12,3 млрд теңге бөлініп отыр, – деді Б.Сапарбаев. Оның айтуынша, Президент жүктеген негізгі міндеттердің бірі − кәсіпкерлікті дамыту. Соған сәйкес қазіргі таңда бөлінген гранттар мен микрокредиттер үшін қосымша 32 млрд теңге қарастырылған.
− Бұл қаржы шамамен 30 мың адамды қамтиды. Одан бөлек, «Жас кәсіпкер», «Жас маман» жобалары бойынша осы 3 жылдың ішінде экономикаға қажет деген 100 мамандық бойынша ең кем дегенде 200 мың адамды оқытуымыз керек. «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша осы уақытта кем дегенде 60 мың адам оқытылды. Қазіргі таңда берілген қаржыға қосымша 16,8 млрд теңге бөлінеді. Сол кезде оқитындардың саны екі есеге көбейеді. Олардың 70%-ы жастар, – деді министр.
Жиында белгілі болғандай, көп балалы отбасылардың балаларына берілетін 5 мың гранттың конкурсы 5-10 тамыз аралығында өтеді. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 5 мың грант көп балалы және әлеуметтік көмек алатын отбасыдан шыққан балаларға тағайындалатынын айтты.
− Грант қаражаты трансферт арқылы жергілікті әкімдіктерге беріледі. Олар өздерінің қажеттілігін ескере отырып, нақты мамандықтар тізбесін анықтап, конкурстық комиссия құрып, конкурс жүргізіп, грант береді. Жалпы, бұл тетік бүгінгі күні бар, заңнамаға енгізілген, – деді министр. Оның айтуынша, конкурсқа қатысу үшін талапкер нысаналы топқа жатуымен қатар, Ұлттық бірыңғай тестінің шекті балын жинауы қажет.
Тақырыпты қорытындылау барысында Премьер-Министр Асқар Мамин қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру ел Үкіметі жұмысының негізгі бағыты екенін айтты.
– Министрлер кабинетінің бірінші кезектегі міндеті – әлеуметтік қолдау шараларын іске асыруға бірден кірісу, оларды уақтылы орындау үшін барлық ұйымдастыру және құқықтық іс-шараларды шұғыл жүргізу. Бұл азаматтардың материалдық әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді, – деді Премьер-Министр. Үкімет басшысы мемлекеттік органдарға бір апта ішінде азаматтардың борыш жүктемесін азайтуға бөлінген қаражатты пайдалану тетіктерін айқындауды, азаматтардың кепілсіз тұтынушылық несиелері бойынша жинақталған айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығаруды тапсырды.
Сонымен қатар Премьер-Министр жұмысқа орналасуға мұқтаж адамдарды іздеу мен бос жұмыс орындарын толтырудың белсенді форматына көшу арқылы Халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын жетілдіруді тапсырды. Тұрғын үймен қамтамасыз ету бағыты бойынша мемлекеттік органдарға жұмыс істейтін жастар арасында тұрғын үй бөлу тетігін бекітуді аяқтауды және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдікпен несие беру тетігін іске қосуды жеделдету тапсырылды.
− 1 қыркүйектен бастап тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардан шыққан балаларға 5 мың нысаналы білім гранты қосымша бөлінеді, жұмысшы мамандықтарының стипендиясы 30 пайызға артады, – деген А.Мамин осы гранттарды беруді қамтамасыз етуді тапсырды. Барлық өңірлердің әкімдеріне бүкіл нормативтік рәсімдерді қатаң сақтау, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға мониторинг жүргізу тапсырылды.
− Қабылданып жатқан шаралар ең алдымен нақты мұқтаж азаматтарды қолдауға, оның ішінде жастарды қолдауға, сондай-ақ адамдарды жұмыспен қамтуға бағытталған, – деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар тұрғындарды нәтижелі жұмыспен қамту шараларын күшейту үшін Премьер-Министр Атырау, Жамбыл, Алматы, Ақтөбе және Түркістан облыстарының оң тәжірибесін ескеруді, тұрғындардың табысын арттыру үшін өңірлердің скринингін іске асыру жоспарын және әдістемесін әзірлеуді тапсырды.